GE Transportation ҚТЖ-ның "Трансмашхолдинг"-пен ортақ кәсіпорындағы орнын басты

1899

GE Transportation ҚТЖ-дан ортақ кәсіпорынның 50% акциясын сатып алды.

GE Transportation ҚТЖ-ның "Трансмашхолдинг"-пен ортақ кәсіпорындағы орнын басты

General Electric Transportation "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-дан (ҚТЖ) "Локомотив құрастыру зауыты" АҚ акциясының 50%-ын сатып алу жөнінде келісімге келді, деп мәлімдеді GE Transportation баспасөз қызметі.

"Аймақтардағы тауар айналымының ұлғаюына байланысты Қазақстанның экономикалық қуатына демеу беріп, темір жолдарды дамытудың стратегиялық маңызы бар. "ЛҚЗ" АҚ акциясын сатып алу жөніндегі мәміле Қазақстанның заман талабына сай және берік теміржол инфрақұрылымын қалыптастырудағы  GE мен ҚТЖ-ның ортақ жұмысындағы маңызды қадам", – деп баса айтты GE Transportation президенті және бас атқарушы директоры Джейми Миллер.

"Біз GE Transportation-мен он жылдан астам уақыт табысты қызмет етіп келеміз. Осы уақытта Evolution сериясының заман талабына сай 300-ден астам локомотив жасалып шығарылды, олар Қазақстан мен таяу шығыс елдерінің темір жолдарында кеңінен пайдаланылып жүр", – деп мәлімдеді ҚТЖ президенті Қанат Алпысбаев.

ЛҚЗ 2009 жылы ҚТЖ(50%) мен ресейлік "Трансмашхолдинг" ЖАҚ-тың (50%) ортақ кәсіпорны ретінде құрылды. Зауыт Қазақстан мен ТМД елдеріне Evolution сериясының жүк және жолаушылар локомотивтерін жасап шығарады. 2009 жылдың 7 желтоқсанында Қазақстанда құрастырылған Evolution сериясының бесінші буыны – бір секциялы ТЭ33А тепловозы таныстырылды. Зауыттың жобалық қуаты жылына 100 жүк локомотивін құрастыруға қауқарлы. "ЛҚЗ" АҚ 2012 жылдың мамыр айынан бастап толық қуатпен айына 8 тепловоздан шығара бастады. 

ҚТЖ – Қазақстан магистральді темір жол торабының операторы, ол "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ құрамына кіреді. Компанияның қызмет көрсету аясы – жүк және жолаушылар тасымалы, логистика, телекоммуникация, инфрақұрылым, инвестициялық жобалар.

"Трансмашхолдинг" – РФ-дағы рельстік көліктің жылжымалы құрамасын шығаратын ірі зауыт. Оның кәсіпорындары Санкт-Петербор, Брянск, Пенза, Тверь, Мәскеу, Ростов және Саратов областарында, сонымен қатар Украина мен Қазақстанда орналасқан.  ТМХ бас компаниясының 33%-ға жуық акциясы франциялық Alstom концерніне тиесілі, ал қалған акциялар Ескендір Махмұдов пен Андрей Бокаревтің, сондай-ақ "Трансгрупп" құрылымының меншігінде.

Аскар Чокин, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу