Геннадий Головкин көре алмағандарға мән бермейді

2610

Геннадий Головкин 2017 жылдың 18 наурызында Дэниел Джейкобспен Нью-Йоркте рингке шығуға тиіс.

Геннадий Головкин көре алмағандарға мән бермейді

Қазіргі таңда бізідің GGG-ді әлемде танымайтын адам жоқ шығар, оның әрбір жекпе-жегін қазақ елінің миллиондаған жанкүйерімен қоса төрткүл дүниенің әр түкпірінде де төрт ұйқысын бөліп, тағатсыздана күтетін жанкүйерлердің көптеп табылатыны сөзсіз.

Әрине, қазақ жерінен шыққан мұндай сүп-сүйкімді, байсалды, бірақ жұдырығы асау аттың күшіндей болатын, Сарыарқаның сары майын жеп өскен, маңдайында жұлдызы жарқырап тұрған боксшыны кім де болса жақсы көріп тұратыны белгілі. Алайда, көре алмайтындар да асып жығылады екен.

Әсіресе қайдағы бір айдалада жатқан деп, бірақ жер көлемі бойынша 9 орында тұрған Қазақ елін біліп тұрып мойындағысы келмейтін кейбір шетелдік, оның ішінде БАҚ-тар жарысып тұрып, бірінен бірі асып, не болса соны жазып жататыны жұмбақ емес.

Мәселен, төрт салмақ дәрежесінде әлемнің экс-чемпионы америкалық кіші-Рой Джонстың Р4Р (pound-for-pound немесе фунт фунт үшін) рейтингісінде әлемдік үздік боксшылардың өзіндік рейтингісін жариялаған түріне қарасаңыз, күлкіңді келтіреді. Әдейі намысқа тиіп отырғанын аңғару қиын емес. Оның өз болжамы бойынша, қазақтың батыры GGG мүлде бокс әлемінде жоқ секілді.

Р4Р  рейтингісінде 1а, 1b, 1c деп тиісінше орындар белгіленеді. 1-орынға, яғни 1а-ға Андре Уордты, ал Василий Ломаченкоға 1b-ны беріп отыр. Рой Джонстың ойынша, Ломаченкода әлі Уордтікіндей қарсылас болмаған және Уордпен жекпе-жегі басқаша өрбуі мүмкін еді деп, Сергей Ковалевқа 1с орнын беріп отыр.

Әрине, мұндай болжамды кім де болса да жасай алады. Біреудің қытығына тию оп-оңай нәрсе екені түсінікті. Дегенмен, кәсіби мамандар, осы бокстың қыр-сырын әбден зерттеп шыққан  азаматтар жетерлік. Олардың пікірі кімді болса да ойландыратыны айдан анық. Оның бірі, өзіміздің әйгілі американдық  әріптесіміз 24 сағат бойы бокс жаңалықтарын таратушы Аллан Фокс.

Оның да өз айтары бар және оның ойымен көпшілік маман санасатыны қуантады. Мәселен ол, украиндық Василий Ломаченкоға жұдырықтасу мәнерін Головкиннен үйрену керектігін айтып отыр. Оның техникасы да, стилі де әлі күнге әуесқой бокстан шыға алмай жүргенін байқатады. Сол себепті мен оны рейтингтің жоғары сатысына қоя алмаймын дейді.

Гена да әуесқой болды. Бірақ, бас бапкер Санчестің жетекшілігімен мүлде өзгеріп шыға келді. Қазір GGG-дің бойында кәсіпқой боксшыға тән барлық құрал бар, техника да, физикасы мен ой да бар нағыз шебер, – дейді Аллан Фокс.

Қарап тұрсақ, расында да бас бапкер американдық Абель Санчестің еңбегі сіңді деуге болады. Головкинді бабына мықтап келтіргені жасырын емес. Ол қазір әлемдегі ең атақты бапкер саналады.

Осы уақытта Санчес Мәскеуде жүр. Тағы бір шәкірті ресейлік Мурат Гассиевті 90,71 келі салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы, отандасы Денис Лебедевке қарсы жекпе-жекке дайындап жатыр. Бұл жұдырықтасу  желтоқсанның 3-і күні Мәскеудің Мегаспорт аренасында өтеді деп жоспарланыпты. Ал осының алдында Абель Санчес Денис Шафиковтың секунданты болады деген мәлімет бар. 2 желтоқсан күнгі ганалық Ричард Коммиге қарсы жекпе-жекте.

Міне, осылайша Абель Санчес өзінің білгірлігімен қыруар ақша тауып жатқан жөні бар. Шәкірттері де жетерлік. Алайда, бәрінің ішінде ол үшін ең бүйрегі бұрып тұратын шәкірті – қазақ жігіті Гена Головкин екенін жасырмайды.

Басқа десе десін, бірақ қандай рейтинг болмасын, біздің Гена әрқашан 1-орында тұратыны сөзсіз. Биыл Головкин рингке шықпайды, ал келесі жылы, бұйыртса, Нью-Йоркте америкалық Дэниел Джейкобсқа қарсы жекпе-жегін тамашалайтын боламыз. Бұл супер-жұдырықтасу наурыздың 18-іне жоспарланған.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу