Даңқ залына жаңа тұлғалар қосылатын салтанатты іс-шара 2026 жылдың 11–14 маусымында АҚШ-тың Нью-Йорк штатына қарасты Канастота қаласында өтеді.
2025 жылғы дауыс беруде Головкинмен бірге Вернон Форрест пен Стив Коллинс те үміткер болды. Сонымен қатар алдыңғы жылдары алғашқы талпыныстан өте алмаған бірнеше боксшы да тізімге енгізілген. Дауыс беруге АҚШ, Жапония, Англия, Канада, Аргентина, Аустралия, Нидерланды, Германия және Мексикадан келген журналистер мен бокс тарихшылары қатысқан.
IBHOF ұйымы 1990 жылдан бері жұмыс істейді. Даңқ залына алғаш рет Мұхаммед Әли енгізілген. Кейінгі жылдары Майк Тайсон (2011), Флойд Мейвезер (2021) және Мэнни Пакьяо (2025) Даңқ залының мүшесі атанды.
Геннадий Головкин рингке 350 мәрте шығып, 345 қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Ұзақ жылдар бойы ұлттық құраманың тірегі, көшбасшысы болған Головкин қазақ боксының әлемдік деңгейде танылуына зор үлес қосты.
Кәсіпқой рингке қадам басқан сәттен бастап-ақ, ол XXI ғасырдағы орта салмақтағы ең беделді чемпиондардың қатарынан көрінді. 45 жекпе-жектің 37-сін нокаутпен аяқтаған Головкин ұзақ уақыт бойы әлемдік рейтингінің шыңында тұрды. WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атақтарына ие болып, The Ring журналының әйгілі белбеуін иеленді. Оның есімі орта салмақтың абсолютті символына айналды.
Бүгінде Геннадий Головкин тек рингте ғана емес, басшылық қызметте де көшбасшысы. Ол Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетін және World Boxing федерациясын басқарады.