Геннадий Головкин ресми түрде World Boxing ұйымының президенті болып сайланды

145

Головкиннің алдында бұл қызметті нидерландылық Борис ван дер Ворст атқарған еді. 

Геннадий Головкин ресми түрде World Boxing ұйымының президенті болып сайланды

Геннадий Головкин сайлауда жалғыз кандидат болды. Рим қаласында өтіп жатқан Конгресс барысында оның кандидатурасы бірауыздан мақұлданды. Осылайша Головкин халықаралық спорт федерациясын басқаратын алғашқы қазақстандық атанды.

World Boxing 2023 жылы құрылды. Бұл ұйым көптеген елдердің IBA құрамынан шыққаннан кейін пайда болды. 2024 жылы Халықаралық олимпиада комитеті IBA-ны өз қатарынан толықтай шығарып, оның қызметін тоқтатты. Биыл World Boxing ХОК тарапынан ресми түрде мойындалды. Енді 2028 жылғы Олимпиада ойындарында бокстан өтетін іріктеу және негізгі жарыстарды ұйымдастыру міндеті осы ұйымға жүктелген.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап Геннадий Головкин World Boxing ұйымының олимпиадалық комиссиясын басқарды және ХОК-пен жүргізілген келіссөздерге белсенді қатысты.

Сайлау науқанына Головкин "Бокстың болашағын бірге құрамыз" атты бағдарламамен түсті. Оның негізгі бағыттары – спортшылардың мүддесін бірінші орынға қою, ашықтық пен адалдықты қамтамасыз ету, инновациялық технологияларды енгізу және ұйымның қаржылық тұрақтылығын арттыру.

Головкин боксшылар мен жаттықтырушыларға арналған академиялар құруды, тәуелсіз этика кеңесін қалыптастыруды, жыл сайын қаржылық есептерді жариялауды, төрешілік үдерісін жасанды интеллект арқылы бақылауды және олимпиадалық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр.

Головкин өз мәлімдемесінде бокстың олимпиадалық болашағын сақтау, сенім деңгейін нығайту және спортты дамытуға үлес қосатын спортшыларды, жаттықтырушыларды және ұлттық федерацияларды қолдау – негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу