Геннадий Головкин: "Сағатымның дизайні туған елімді еске түсіреді"

2090

Головкин үшін ең маңызды 10 зат.

Геннадий Головкин: "Сағатымның дизайні туған елімді еске түсіреді"

Орта салмақта IBF және IBO нұсқалары бойынша Әлем чемпионы Геннадий Головкин (40-1-1, 35 КО) танымал GQ журналының бейнешығарылымында қонақта болды.  

Бағдарламаның арнайы бөлімінде ол өзінің күнделікті өмірде пайдаланатын ең қажетті 10 затымен бөлісті. Олардың ішінде кофе, көзілдіріктен бөлек баланың арбасы да бар болып шықты.

№1. Кофе

"Кофені көп пайдаланамын. Күн сайын таңертең ұйқыдан ояна сала капучино ішемін. Себебі маған күш-қуат керек. Күндіз латте ішемін. Кофенің сүті көбірек болғанды ұнатамын. Түстен кейін және кешкі астан соң эспрессо ішемін".  

№2. Құлаққап

"Менде құлаққаптар өте көп. Оны жүгіргенде, суда жүзгенде, жаттығу барысында пайдаланамын. Көшеде серуендеп жүргенде музыка тыңдаймын. Құлаққаптар менің достарымдай болып кетті. Маған сымсыз түрі ұнайды. Әсіресе жол жүргенде көп пайдаланамын. 5-6 жылдан бері қолданып келемін. Фильм  көргенде, ұшақта отырғанда музыка тыңдағанда өте ыңғайлы".

№3. Рюкзак

"Рюкзакты күнде пайдаланамын. Себебі өзімнің және балаларымның заттары көп. Менің рюкзагымның шығарылымы шектеулі және Әлем бойынша оның небәрі 50 данасы ғана бар. Тағы бір ерекшелігі, оның дизайнері Қазақстаннан келген. Ол маған: "Джи, рюкзакқа байланысты менде бір қызықты ой бар", - деді.Сапасы өте жақсы әрі ыңғайлы. Оны күнде пайдаланамын".

№4. Қалпақ

"Менде шамамен 100 данасы бар. Әр түрлі түстерді жақсы көремін. Міне, бұл менің ақ қалпағым - жазға арналған. Jordan брендінің спорттық қалпағы да бар. Менің достарымның арасында жастар көп. Олардың айтуынша: "Егер сенде Jordan брендінің қалпағы жоқ болса, онда сен қатарластарыңнан қалып қойғансың". Бас киімді күнделікті пайдаланамын. Ұлым әр демалыс күндері хоккейге барады. Мен ол үшін таңғы бесте оянамын. Ал ойын 7-де басталады. Шашымды дұрыстауға уақыт жоқ. Кейде аренада салқын болады. Осындай сәттерде бас киімімді кие саламын және өзімді жайлы сезінемін".

№5. Күннен қорғайтын көзілдірік

"Менде қанша күннен қорғайтын көзілдірік бар екенін нақты білмеймін. Шамамен 25 дана шығар. Әр түрлі стильдегі түрлі брендтер. Міне, менің жүгіруге арналған спорттық көзілдірігім. Мыналар күнделікті өмірге арналған. Білесіз бе, қара футболка, қара көзілдірік кигенде мен өзімді өте жайлы сезінемін".

№6. Әмиян. Ішінде GGG деген жазуы бар

"Менің әмияным. Құжаттар, визиткалар, жүргізуші куәлігі, қолма-қол ақша. Бұл әмиянды маған досым сыйға тартқан. Бір-екі жыл бұрын ол: "Джи, менің саған арнаған сыйлығым бар", - деді. Енді бұл әмиян да әрқашан менімен".

№7. Сағат

"Бұл Hublot сағаты. Дизайнін өзім жасадым. Арнайы тапсырыспен жасалған шығарылым. Екі ай бойы біз дизайн бойынша жұмыс жасадық - GGG жазуы, бокс қолғабы. Көк және сары түстер - бұл менің туған елімді еске түсіретін, Қазақстанның ұлттық бояулары. Түсі тым жарқын емес, кішкене алтын түстес. Өте ауыр емес, шағын ғана".

№8. Қойындәптер мен қалам

"Ескі әдет бойынша қойындәптер пен қалам қолданамын. Қазір көпшілігі жоғары технологияларды – ұялы телефондарды, ноутбуктерді пайдаланады. Бұл сол заттарға қосымша. Егер сізге бірдеңе керек болса немесе кенеттен тамаша ойлар келсе қажет болады. Кейде адамдар менен қолтаңба сұрайды. Сондай уақытта мен еш қиыналмаймын - қолымда қалам да, қойындәптер де бар. Қаламым қымбат. Бұл да сыйлық. Шамамен жеті жыл бұрын бір досым берген. Ол: "Бұл жақсы қалам, сен сәнді болып жүруің керек", - деді. Мен жақсы дедім. Ол әлі күнге дейін менімен бірге".

№9. Күннен қорғайтын крем

"Лос-Анджелесте күн ыстық. Маған шамадан тыс қорғаныс қажет. Бұл маған күнделікті қажет зат. Күнде пайдаланамын. Бірақ, қандай ерекшелі бар екенін білмедім. Оны жұбайым біледі".

№10. Балаларға арналған орындық

"Соңғы екі жылда бұл мен үшін өте маңызды нәрсе. Егер мен дайындықта болмасам, жаттығу жұмыстары болмаса, мен оны күнделікті өмірімде қолданамын. Егер бір жерге шықсам, балаларымды өзіммен бірге алып жүремін. Бұл балалардың орындығы. Маған да, жұбайыма да оңай болады. Көлікке отырғанда арбаны орындық сияқты жинақтауға болады. Өте оңай. Соңғы екі жылда бұл заттар күн сайын менімен бірге".

"Менің заттарым Сіздерге ұнаған шығар деп ойлаймын", - деді сұхбат соңында GGG.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу