Геосаяси текетірес мұнайға оң әсер етіп отыр

10884

Мұнайдың қымбаттағанына қарамастан, теңге әлсіреп барады.

Геосаяси текетірес мұнайға оң әсер етіп отыр

Нұр-Сұлтан уақытымен сәрсенбі күні күндізгі сағат 14:00-де Брент маркалы мұнай бағасы барреліне 65,25 АҚШ долларына саудаланды.

Өткен апта 62-64 доллар айналасында болған қара алтынның күрт қымбаттауына екі фактор әсер еткен.

АҚШ қоры азайып кетті

Біріншіден, АҚШ мұнай институтының мәліметінше, сейсенбі күні елдің мұнай қоры бір аптада 8,1 млн баррельге азайып 461,4 млн баррельге түсті. Сарапшылар мұның алдында мұнай қоры 3,1 млн баррельге ғана азаяды деп болжаған еді.

Жалпы, АҚШ мұнай қоры осымен төртінші апта қатарынан азайып келеді. Оның себебі жаһандық сауда қақтығыстары екені анық.  Дегенмен  АҚШ Энергетика ақпараты басқармасының мәліметінше, 2019 жылғы орташа көрсеткіш бойынша тәуліктік мұнай өндірісі былтырғы 10,96 млн баррельден биыл 12,36 млн баррельге көбеймек.

Британияның Иранды айыптауы

Мұнай бағасының қымбаттауына әсер еткен екінші фактор Таяу Шығыстағы жағдай. Ақпарат құралдарының мәліметінше, British Petroleum компаниясы Иранның Басра портына бағыт алған British Heritage танкерін кері бұрып әкеткен. Оның себебі Британия бірер күн бұрын Иранның танкерін Гибралтар маңында ұстап алған еді, парсы соны қайтару үшін Британия танкерін ұстап алады деген қауіп болған. Британия Иранның танкерін ұстап алғанда оны Сирияға заңсыз мұнай тасымалдап жатыр деп айыптаған.

Ал өткен апта соңында АҚШ президенті Дональд Трамп уранды байытуда сақ болу керек екенін айтып Тегеранға ескерту жасаған. Дегенмен, әзірге әскер араластырмайтынын айтып отыр.

Жаһандық сұраныс азайды

Бұдан бөлек сауда қақтығыстары да мұнайға деген сұранысты төмендетіп тастады. Бұл қара алтын құнын арзандататын фактор болғанымен, жаһандық саудаға қарағанда мұнай бағасына геосаяси қақтығыстардың ықпалы күшті болып тұр.

Айта кетейік, осы аптада АҚШ пен Қытай делегациясы өзара сауда келіссөздері бойынша келесі келіссөздерді талқылау үшін телефонмен сөйлеседі деп күтіліп отыр.

Теңгеге әсер етер емес

Мұнай бағасының шілденің басынан бергі максимумға қымбаттағанына қарамастан доллардың теңгеге шаққандағы құны осы апта қайта көтеріліп, бұрынғы 384-тен асып кетті.

Мұнайдың қымбаттауына қарамастан теңгенің әлсіреуі бірінші кезекте таяуда шыққан Ұлттық банктің мәліметіне байланысты болса керек. Ұлттық банк кеше елдегі алтынвалюта резерві мен Ұлттық қордағы қаражаттың айтарлықтай азайып кеткенін хабарлаған еді.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу