Гептил кезінде үндемедік, КТК-ға келгенде Ресейдің экологияны сылтау еткені жараспайды – Расул Рысмамбетов

7017

Қазақстанның белгілі экономисті Расул Рысмамбетовтың Каспий құбыры концорциумындағы мәселелерге байланысты пікірін оқып көрелік. Қаржы сарапшысы Ресей тарапы КТК мәселесін бір аптаның ішінде шешеді деп есептейді. Әйтпегенде, Қазақстан мұнай экспортын әртараптандыруға бар күшін салып, КТК құбырлары түбінде ешкімге керек болмай қалуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Гептил кезінде үндемедік, КТК-ға келгенде Ресейдің экологияны сылтау еткені жараспайды – Расул Рысмамбетов

Қазақстан бір кезде Ресейге түсіністікпен қараған

Экономист бұл туралы "Популярная политика" ютуб-арнасына берген сұхбатында толық айтып беріпті. Журналист сарапшыдан алдымен "осынау жағдаяттардың бәрін қалай көріп отырсыз. КҚК-ның жабылуы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Ресейдің экономикасына ықпалы қандай?" деп сұрақ қояды.

"КҚК – біздің бірлескен жобамыз. Бұл жерде үш тарап бар. Сол себепті КТК-ның жабылуын бірден бір оқпен үш аяққа дәл тигізу деп түсінуге болады. Бұл жағдайдан үрейлі ештеңе көріп тұрған жоқпын. Қазір Ресейдің Қазақстан импортындағы үлесі  (тауар айналымы) 42%. Соғысқа және логистикалық қиындықтарға байланысты таяуда ғана ол 39%-ға төмендеді. Қазақстан керек-жарақтың 50%-ын Ресейден сатып алып отыр. Импорт! Сондықтан КҚК-ның тоқтауы біздің бизнес үшін керемет себеп. Яғни экспорттық және импорттық бағдарларды әртараптандыру мәселесіне шындап бас қатыру керек болады", – дейді ол.

Сарапшының сөзіне қарағанда, КҚК шынында да Қара теңіздің экологиясына қатты шығын келтіре ме, жоқ па – айту қиын. Осыған дейін КҚК құбырлары істен шыққан кезде Расул Рысмамбетовтың инсайдерлері оған шынында да құбырдың істен шыққанын растаған. Бірнеше ай бұрын! Ал дәл қазір не болып жатқанын түсінбеймін дейді ол.

"Қазақстанда Ресейдің қаншама жобасы бар. Ресейде Қазақстанның қаншама жобасы бар. Байқоңырға дейін. Естеріңізде болса, улы отыннан протондар, гептилімен қазақ даласына құлаған кезде Қазақстан билігі сол экологиялық қауіпке түсіністікпен қараған. Менің ойымша, өзара түсіністік қағидаты сақталуы керек", – деп ескертеді экономист.

Экология – саясаткерлердің қаруына айналған

Расул Рысмамбетов Каспий құбыры концорциумының тоқтауы Қазақстан мұнайының экспортын 70%-ға дейін азайтатынын атап өтті. Яғни Қазақстанға тек Қытай маршруты қалады. Алайда қазір Қазақстан билігі Баку-Тбилиси-Жейхан бағдарын қарастырып жатыр. Егер Иран арқылы тасымал келісілсе, онда мұнай экспортын әртараптандыруға қол жеткізілмек.

"Соған қарамастан КҚК проблемасы бір аптадан аз уақыт ішінде шешілуі тиіс. Мен ең алдымен қазір саясат жағын ойлап отырмын. Өйткені ешкім қазір ешкіммен қарым-қатынасты бұзғысы келіп отырған жоқ. Санкцияның аты санкция. Ресейде орыс тілінің не екенін ұмытып қалатынына қапаланамын. Санкцияны сақтауды – санкцияларға қосылу деп ұғатындар көп екен. Бұл екі түрлі нәрсе. Сол себепті меніңше, мәселе тез арада шешіледі. Экология деген басқа салалар секілді саясаткерлердің қызметіндегі құралға айналып кеткен. Ресейде ғана емес. Сол себепті мен КҚК 90 күн жабық болады дегенге сенбеймін. Егер мерзім ұзарып кетсе, біз экспорттық бағдарды әртараптандыруға жігерлене түсеміз", – дейді ол.

Экономист қазіргі жағдайға қолда бар ақпараттар арқылы баға беріп отыр.

"Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстанған кезде білуімше, БҰҰ Жарғысына, халықаралық келісімдерге сүйенеді. Қазақстанда маневр жасайтындай алаң әзірге көп емес. Алайда өз басым КҚК-дағы қиындықтарды жөн деп қабылдаймын. Өйткені көзбояушылықты қойып, ендігі кезекте жұмысты дұрыс жүргізу керек. Себебі мәселе соғыста немесе санкцияларда емес", –дейді сарапшы.

Ресейлік импорттың үлесін азайту керек!

Расул Рысмамбетов портфельді қараған кезде кез келген мемлекетке, Ресей немесе Қытай болсын, тіпті Қазақстанға бауырлас Өзбекстан болсын импорттың немесе экспорттың тәуелділігін 40% көрсеткішпен байлау деген сауатты позиция емес екенін айтады. 10-15% – кез келген елдің үлесі осынша ғана болуы тиіс. Мәселен, Ресей мен Германияның арасындағы сауда айналымын қарасақ, Германияның Ресейдің сыртқы сауда айналымындағы үлесі бар-жоғы 7%. Ресей сауда айналымы 10%-дан асатын бірден-бір мемлекет ол – Қытай (17%). Ал Қазақстан импортының 42%-ы Ресейге тәуелді.

"КҚК-дан басқа Ресейдің Қазақстанға ықпал ететін ірі тетігі бар ма?" деген сұраққа экономист "бәлкім, бар, тіпті аз емес" дейді.

"Шынымды айтсам, әңгіменің оған жетпегеніне ризамын. Олар туралы тіпті сөз қозғағым да келмейді. Әйтпесе, қазір айтсақ, жақсы емес. Еуропаға Қазақстан тауарларының көп түрі Ресей арқылы барады. Көмір, фосфор бәрін алып қараңыз. Осының бәрі күндердің күнінде толық жабылып қалады деуге болмайды. Ресей Қазақстанға ол жолдың бәрін жабады дегенге сенбеймін. Толық жаба алмайды. Бұл логикаға сыймайды әрі Ресейдің өзіне айналып келгенде тиімді болмай шығады. Әлбетте, Қазақстанға да. Сол себепті КҚК мәселесі бір аптаның ішінде шешіледі деп ойлаймын", – деп сөзін аяқтады Расул Рысмамбетов.

Еске сала кетсек осыдан бірнеше күн бұрын Новороссийскінің Приморский аудандық соты "экологиялық заңбұзушылықтарға" байланысты Каспий құбыр консорциумының қызметін тоқтатып тастаған. Консорциум қызметі 5 шілдеден бастап 30 тәулікке тоқтайды. Сол күні үкімет басшысы Әлихан Смайылов Каспий құбыр консорциумы қызметінің уақытша тоқтап қалуына байланысты жедел кеңес өткізген. Мұнай экспортын әртараптандыруды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назарда ұстап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу