Германия Қазақ елін қимайтын неміс пен атақонысына көшкен немісті ажыратпауға мүдделі

3842

Қазақстанда тұрақтаған этникалық немістер мәселесі бойынша Қазақстан-Германия үкіметаралық комиссиясының отырысы Астанада өтті.

Германия Қазақ елін қимайтын неміс пен атақонысына көшкен немісті ажыратпауға мүдделі

11 шілдеде Астанада Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен қоныс аударғандар мен саны аз ұлттар ісі жөніндегі федералдық үкіметтің уәкілі, ГФР бундестагының депутаты Хартмут Кошиктің төрағалық етуімен Қазақстанда тұрақтаған этникалық немістер мәселесі жөнінде үкіметаралық комиссияның 15-отырысы өтті.

ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі атап өткендей, Қазақстанның дипломаты өз сөзінде қазақ жерінде тұрақтаған этникалық немістер мәселесі бойынша біздің елдердің екіжақты ынтымақтастығына Астанада үлкен мән берілетінін баса айтты.

"Бұл мәселе біздің өзара қарым-қатынас жасауымыздың маңызды бөлшегі болып табылады және солай қала бермек. Оның айтуынша, 1990 жылдары құрылған комиссияның жұмысы сәтті болып, Қазақстандағы немістердің жағдайына қатысты өзекті мәселелерді шешіп келді және қазіргі уақытта да өз миссиясын жемісті жүзеге асырып отыр", – делінген баспасөз баянында.

Роман Василенко бұл отырыс ерекше кезеңде – Қазақстан мен Германияның арасында дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығы және Германияның федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Германияның ұлттық күніне қатысу үшін Астанаға ресми сапарының қарсаңында өтіп жатқанына тоқталды.

Өз кезегінде Хартмут Кошик неміс диаспорасына көрсетіліп жатқан қолдау үшін Қазақстан үкіметіне алғысын жеткізді, сондай-ақ Германия Қазақстанда тұратын этникалық немістер және бұрындары республикадан көшіп кетіп, Германияда тұрып жатқан немістер арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалуға және оны одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

Отырыс барысында қатысушылар ҚР мен ГФР мемлекеттік органдарының, "Возрождение" атты Қазақстандағы немістердің қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының (ҚНҚБҚ) 2016-2017 жылдары Қазақстанның этникалық немістерін қолдау жөніндегі шараларды іске асыру туралы есептерін тыңдады. "Возрождение" ҚНҚБҚ-ның Қазақстандағы неміс жастарына қолдау көрсету және ҚР білім беру жүйесінде неміс тілін тарату жөнінде атқарған жұмысына жеке көңіл аударылды", – деп хабарлады СІМ.

Іс-шараның қорытындысы бойынша комиссияның тең төрағалары коммюникеге қол қойды. Аталған құжатта отырыстың қорытындысы шығарылып, бірлескен жұмыстың одан арғы жоспарлары айқындалды.

Комиссияны өткізу қарсаңында германдық делегация Павлодар қаласына барып, "Возрождение" ҚНҚБҚ-ның облыстық өкілдігінде болып, неміс қауымымен кездесті.

Айта кетсек, 9-13 шілде аралығында Астанада Қазақстан-Германия апталығы өтіп жатыр. Оның шеңберінде Қазақстан Республикасында тұратын этникалық немістер мәселелері жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысынан басқа 10-11 шілдеде Берлин еуразиялық клубының және стратегиялық және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңестің кезекті отырыстары өтті.

12 шілдеде Франк-Вальтер Штайнмайердің ресми сапары және ЭКСПО-2017 көрмесінде Германия ұлттық павильонының ашылу салтанаты, 12-13 шілдеде "Германия энергетикалық диалогы" атты экономикалық форум, ал 13 шілдеде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтпек.

Әйгерім Сүлейменова, Асқар Чокин

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу