Германия Президенті Батыс елдері басшыларының ішінде Маңғыстауға бірінші болып барғалы отыр

1255

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді. 

Германия Президенті Батыс елдері басшыларының ішінде Маңғыстауға бірінші болып барғалы отыр Фото: akorda.kz

Германия Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Батыс елдері басшыларының ішінде Маңғыстау облысына бірінші болып барғалы отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

Қазақстан Президенті көлік-логистика байланысын күшейтудің маңызына тоқталды. 

"Бүгінде "Орта дәліз" деп аталатын Транкаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып келе жатыр. Біз мұны кездесу барысында ерекше атап өттік. "Орта дәліздің" негізгі бөлігі Маңғыстау облысы арқылы өтеді. Штайнмайер мырза Батыс елдері басшыларының ішінде осы өңірге бірінші болып барғалы отыр. Біз көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту қажеттігіне баса назар аудардық. Бұл саланың келешегі зор. Қазір Еуропа одағында Global Gateway стратегиясы жүзеге асып жатыр. Соның аясында қолға алынған бастамаларға Қазақстан жобаларын енгізу мәселесін талқыладық. Біз жасыл энергетика, аса маңызды шикізат, арнайы экономикалық аймақ, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қаржы және басқа саладағы байланыстарды нығайту жолдарын қарастырдық", - деді Президент Ақордада өткен баспасөз мәслихатында.

Бұл бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мол мүмкіндік бар, деп жалғастырды ол. 

Мемлекет басшысы Германияның Федералды Президентімен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту мәселесі бойынша пікір алмасқанын да айтты.

"Келесі мәселе – халықаралық күн тәртібі. Әлемдегі түрлі саяси, экономикалық шиеленістер елімізді алаңдатып отыр. Әрине, барлық түйткіл халықтардың, болашақ ұрпақтың игілігі үшін бейбіт жолмен шешілуге тиіс. Өздеріңізге мәлім, бұған дейін Қазақстан дауласқан тараптарды бітімге шақырды. Оларға келіссөз жүргізу үшін бейтарап алаң ұсынды. Еліміз дауларды дипломатиялық жолмен шешу ісіне белсене атсалысуға дайын", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Штайнмайер мырзамен келіссөздер нәтижелі болғанын атап өтті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу