Германияда аптап ыстықтан 5 мыңнан аса адам көз жұмған болуы мүмкін

Мұндай сұмдық бағалауды Роберт Кох институты (RKI) жариялап отыр.  

Германияда аптап ыстықтан 5 мыңнан аса адам көз жұмған болуы мүмкін Фото: Blooomberg/Reuters

Институттың статистикалық моделіне сай, өлім жағдайларының басым бөлігі маусым айына тиесілі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, Германияда жаз басталғалы бері аптап ыстық салдарынан шамамен 5 мыңнан астам адам қайтыс болған.

Аптап ыстықтың ең ауыр зардабын 85 жастан асқан қарттар тартты деуге негіз бар. Сарапшылардың есебінше, болжамды өлім жағдайларының 2950-і осы жас санатына тиесілі. Бұл – биылғы жаздағы ыстыққа байланысты болуы мүмкін өлім-жітімнің жартысынан астамы.

RKI мамандары экстремалды ыстықтың салдары бұдан да ауыр болуы ықтимал екенін ескертеді. Себебі, жоғары температураның адам денсаулығына әсері кей жағдайда бірнеше күн немесе аптадан кейін байқалады. Қазіргі есептер 28 маусымға дейінгі кезеңді ғана қамтиды.

Метеорологтардың мәліметінше, 22-28 маусым аралығы Германияда 1992 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан бақылаулар тарихындағы ең ыстық апта болған.

Германияның метеорологиялық қызметінің сарапшысы Штефан Мутерстің сөзінше, маусым айының соңындағы мұндай аномальды ыстық климаттық тұрғыдан сирек кездеседі.

– Ерекшелігі сол, аптап ыстық елдің жекелеген аймақтарын ғана емес, бүкіл Германия аумағын қамтыды, – деді маман.

Жаза кеткен жөн, 2018 жылы Роберт Кох институты аптап ыстықпен байланысты 8400 өлім жағдайын тіркеген болатын. Биыл бұл антирекорд жаңара ма, жоқ па, оны тамыз айындағы күн райы көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу