GGG қазақ боксына қандай пайда әкелді?

2782

Головкин кәсіпқой боксшы болғандықтан тек қана қаржыға бағынатыны рас па?

GGG қазақ боксына қандай пайда әкелді?

Ең алдымен Геннадий Головкинге деген қазақ жанкүйерлерінің ойын саралап көрсек. Фанаттар үшін Генаның Қазақстанда бокс өткізгені қызық болар еді. Ең алдымен даңқты боксшының бокстасуын тірі көзбен көру бақыты бұйырар еді. Ондай сұраныс бар екені бесенеден белгілі. Бірақ, Головкиннің ешбір кездесуі қазақ даласында өткен жоқ. Көп жылдар бойы кәсіпқой бокста тер төккен саңлақтың тек қана сыртта жүруінің себебі неде?

Қарапайым жанкүйер Геннадий Головкиннің Қазақстан аумағында бірде-бір бокс кешінің өткізбеуіне таңқалуы заңды құбылыс. Осы жерде түсіндірме жұмыстарын жүргізе кетейік. Мысалы, Головкиннің Америка Құрама Штаттарында, Монакода, Жапонияда, Еуропада бокстасуы медиа-нарықтың талабы екені анық. Риота Муратамен Қазақстанда емес, Жапонияда кездесуінің сыры неде? Ең алдымен дәл сол медиа-нарық қатты әсерін береді. Өкінішке қарай Қазақстанда ақылы телекөрсетілім, миллиардтаған аудиториясы бар телеарна, қомақты қаржы бөлетін жарнама агенттіктері жоқ. Ал Жапонияда ол бар. Жекпе-жек өтетін локацияда телеөнім тудыратын брод-каст компанияның сапалы жұмысы ауадай қажет. Ал Қазақстанда сол брод-каст компания бұрын соңды болмаған.

Қазақ телевизиясы шоу-бизнес, гала-концерт секілді өнімдерді ғана продукциялады. Спорттық іс-шарларды әлемдік хабар таратушы арналардан көрсету мүмкіндігі өте аз. Кәсіпқой бокста барлығы қаржыға келіп тіреледі. Тағы бір маңызды фактор жарнаманың жоқтығы. Миллиондаған еуро көлемінде жарнама беретін агенттіктер Қазақстан аумағында некен-саяқ, тіпті жоқтың қасы. Осындай бірнеше  маңызды жағдайлардың Қазақстанда жоқтығының салдарынан Геннадий Головкиннің промоутерлік компаниясы елімізде бокс кешін өткізуден бас тартып келді. Бұл жерде патриоттық сезім, Ұлттық рух, отандық жанкүйерлердің тілін табу деген ойлар мүлде болған жоқ. Головкинннің промоутерік ұжымы тек қана қаржылық мәселерді алға тартады. Ақшаға құныққаны сонша, 16 жылда қазақстандық боксшы елімізде бокс кешін өткізбеді.

Екінші мәселе Геннадий Головкиннің Қазақстан кәсіпқой боксына берген пайдасы туралы болмақ. Әлемдік баспасөз Головкин Қазақсан азаматы болғандықтан оның ізін жалғап, көптеген жас дарынды боксшылар шығып жатыр, - деп жазады. Ал шынтуайтына келгенде Садриддин Ахметов, Бобыржан Момынов, Мейірім Нұрсұлтанұлы, Айдос Ербосынұлы секілді боксшылар Гена қатысқан Big Drama Show-дың андеркардына ешқашан қатысқан емес. Құрлық асып, қазақтың көк туын желбіретіп жүрген боксшылардың ешқайсысы да Головкиннің шапағытын көрген емес. Осыдан кейін Геннадиді қазақ боксына еңбегі сіңген тұлға деп кім айтады?

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу