GGG – боксшының атын шығарудың құралына айналды

2050

Геннадий Головкинмен жұдырықтасқанның өзі бір бақыт.

GGG – боксшының атын шығарудың құралына айналды

Ең бастысы онымен рингке шығу, ал ар жағы таяқ жесең де атың әлемге танылады және сол үшін қыруар табыс табасың. Бірақ жүрек жұтқан ғана ондайға баратыны түсінікті. Солардың бірі британиялық 30 жасар кәсіпқой боксшы Келл Брук. Ол 2009-2010 жылдардағы Ұлыбритания чемпионы, 2014-2016 жылдардың IBF дәрежесіндегі әлем чемпионы атанған мықтылардың бірі саналады.

Алайда 10 қыркүйек күні Англия астанасы Лондонда Геннадий Головкин бұл жігітті отандастары алдында жерге қаратып кеткенін әлі ешкім де ұмыта қоймады. Неге десеңіз дәл осы жекпе-жек K2 Promotions компаниясының қорытындысында 2016 жылдың ең үздік жекпе-жегі саналып отыр.

Осы жекпе-жектің билеттері саудаға шығарылған күні-ақ 11 минутының ішінде 19 мыңнан аса билет сатылып, рекорд жасаған. Айта кету керек бұл GGG-дің Англиядағы алғашқы кездесуі болатын.

Жекпе-жек бесінші раунда-ақ тоқтатылды. Бруктың секунданты рингке орамалды тастауға мәжбүр болғаны әлі есімізде. Кейін Бруктың өзі мойындағанындай Головкин 2-раундта оның көзін ағытып жібере жаздаған. Сол себепті оған ота жасалған екен.

Ал Головкин кәсіпқой карьерасында 36 рет рингке шығып, 36-жеңісін тойлады, 33 қарсыласын нокаутпен ұтты. Сонымен қатар оның үздіксіз нокауттар саны 23-ке жетіп, орта салмақтағы боксшылар арасында тарихтағы ең үздік нокаутшы атанды.

Бапкерлер арасынан осымен екінші жыл қатарынан Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес ең үздік деп танылды. Оның қол астында Головкинмен қатар Мурат Гассиев (24−0−0, 17 KO), Денис Шафиков (38−2−1, 20 KO), Энди Руис (29−1−0, 19 KO), Алекс Сауседо (23−0−0, 14 KO) және Константин Пономарев (31−0−0, 13 KО) жаттығып жүргенін айта кету керек.

"Жыл боксшысы" атағы никарагуалық Роман Гонсалеске бұйырды, ал оның Карлос Куадроспен өткізген жекпе-жегі 2016 жылғы промоушеннің үздігі атанды.

Тағы бір айта кетерлігі Головкин мен Брук жекпе-жегі Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBC) шешімімен "Жыл оқиғасы" деп танылды. Сонымен қатар осы ұйым (WBC) GGG-ді "Мерейі ең үстем боксшы" деген арнайы сыйлықпен марапаттады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу