Гидроқұрылысқа кеткен ақшаны ұрлаған күдіктілер әлі тұтқындалмады

1271

Бүгінде 4 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

Гидроқұрылысқа кеткен ақшаны ұрлаған күдіктілер әлі тұтқындалмады Фото: egemen.kz

Күні кеше қарғын сумен күреске бөлінген 1 млрд теңгенің қолды болғаны белгілі болды. Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мәжіліс кулуарында осы мәселеге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жеңіс Елемесов гидрологиялық нысандарды салуға бөлінген бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын айтты. Сөзінше, бүгінгі таңда 4 қылмыстық іс қозғалды. 

"Қылмыстық істің дені бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша қозғалды. Бір факт дамбыға заңсыз қызмет көрсетуге қатысты. Жалпы 1 млрд теңге бюджет қаржысы ұрланған. Бұл қаражат гидрологиялық нысандарды күтіп-ұстауға осыған дейін бөлінген. Енді бөлінген 140 млрд теңгеге қатысты емес", - деді ол.

Қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгендер қатарында тендер алған кәсіпкерлер бар мен құжатқа қол қойған лауазымды тұлғалар бар. ҚМА өкілі осы қылмыстық істер бойынша әлі ешкім тұтқындалмағанын жеткізді. Сәйкесінше күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмаған.

"Бүгінде қылмыстық іс қана тіркелді, тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу барысында барлық дерек пен мән-жайды анықтайтын боламыз. Содан кейін ғана нақты тұлғаларға қатысты қылмыс санаты белгілі болады", - деп қысқа қайырды спикер.

Айта кету керек, осыған дейін су тасқынына қарсы күреске бөлінген 1 млрд теңге жымқырылғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу