Гидротехниктер саусақпен саналады

Маман тапшылығы мелеоративтік жүйенің мәселесін ушықтырып тұр.

Гидротехниктер саусақпен саналады

800-ден астам өзен мен Бұқтырма, Шүлбі және Өскемен сияқты ірі су электрстансалары орналасқан Шығыс Қазақстан облысы үшін бұл өте өзекті мәселе.

Аграрлық-индустриялық аймақ саналатын Шығыс Қазақстанда 50 жылдан бері жөнделмеген су қоймалары бар. Солардың көшін Зайсан ауданындағы Үйдене және Жарма ауданындағы Шар су қоймалары бастап тұр.

75 млн текше метр су сыятын Үйденеге 2014 жылдан бері кезең-кезеңмен қаржы бөлініп келеді, ал 80 млн текше метр су сыятын Шар қоймасы назарға келесі жылы алынады.

Облыста 200 мың гектар суармалы жер бар. Әзірше соның 57 мың гектары ғана мақсатқа сай игерілуде. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы арқылы 2021 жылға дейін осыған қосымша 92 мың гектар алқапты суармалы ету жоспары бекітілген. Бұл межені бағындыру үшін 2014-2016 жылдар аралығында 6 гидротехникалық нысан жөнделген, 2021 жылға дейін 7 нысан қалпына келтіріледі. Жоспарды жүзеге асыру үшін қазына қаржысынан 7 млрд теңге бөлінген. Әзірге оның 4,5 млрд теңгесі жұмсалған. Қалған ақша келесі жылы игеріледі. Бұдан бөлек 6 жаңа су қоймасының құрылысы жоспарланған. Оған 15 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Осының арқасында Күршім ауданында – 17 мың, Тарбағатай ауданында – 9 мың, Үржар ауданында – 10 мың, Көкпекті ауданында – 4 мың, Жарма ауданында – 20 мың, Ұлан ауданында – 4 мың гектар алқап суармалы егістікке айналады.

Қыруар  қаржы бөлініп, тынымсыз еңбектің арқасында қалпына келген мелеоративтік жүйені күтіп ұстайтын маман тапшы болатын түрі бар. Бұл туралы бізге "Қазсушар" РМК Өскемен филиалы басшысының міндетін атқарушы Дулат Наққажин айтты.

"Мамандарды майшаммен іздеп жүрміз. Гидротехнитердің тапшылығы өте өзекті мәселе болып тұр. Кезінде Тараз қаласында Жамбыл гидромелеоративтік құрылыс институты болған. Бұл бүкіл Кеңес одағындағы су шаруашылығы мамандарын даярлайтын төртінші оқу орны еді. Сол жерде гидротехник-инженер деген мамандыққа оқытатын. Қазір мұндай маман мүлде даярланбайды. Бүгінде су ресурстарын пайдалану деген мамандық бар. Онда жалпы білім беріледі, бұл сала кәріз жүйесіне жақын", – деді Дулат Наққажин.

Маман бұл мәселені шешу үшін тым болмаса кәсіби-техникалық білім беретін колледждерде арнайы курс ашу қажеттігін айтады. Оның ойынша, гидротехника инженерлерін дайындамаса, мелеоративтік жүйені қалпына келтіру үшін шығындалған қаржы желге ұшуы мүмкін. Өйткені қазір суармалы жерді игеріп жатқан шаруа қожалықтарында сумен жұмыс істей алатын мамандар саусақпен санарлық.

"Кезінде әр кеңшарда екі гидротехник болатын. Қазір ондай жоқ. Салдарынан суды үнемдеу, тиімді пайдалану жұмысы жүйесіз жүргізіліп жатыр.

Бұл – бүкіл елге ортақ мәселе. Дегенмен өзен-көлге, таудағы мұздықтарға бай біздің өңір үшін өзекті", – деді маман.

Маман тапшылығы біздің өңір үшін бүгін ғана пайда болған мәселе емес. Гидротехника инженерлерінің жоқтығынан облыстағы жаңбырлатып суару технологиясына құрылған жоба да сәтсіздікке ұшыраған болатын.

"Жарма ауданында 2008-2009 жылдары 17 мың гектар сауармалы жер болған, жаңбырлатып суару тәсілімен игерілетін. Жер бедері мен топырақтың құрамын, ауданның климатын жақсы білетін маман болмағандықтан әлгі жаңбырлатқыш құралдар тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Қазір соның 6 мың гектары ғана суарылады. Қалғаны суарылмайтын жер ретінде қайта үлестірілді. Шар су қоймасын жөндеу жұмысы біткен соң 17 мың гектар жер қайта суармалы алқапқа айналады. Бірақ оған иелік еткен шаруа қожалықтары дайындап берген инфрақұрылымды пайдаға жарата алмауы мүмкін. Өйткені гидротехник мамандардың көбі зейнетке шығып кеткен. Олардың орнын басуға, ауылды жерге еңбек етуге  жастар құлық танытпайды. Тіпті ниеті болғанмен, білімі жетпейді", – деді Дулат Наққажин

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу