Гиперинфляция. Ендігі үміт - армияда

3598

Венесуэла әскері бағаны бақылау үшін супермаркеттерге аттанды. 

Гиперинфляция. Ендігі үміт - армияда

Венесуэлада инфляция ырыққа көнбей барады. Ал социалисттік үкіметте оны әрі қарай ұстап тұратын дәрмен жоқ. Ендігі үміт – экономистер мен қаржыгерлерде емес, қарулы күштерде. Сондықтан  президент Николас Мадуро азық-түлік бағасын қадағалау үшін дүкендерге әскер мен ұлттық гвардия жауынгерлерін жіберді.

Оңтүстікамерикалық мемлекетте гиперинфляцияның асқынғаны сонша, ұлттық валюта - боливар жарамсыз ақшаға айналып барады. Ал шетелден тауар сатып алатын валюта тапшы. Кейбір сарапшылардың пікірінше, доллардың жоғалуына мұнай бағасының соңғы жылдары күрт құлдырауы мен халықаралық санкциялар себеп болуы мүмкін.

BBC-дің хабарлауынша,  ел аумағындағы 100-ге жуық супермаркет пен дәріханаға сарбаздар жөнелтілген. Мадуро оппоненттерінің пікірінше, Венесуэланың тауар тапшылығына ұшырауына биліктің сауатсыз экономикалық саясаты мен марқұм Уго Чавес кінәлі. Президентке сенсек, шикізатқа тәуелді экономиканы күйреткен АҚШ бастаған "экономикалық соғыс" себепші. Дағдарыс тереңдеп бара жатса да, сәуірдегі сайлауда жеңіп, билікке қайта келген Мадуро орнынан кетпек емес.

Гвардияшылар мен жауынгерлерге жүктелген негізгі міндет – тауар бағасын қадағалап, оның өсуіне жол бермеу. Президент айтқандай, бұл шара нәтижесіз емес. Осыған дейін "талай ұры, алаяқ, капиталист, мафиоз және жезөкше" тұтқындалған.

Венесуэланың өзі ғана емес, өнеркәсіп және өндіріс министрі Тарек Ел Аиссами де Американың санкциялық тізімінде. Себебі бұл шенеунік заңсыз есірткі тасымалдады деген күдік бар. Алайда Аиссами қылмыстан тазамын дейді. Оның сөзінше, нарықта алаяқтар мен алыпсатарлар және бағаны өз пайдасына ыңғайлап жүрген саудагерлердің талайы анықталып отыр.

3 млн боливар  = $1.14
Ұлттық валютаның гиперинфляцияға ұшырауы салдарынан шетелден азық-түлік, жанармай, дәрі-дәрмек импорттау мұңға айналды. Ал халықтың өмір сүру сапасы болса, құлдырған үстіне құлдырап барады. "Жығылғанға -жұдырық" демекші,  қазір Венесуэлада қызылша мен безгек аурулары белең алып отыр. Олармен күресуге мемлекеттік қорда қаражат тапшы.

Бірақ Мадуро үшін бәрі тамаша тәрізді. Оның сөзінше, биыл елде ең төменгі  жалақы төрт мәрте өскен. Жұмысшыларға сенсек, сол өсімді қымбатшылық "жеп" үлгерген.  

Венесуэлада ең төменгі жалақы – 3 миллион боливар. Newsweek журналының мәліметінше, мұндай ақшаға "қара базарда" 1 доллар 14 цент қана сатып алуға болады.  Экономикадағы ахуалдың төмендегені сонша, президент әр жұмысшыға 2,2 млн боливардың "тамақ талонын" таратуға уәде беріп отыр. Ал орташа айлық – 5 млн боливар. Бұл 2 долларға жетер жетпес ақша.

Венесуэла үкіметі де, ұлттық банкі де 2015 жылдың желтоқсан айынан бері ресми сандарды жариялаған жоқ. Сондықтан мұнайға бай мемлекетте инфляцияның неліктен соншалықты шарықтағанын түсіну қиын.

Ел парламенті – Ұлттық Ассамблея – оппозицияның бақылауында. Оның дерегіне сүйенсек, Венесуэлада инфляция деңгейі биыл мамырда 100 пайыздан артық өсіп, жалпы алғанда 24600%-ға жеткен.

Венесуэла - дәлелденген мұнай қоры жағынан әлемде алдыңғы қатарда тұрған мемлекеттердің бірі. Соған қарамастан мұндағы дағдарыс 9лы rүйзеліс жылдарындағы  экономикалық кризистен де асып түсіп тұр.

Қолдан жасалған дағдарыс
Уго Чавес 1999 жылы билікке келгенде, Венесуэлада "Боливар революциясын" бастап, социалистік қоғам орнатуға кірісті. Бірақ бұл идея байларға ұнаған жоқ. Олар Куба стиліндегі коммунизмнен қорқып, жаппай шетелге кетті. Ал қарапайым халық "қара алтын" табысымен қаржыландырылған әлеуметтік бағдарламалардың игілігін көріп, күн кешіп жатты. Алайда 2014 жылы әлемде мұнай арзандады, елді экономикалық дағдарыс дендеп, сол дағдарыс кейін миграциялық дағдарысқа ұласты. БҰҰ мәліметінше, Венесуэладан күніне 5 мыңдай адам қашады. Жыл соңына дейін 1, 8 млн тұрғын немесе халықтың 5%-ы күн көріс үшін шекара асуы мүмкін.

"Венесуэлада адам қолымен жасалған дағдарыс бүкіл аймақты шарпып барады. Президент Николас Мадуроның солшыл үкіметінің сандырағы мен адамгершілікке жат саясатына жол бермеуге болатын еді", – дейді USAID ұйымының басшысы Марк Грин.

Дегенмен әрдайым бұлай болған жоқ. Бұрын Венесуэла адамды импорттамаса, мұнша экспорттамады. Ширек ғасыр бұрын ол Латын Америкасының ең бай әрі қуатты мемлекеті болып, өзінің табысы мол мұнай саласына Еуропадан талай маман тартты. Бүгінде Венесуэладан жүздеген мың адам Колумбияға, ондаған мыңы Бразилия, Перу, Панама, Эквадор, Чили, Испания, АҚШ сияқты елдерге кетуге мәжбүр.

Financial Times газетінің дерегінше, 2014 жылдан бері шетелден тұратын жер сұраған венесуэлалықтардың саны 2 мың пайызға өскен. 

Венесуэладан 700 шақырым жердегі Бразилияның Воа Виста қаласына босып барған Пурифисасион Ривероның сөзінше, оның немересі, ұлы, ағасы аштықтан өлген. 52 жастағы әйел бұл трагедия үшін үкіметті кінәлап отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу