Голланд технологиясымен өсірілген гүлдің 60%-ын Ресей сатып алып жатыр

4057

Екібастұзда жылына 10 млн раушан гүл топырақсыз өсіріледі. 

Голланд технологиясымен өсірілген гүлдің 60%-ын Ресей сатып алып жатыр

Кеншілер мен энергетиктердің қаласы атанған Екібастұз шаһарында кәсіптің көзін таба білген адамға ырысын арттырып, шаруасын дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік мол.

2016 жылдың ақпанында қалада ерекше инвестициялық жоба қолға алынды. Нәтижесінде голландиялық инвесторлардың қаржылай қолдауымен "Болат Нұржанов атындағы МАЭС-1 станциясы" ЖШС-да  раушан гүлін өсіретін жылыжай салынды. Жылыжай кешенінің дәл осы жерге салынуың өзіндік  сыры бар. Себебі өндіріс орнындағы артық жылу энергиясы жылыжайға беріледі.

Кешен құрылысын жобалаумен голландтық "Van der hoeven" компаниясы айналысты. 3,2 млрд теңгеге жұмсалған жоба автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді. Бұл жерде жылына 10 млн раушан гүлі өсіріледі.  

Кәсіпорын директоры Айтмағамбет Сәрсембекұлының айтуынша, бастапқыда кәсіпорын алқызыл түсті раушан гүлін баптаған. Кейін ақ, қызыл, сары түсті гүл өсіруге көшкен.

"Бізде 80-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың басым бөлігі  әйел адамдар", – деді Айтмағамбет Сәрсембекұлы.

Аумағы 5 гектарды алып жатқан кешенде 2 блок жұмыс істеп тұр. Әр блоктағы алаңның көлемі 2,3 шаршы метрді құрайды. Мұнда  жұмыскерлер 3 ауысыммен еңбек етеді.

Ерекше атап көрсетерлігі, барлық гүл топырақсыз өсіріледі. Бұл қалай деген сұрағымызға Айтмағанбет Сәрсембекұлы: "Голланд технологиясымен өсірілетін раушан гүлдердің ең басты ерекшелігі осы. Бір аптада қауыз жаратын раушан гүлдер топырақсыз өседі. Барлық гүлдің өсуі мен жетілуін  шетелдік маман Марти Питерс қадағалап отырады. Раушан гүлінің күтімі өте қиын және күрделі. Мәселен 1 талын кесіп алу үшін 3 жапырақ қалдырады. Үзілген жерден түп қайта өседі. Сөйтіп бір саты төмен түседі. Бірыңғай төмендеуге немесе жоғары өрлей беруге болмайды. Әйтпесе гүл зақымданады.  Марти Питерс әр маманға гүлді күтіп-баптаудан бастап оны қалай үзіп алу керектігіне дейін ерінбей-жалықпай үйретіп келеді", – деді ол.

Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген кезде елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Екібастұз қаласындағы жылыжай кешенінің басшысы Людмила Зевальд: "Біз раушан гүлдерін өсірумен айналысамыз. Келешекте жауқазын гүлдерді де өсіру ойда бар", деген екен алдағы жоспарымен бөлісіп. Сол кезде мемлекет басшысы: "Екібастұз шынында да керемет гүл өсіріп жатыр. Бірде Нидерландыға барған сапарымда көрмеден Екібастұзда өсірілетін әдемі раушан гүлдерін тамашаладым", – деп тіл қатыпты.

Айтмағамбет Сәрсембекұлыны раушан гүлдеріне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, Екібастұзда  голланд технологиясымен өсірілген раушан гүлдердің 60%-ын Ресей Федерациясының Новосібір, Омбы, Мәскеу, Саратов қалаларынан арнайы тапсырыс беріп, алып кетеді. Тапсырыс электронды пошта арқылы қабылданады. Бір тал гүл 140 теңгеден сатылады.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу