Голливуд жұлдыздары Ресейге қарсы жойқын соғыс бастады

7026

Сарапшылар Мәскеудің "арнайы операциясы" кино және эстрада жұлдыздарының кең қолдауына ие бола алмағанына назар аудартады. Салдарынан көрші бұл майданда оңбай жеңілгенге ұқсайды.

Голливуд жұлдыздары Ресейге қарсы жойқын соғыс бастады

Кремльдің Украинаға соғысын шетелдік түгіл, ресейлік жұлдыздар қызу құптамады. Насихат мақсатындағы концерттерге қатысып, табыс тауып жүрген жиырма шақты ресейлік танымал әншіні айтпағанда, өзгелері не шетелге қашып кетті немесе қан-қасап қырғын жайында жақ ашпай, сырт қалуға жан салуда.

Ал Ресей эстрадасының "примадоннасы" Алла Пугачева күйеуі Максим Галкин екеуі Путиннің басқыншыл саясатын айыптап, Израилге кетіп қалды. Солист Макс Покровскийдің жетекшілігімен "Ногу Свело!" ресейлік танымал топ соғысты сынайтын бірнеше ән шығарды. Максим Покровский "бейбіт тұрғындардың төгілген қаны Ресейдің сүйегіне дақ болып сіңетінін" айтып, аяусыз сынауда.

"Евровидениенің" фавориттерінің бірі болған әнші Сергей Лазарев "Zа Россию" пропагандистік концертіне қатысудан ат-тонын ала қашты. "Би-2" рок-тобының 28 сәуірде өтуге тиіс Омбыдағы концерті доғарылды. Себебі жергілікті билік сахнаға "Zа президента!" деген алып баннер іліп қойған. Музыканттар ол баннерді қап-қара матамен жапқызып тастады, алайда ертесіне баннер қайта пайда болған. Сондықтан "Би-2" концертті өткізуден бас тартты.

Дегенмен Мәскеуге ғаламат соққыны америкалық жұлдыздар жасады. Ресей баса-көктей кірген алғашқы күннен Украинаның тағдырына уайымдаған аты әлемге машһүр жазушы Стивен Кинг Twitter арқылы РФ президентіне үндеу жолдап, оны абыройсыз, масқара жеңіліс күтіп тұрғанын болжады. Бұрындары бірнеше рет айтқаны келіп, аты шыққан хоррор жанрының жазушысы "Украинадағы соғыс Ресейдің қазынасын тауысып, оны қан-сөлден айырады" деп жорамалдайды.  

Енді қазір бүкіл әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары америкалық актриса, БҰҰ босқындар істері жөніндегі ізгі ниет елшісі Анджелина Джолидің жүріс-тұрысын қадағалап отыр. Джоли Украинаға келді. Ол елдің батысында, яғни сұрапыл соғыс жүріп жатқан оңтүстігі мен шығысынан алыстағы Львов қаласында босқындармен әңгімелесті. Айтпақшы, Анджелинаның әуе дабылы қосылған кезде, ғимараттан атып шығып, оққағарларымен бірге бомбапанаға асыға басып бара жатқан видеосын ресейлік федералдық арналар да көрсетіп, "жан тәтті ме?" деп келеке еткендей болды. Бірақ бұл күлкі емес, күл болса керек: АҚШ пен Еуропаның ақпарат құралдары, сондай-ақ жұлдыздың миллиондаған табынушылары БҰҰ-ның елшісі келген қалаға бомба жаудырғаны үшін Мәскеуді сынап жатыр.

Айтқандай, осыдан төрт күн бұрын Киевке БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш келгенде, ресейлік әскерлер Украина астанасын атқылаған болатын. Осыдан кейін Батыстағы Кремльдің саясатын құптайтын бірқатар партиялар мен саясаткерлер де Мәскеуді айыптап сөйлеуге мәжбүр болды.

А.Джоли алдымен Львов теміржол вокзалына барып, тоқтаусыз ағылып жатқан босқындармен тілдесті. Атап айтқанда, ол Донецк облысының ресейлік әскер шабуылының астында қалған Покровск қаласының тұрғындарын эвакуациялаған пойызды қарсы алды. Сондай-ақ көмек көрсететін волонтерлермен, дәрігерлермен және психологтармен әңгіме-дүкен құрды. Әлеуметтік желілер "оскарлық" актрисаның Львовтағы дәмханалардың бірінде тамақ ішкенін, жергілікті интернатқа барғанын жариялап, әрбір басқан ізін қызыға қадағалауда.

Анджелина Джоли Украинаның өзге де қалаларын аралауға ниетті. Ол соғыс басталғанда "Украинадағы адамдар үшін сыйынатынын" жазған еді. Сөзбен шектелмей, қырғыннан қашқан украиналық босқындарды Батыс елдері қабылдауы үшін септесті. БҰҰ дерегінше, 24 ақпаннан бері елден 5 миллион адам шетелге қашуға мәжбүр болған. Украина дерегінше, содан бері 11 миллиондай тұрғын тұрғылықты қонысын амалсыз ауыстырды, оның көбі Украинаның қауіпсіздеу қалаларына көшті. УР Қарулы күштері босатқан қалаларға шетелге кеткен миллионнан астам босқын кері оралған.

БҰҰ-ның өкілі Гедини-Уильямс А.Джолиді Украинаға дүниежүзілік ұйым жібермегенін, ол өз еркімен аттанғанын мәлімдеді. Сол себепті бұл сапардың маңызы тіпті арта түседі, өйткені ол ресми жоралғы емес, шын ниеттен туған сапар. Батыстық БАҚ босқын украиналықтармен сөйлесу кезінде Анджелина Джолидің көңілі босап, жылап қоя берген сәтін де көрсетті.

Ресейлік саяси қайраткер, заңгер, МемДуманың бұрынғы депутаты Марк Фейгин негізінен қаһарлы күш пен тегеурінді қолай көретін В.Путинге қарағанда, ықпал етудің "жұмсақ күшін" орайымен пайдалана білетін В.Зеленскийдің ұтып кеткенін айтады.

"Украина Президенті Владимир Зеленскийдің бұрынғы "КВН"-ші, актер екенін ұмытпаған жөн. Ол осы саланың қуатын барынша қолдануда. Ресей қазірден мәдени соғыста жеңіліп қалды. Мен кезінде адвокат ретінде Pussy Riot рок-тобының қыздарын қорғағанмын, оларды қудалау арқылы Кремль жастардың үлкен тобының даусынан айырылып қалды. Мәдени майдан – Ресейдің ең әлсіз тұсының бірі. Кремль ресейлік түгіл, голливудтық жұлдыздарды адам деп қабылдамайды. Қызмет көрсететін персонал, ақысын төлесең, айтқаныңды істейді, төсегіңе тамақ әкеледі деп есептейді. Шынында олай емес. Себебі дәл осы жұлдыздар әлемде көңіл-күй атмосферасын қалыптастырады", – дейді М.Фейгин.

Оның байламынша, демократиялық елдегі қарапайым халықтың, яғни сайлаушылардың көңіл-күйі ізінше саяси көңіл-күйге ықпал етеді.

"Осылайша, практикалық саяси шешімдерге түрткі болады. Анджелина Джоли секілді жаһандық жұлдыздар "Украинаны қолдаймын, Мәскеудің қанды саясатына қарсымын!" деген бір сөзімен төрткүл дүниенің әр еліндегі адамдарға әсер етіп, бірден бірнеше елде қоғамдық пікірді қалыптастырады. Саясаткерлер де адам, олар да кино көреді, мәдениеттен сусындайды, немесе отбасындағы балалары солардың табынушысы болуы мүмкін. Тиісінше, Джоли кез келген конгресменге қоңырау шалып, соғысты тоқтату үшін Украинаға мынадай-мынадай қару керек десе, ол конгресмен сөзсіз келіседі, тіпті автограф сұрайды", – дейді ресейлік саясаткер.

Расында, Мәскеу тек РФ азаматтығын алған, біраз жылдан бері дені дұрыс фильмге түспеген, қартайған Стивен Сигал секілді бірлі-жарым шетелдік жұлдыздың ғана қолдауын ала алды.

Ал агрессордан қорғанған Украинаны қызу демеген, сүйеу болған әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың қатары салмақтылығымен де, жан-жақтылығымен де тәнті етеді. Көбісі – Оскар иегерлері. Олар Украинаға гуманитарлық көмек көрсетуде. Мила Кунис пен Эштон Кутчер 30 миллионнан астам доллар жинап берді.

Украинаға ханзада Гарри мен Меган Маркл, Мадонна, Леди Гага, Бенедикт Камбербетч, Арнольд Шварценеггер, Шон Пенн, Джаред Лето, Криштиану Роналду, Дэвид Бекхэм, Пол Маккартни, Джордж Клуни, Майкл Дуглас, Тим Рот, Шерон Стоун, Пауло Коэльо, Сара Джессика Паркер, Белла Хадид, Джек Николсон, Кристен Стюарт, Николас Кейдж, Metallica, Rammmstein, Gorillaz және басқа топтары қолдау көрсетіп жатыр. Бұл тізім ары қарай жалғаса береді.

Олардың бәрі сүйектен өтер сын сөзімен халықаралық қауымдастық үшін заманауи Ресейдің теріс бейне-образын түзуде. Мұндай жағдай орыс әдебиеті мен мәдениетіне зор нұқсан келтірді. Жаһандық белді театрлар орыстың атақты туындыларын репертуарларынан алып тастады.

Financial Times, The New York Times және басқа да басылымдар Ресейдің ақпаратық майданда да жеңіліс тапқанын жазған болатын. Сондай-ақ Ресей Anonymous хакерлер мен белсенділердің халықаралық тобының да пәрменді шабуылының астында қалды, "электронды майданда" тізе бүгуде.

Британдық барлау қызметі кейінгі тәуліктерде ресейлік әскер шабуылдауын доғарғанын, дағдара бастағанын анықтапты. Халықаралық қысым Мәскеуді басқыншылық райынан қайтаруға ықпал етуі де ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу