31 мамыр. Қазақтың ұлт ретінде дамуын жүздеген жылдарға шегерген ауыр кезеңнің азалы шежіресін жалғыз күнге сыйғызу, әлбетте, мүмкін емес. Биыл жеңістің 75 жылдығы қарсаңында БАҚ-тың аузымен "Бүкіл қазақ жерінде екінші дүниежүзілік соғыстың оты шарпымаған ошақ жоқ" деген ой қайта-қайта айтылды. Зұлмат туралы да осыны айтуға болады. Әрқайсымыздың мінез-құлқымызда, сүтпен дарып, сүйекке біткен болмысымызда сол бір сүргін жылдардың табы инстинкт деңгейінде менмұндалап тұратынын кейде өзіміз байқай бермейміз. Бірақ ондай сабақ алу төрт аяқты хайуанға да тән. Ұлт ретінде сол жылдардан қандай сабақ алдық? Аза тұту деген ескерткішке гүл қойып, шерулету ғана ма? Өз ауылынан екінші дүниежүзілік соғысқа қанша адамның аттанғанын жатқа соғатын өлкетанушылар ашаршылықтан қанша ауылдасы қырылғанын неге айтып бере алмайды? Зұлматтан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұл сұрақтарға нақты жауап беру әлі мүмкін болмай тұр.
"Алаштан" қалған араздық
"Халықаралық адам институтының" президенті, ғалым Жанұзақ Әкім зұлматтың ұлтқа тигізген психологиялық зардабы әлі зерттелмей жатқанын айтады.
"Сол кездің бір үлкен трагедиясы аштық болса, екінші трагедия – тарих сахнасына жарқырап шыққан алашордашыларды өз халқы түсінбеді. Оның алдындағы Амангелді, Бекболаттардың көтерілісін қолдаған халық бір-бірімен қырық пышақ болып жүрген алаш азаматтарының арғы мақсатын, түпкі ниетін ұға алмады. Ұлт зиялыларының екі түрлі мемлекет моделін қатар ұсынғаны белгілі. Қазір сол екі нұсқаны сыртқы және ішкі саясатымыздың қос қанаты етіп алуымыз керек", – дейді ғалым.
Аштықтың қолдан ұйымдастырылғанына дау жоқ. Бірақ қазақты ұлт сипатынан айыру идеясын іштегі араздық жеңілдетіп берген. Бұл ойын ол мынадай деректермен түсіндірді.
"Өзбектерге, басқа да түркі тілдестерге қарағанда бізде аштық та, репрессия да жаппай жүрді. Мысалы, репрессия кезінде қырғызда небәрі 7 адам атылған екен. Оның бірі Шыңғыс Айтматовтың әкесі – Төреқұл. Тәжіктерде 3 адам, өзбектерде 67 адам ғана атылған. Бізде 60 мыңнан астам адам. Неге? Себебі бізде өзара бөлініп алып, домалақ арыз жазу көп болды. Алашорданың тарихын зерттесеңіз, оны айқын көресіз. НКВД зиялыларды 6 топқа бөліп, бір-біріне айдап салған. Далада жүрсе де, қалада жүрсе де бір-бірімен Батыс, Шығыс, Оңтүстік, Солтүстік болып қырылысып жатты. Орталық комитеттегі Бухарин, Троцкий, Рыковтар араға от жағудың шебері болған ғой", – деген сарапшы 100 жыл бұрынғы жаман әдеттен әлі арыла алмай отырғанымызға ашынады.
Трайбализм трагедиясы
Қоғам қайраткері рушылдықтың қазір жемқорлықпен біте қайнасып кеткенінен қауіп көреді.
"100 жыл бұрын болмаған бірлік әлі жоқ бізде. Бізді бөлгісі келсе, қазір де оп-оңай. Ана бір Серікжан Біләш деген адамның айналасындағы дауды қарасаңыз, жүйкеңіз жүндей түтіледі. Екінші дүниежүзілік соғыс жаппай жазғыш ұлтқа айналуымыздан құтқарып қалды бізді. Соғысқа тартылмаса, қазақтар бір-бірін әлі де құрта беретін еді. Қиын кезде ғана бірігеміз де, титтей босаңсысақ ыдырап кететін ауру тауып алдық. 30 жылда рушылдық жемқорлықпен астасып, ең қауіпті дертке айналды. Тарихымызда болмаған трайбализм бар қазір. Әрбір рудың өзінің моласы, жасырын қоры бар. Бір жерден жақсы қызмет шыға қалса, өз адамдарын қою үшін сол қорға жиналған ақшадан алып, пара береді. Қожа, төре-төлеңгітті қосқанда 46 ру-тайпа болса, солардың бәрі жан-жаққа тартып отыр. Осы аурудан кетуіміз керек. Енді міне 100 жылдан кейін біз осындай-осындай сабақтар алуымыз керек. Сабақ алмасақ, тарих бізді кешірмеуі мүмкін. Тарих әр халыққа мүмкіндік береді. Оны пайдаланбағандар жоғалады. Ұстай алғандар сахнада қалады", –дейді Жанұзақ Әкім.
Ол ашаршылық кезеңіндегі қазақтың дәрменсіздігін ауылына тұтқа болудың орнына қан қақсатқан белсенділерден көреді.
"Қазақтың шолақ шенділері кәмпескені асыра орындады. Тәркілеу ережесі бойынша әр түтінге 1 сиыр, 3 қой қалуы керек болса, жағымпаз белсенділер тігерге тұяқ қалдырмай сыпырып алды. Билікке жағу деген жаман менталитет сол кезде болған. Ал орыстар, украиндер олай істеген жоқ. Қазір Голощекин тіріліп келіп, "тәркіле" деген пәрмен берсе, жағымпаз әкімдер тағы да халықтың тоз-тозын шығарудан тайынбайды. Тоқсаныншы жылдары құртқан малдың санын әлі қалпына келтіре алмай отырған жоқпыз ба! 30 жылда 100 млн гектер жайылымды жоқ қылдық. Ризығымыз да сол мінезіміге сай болып тұр", – дейді ғалым.
Тарихшылардың айыбы
Зұлматтың лайықты бағасын алмауына тарихшылар да айыпты.
Парламент қабырғасында тұңғыш рет осы мәселе бойынша ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып, қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш қою керек деген ұсыныстың биік мінберден айтылуына атсалысқан санаулы депутаттың бірі Алдан Смайыл ағамыз осындай базынасын айтты.
"Ресейдің өзінде 2009-2010 жылдары аштан қырылған адамдардың тізімін жасап, Кремльде таңнан кешке дейін айтып тұрды. Ал біз үнсіз қалдық. Аштық болды деп айтуға Ресейден жасқандық. Шындық осы. Аштықтың алдында қазақтың саны қанша болғанының өзі әлі күнге дейін даулы мәселе. Бізде бір жаман әдет бар. Бір дерек тапса, тарихшылардың өзі "менікі ғана дұрыс" деген ұстаныммен жүреді. Тауып алған деректерін қызғыштай қорып, бір-біріне көнбейді. Керісінше талқыға тастап, өзара салыстырып, ортақ қорытындыға келу керек қой. Ортақ пәтуаға тоқтайтын кез жетті", – дейді қоғам қайраткері.
Есімжан Нақтыбайұлы