Головкиннің спорттық ғұмыры аяқталды ма?

1919

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Сауль Альвареспен кездесуден соң спорттық ғұмырын аяқтауы әбден мүмкін. Оған себеп те жоқ емес.

Головкиннің спорттық ғұмыры аяқталды ма?

Кәсіпқой бокста біршама жетістікке жеткен отандасымыз биыл 8 сәуір күні 40 жасқа толды. Отызында орда бұзып, қырқында қамал алған қарағандылық спортшы бокс әлемінде ардагер атанғалы қашан! Өзінен анағұрлым жас боксшылармен қолғап түйістіру де оңай емес. Көп жағдайда жердлесіміз жеке тәжірибиесінің арқасында жеңіске жетіп жүрді. Одан бөлек көптеген мамандар оны бокс әлеміндегі ең ақылды боксшы деп айтады. Құр физикалық күшті пайдалана бермей, ақылмен, әрі тактикамен бокстасқан ол спорттық ғұмырын аяқтайтын да кезге жетті. Осыған дейін мықты қарсыластармен көп ұшырасқанымен оның бокстағы өнерінде басты қарсылас болып Сауль Альварес қалатыны анық. Мексикалық боксшы екеуі күллі жер жаһан таңдай қақөан үш бокс кешін сыйлады. Ертең сол үш кездесудің үшіншісін тамашалаймыз.

Сауль Альварес жеңіске жетсе, Головкиннің бірден спортпен қош айтысуы сәл ыңғайсыз болатыны анық. Көп жағдайда даңқты спортшылар жеңіс тіркеген соң барып, "қолғабымды шегеге ілдім" деп мәлімдеп жатады. Ал жеңіліп қалғаннан кейін бұл қалай болар екен. Әлем жанкүйерлерінен ыңғайсыз болмай ма? Мексикалықты сол күйі жеңе алмасын біліп, Головкин спортты тастады деп айтып жүрмей ме ел?! Демек Геннадий жеңіліп қалған жағдайда тағы бір бокс кешін ұйымдастырады деген сөз ғой. Бәлкім ол Қазақстанда өтетін шығар?

Егер жеңген жағдайда қырықтан асқан қазақстандық боксшы бірден карьерасын аяқтағаны жөн. Себебі одан әрі қарай бокстасудың еш мәні қалмайды. Оның салмағында "Канелло" қайтадан атып шығады. Төртінші рет кездессе, фанаттардың да мезісі қашар. Екі алыптың айқасынан да мән кетер. Сағызды шайнай бергеннен оның дәмі тұра бермес. Мұны GGG промоутерлері анық ұғынады. Таңертеңгі кездесуден соң біз Головкиннің сұқбатын тыңдаймыз. Егер жеңсе ол "Мен спорттан кеттім" деп мәлімдеуі тиіс. Ал егер жеңілсе бірнеше айдан соң бір мәліметті күтеміз.

Көп жылдар бойы Головкинге жанкүйер болған қарағандылық жанкүйер Арлан Түлкібаев Геннадидің жеңісіне сенетінін айтады:

– Гена өте тәжірибиелі боксшы. Ақылман ойнайды. Ұзақ уақыт уақыт созып, Саульді шаршатуға тырысады. Егер барлығы жоспар бойынша жүрсе, жерлесіміз жеңіске жетеді деп ойлаймын. Алайда 12 раунд бойы бокстасып, "Канеллоны" ұпаймен жеңемін деу әбестік болар. Сондықтан да, трилогияның соңында Головкин техникалық нокаут тіркейді деп топшылаймын, дейді қарағандылық жанкүйер.

Әлбетте трилогияның соңы неше түрлі сценариймен аяқталуы мүмкін. Жағдайдың одан әрі қарай қалай өрбитінін уақыт көрсетеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу