Нью-Йоркте өткен баспасөз жиынында Қазақстанның күрзі жұдырықты боксшысы қысқа да нұсқа сөйледі. Геннадий Головкин дайындығының жоспардағыдай, ешқандай асқақтаушылықсыз өткендігін баса айтты. Бұл жекпе-жектің маңызды екендігін, тек жеңіске жетуді көздейтінін тілге тиек етті.
Америка боксшысы Дэниэл Джейкобс те өзін сабырлы ұстауға тырысты. Ең бастысы рингке шықпай жатып, именіп қалмау керек екенін өзі де жақсы түсінетіндей.
"Головкиннің көзіне қарап, оның да кәдімгі адам екеніне көз жеткіздім", – деп өз ойын ашық айтуға тырысқан болды.
Жалпы Дэниэл Джейкобс рингтегі жекпе-жекке дейін асыра сілтеп, көпіре сөйлеудің абырой әпермейтінін білетіндей. Өйткені Головкинді сөзбен сескендіру әсте мүмкін емес. Керісінше Геннадий отты көздерімен тесіле қарағанда бойын үрей билеп, екі тізесі дірілдеп қоя бергенін сездірмеу – маңызды.
Жалпы қазір әр түрлі мамандар, боксшылар осы жекпе-жекке қатысты ой-пікірлерін айтып, қайсысының жеңіске жететініне сенімді екендіктерін білдіруде. Бірақ бәрі де тек рингте белгілі болады. Дәл қазір Дэниэл Джейкобске атақ-жеңіс керек пе әлде тек осы жекпе-жектен түсетін қыруар қаржы маңызды ма – дөп басып айту қиын.
Ал Геннадий Головкинге тек қана жеңіс керек. Жай ғана жеңіс емес, қарсыласын нокаутқа түсіргенді қалайды. Әрі ол өзіне бек сенімді. Өзіне сенімді болмаса, чемпиондық белдіктерінің бәрін ортаға тастай ма?! Бірақ "бәрібір жеңемін ғой" деп жайбарақат жүрген жоқ. "Сақтықта қорлық" жоқ дегендей, шүмектетіп тер төкті. Жаттығу жұмыстарына айрықша көңіл бөле дайындалды.
Кәсіпқой бокс жекпе-жектерінің ережелеріне, нақтырақ айтқанда, WBC тұжырымының регламентіне сай қос боксшы салмақ өлшеу рәсімдерінен өтті. Әрі екеуі де бекітілген шектеуден (лимиттен) асқан жоқ.
Әуелі Нью-Йорктегі Madison Square Garden спорт кешенінде өтетін жекпе-жекке 30 күн қалғанда екі боксшы да ресми түрде таразыға тартылды. Онда Головкин 165 фунт (74,8 келі), ал Джейкобс 174,8 фунт (79,3 келі) тартқан болатын.
Одан кейін екеуара жекпе-жекке бір апта қалғанда тағы да салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Жекпе-жекке жеті күн қалғандағы шектеу 168 фунт (76,2 кг) болатын. Екеуі де бұл шектеуден асқан жоқ. Головкин 162 фунт (73,5 келі), ал Джейкобс 167,8 фунт (76,1 келі) тартты.
Енді екі боксшы жекпе-жекке бір тәулік қалғанда, соңғы рет ресми түрде таразыға тартылады. Салмақтары 72, 6 келіден аспауы керек. Яғни Геннадий Головкинге оған дейін 900 грамм тастау керек, ал Дэниэл Джейкобске бір аптадай уақыт ішінде үш жарым (3,5) келіге арықтау қажет.
Геннадий Головкин – WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. 8 сәуірде 35-ке толады. Кәсіпқой бокс рингінде жеңілістің кермек дәмін әлі татып көрген жоқ (36 – 0, 33 КО).
Дэниэл Джейкобс 3 ақпанда 30-ға толды. 2010 жылы 1 тамызда ресейлік Дмитрий Пирогтан ұтылып қалған. Ұтылғанда да, бесінші раундта нокаутқа түсіп, WBO белбеуіне қол жеткізе алмаған. Бұдан басқа жеңілісі жоқ (32 – 1, 29 КО).
Екеуі 18 наурыз күні (Астана уақытымен 19 наурызда, таңертең) Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden спорт кешенінде жекпе-жекке шығады. Негізі 12 раунд айқасулары керек. Бірақ мерзімінен бұрын аяқталып, біреуі нокаутқа түсіп қалса, оған ешкім де таң қалмайды. Ал қайсысының сұлатып салуы мүмкін? Әзірше оны өздеріңіз пайымдай беріңіздер.
Маруан Түсіп