Бокс кеші Американың HBO арнасында ақылы трансляциялар жүйесінде көрсетілетіндіктен, жергілікті бокс сүйер қауымның назарын осы кездесуге аудару үшін телеарна ұжымы бокс сарапшыларымен, қос боксшының команда мүшелерімен және жалпы осы спорттың ілгерілеуіне үлес қосып жүрген мамандармен сұхбат жүргізіп, жекпе-жектің көркін қыздыруға күш салып келеді.
Ақылы трансляциялар жүйесінен түсетін қаржының белгілі бір бөлігі боксшыларға үлестірілетіндіктен, қос команданың өкілдері де әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарын пайдаланып, мейлінше көбірек әрі қызықты сұхбат беруге тырысып жатыр. Өз шәкірттерінің есімін атағандарға жауап қайырып, боксшылардың жанкүйерлерінің санасын сан-саққа жүгіртіп жатқан жайы бар. Мұның бәрі – былайша айтқанда, маркетингтік қадам.
Отандасымыз Геннадий Головкин мен оның қарсыласы Дэниэл Джейкобс жекпе-жегінің жеңімпазы жайлы әлемде және өз елімізде айтылып жатқан сан түрлі болжам мен пікірді біз де өзімізше саралап, алдағы екі ай бойы оқырманның назарына дүркін-дүркін ұсынып отырғанды жөн санадық.
Қазір әлемдегі және Қазақстандағы бокс саласының майталмандары кездесудің фавориті Головкин екенін нық сеніммен айтып отыр, ал букмекер кеңселері оның жеңісіне – 1.12, тең кездесуге – 25, ал Джейкобстың жеңісіне 6.50 коэффициент беріп отыр. Отандасымыз бұған дейінгі жекпе-жектерінде мұншалықты жоғары бағаланған жоқ еді. Әрбір кездесуінен кейін оның құны артып, тиісінше, оған берілетін коэффициент те жылдам артып келеді. Бокс сарапшыларының мұндай пікірді жиілетуі кездесу өтер күнге дейін қарсыластың мысын басып, еңсесін түсіріп тастары анық.
Сондықтан да Джейкобстың бапкері Андре Розье шәкіртінің сағы сынбай, жаттығуын жалғастыруы үшін оны қанаттандыратын сөздер айтып, оған дем беріп әлек.
"Головкин раунд басталысымен әдетіне басып, соққының астына аламын деп жүрген шығар. Бірақ Дэнни GGG-дің әдеттегі қарсыластары секілді осал боксшы емес. Головкин бүйірден ұрғанды жақсы көреді, ал қорғанысын үнемі ұмыт қалдырады. Шәкіртімнің назарын осы бір осал тұсына аударып жатырмын, қорғаныссыз қалған сәтін ұрымтал пайдаланып, кездесуді уақытынан бұрын нокаутпен аяқтауға тырысамыз. 18 наурыз күні орта салмақта кімнің мықты екенін әлі-ақ көрсетеміз", – дейді Андре Розье.
Головкиннің промоутері Том Леффлер бұл жекпе-жекті жарнамаламай-ақ Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden аренасы аузы-мұрнына дейін толатынын айтады. Бұған дәлел де бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бокс кеші 18 наурызда өтетініне қарамай, жекпе-жекке билеттер қазірдің өзінде өте жылдам сатылып, санаулы билет қана қалды.
Естеріңізде болса, өткен жылдың қазан айында Геннадий Головкин мен канадалық Давид Лемье арасындағы кездесудің билеттері Madison Square Garden кассалары мен онлайн саудаға түскеннен кейін көп өтпей-ақ, түгелдей сатылып кеткен болатын. Арена жекпе-жекті тамашалауға келгендерге лық толып, залда ине шаншар орын болмады. Турасын айту керек, ол кезде билет бағасы бұл жолғыдан әжептәуір арзан болған. Сонымен қатар, ақылы трансляциялар жүйесінде қос дүлдүлдің өнерін 150 мыңнан астам адам тамашалаған.
Дей тұрғанмен, GGG-дің әрбір кездесуін көру үшін фанаттары тек Қазақстаннан ғана емес, әлемнің төрт бұрышынан келетінін ескерсек, 20 мың орынды аренаның билеті қанша қымбат болса да, санаулы күнде сатылып кетеді. Бұл жайлы боксшымыздың промоутері Том Леффлер: "5 мың билетті 100 доллардан сатамыз, ал рингтің айналасындағы орындардың ең арзаны мың доллардан басталады. Дегенмен Головкиннің фанаттары билеттің бағасына қарап жатқан жоқ", – дейді.
Жалпы көрермендер отандасымыздың өнерін мейлі аренадан, мейлі ақылы трансляциялар жүйесінен тамашаласын, жұмсаған ақшасына лайықты драма көрері анық. Мұны Геннадий Головкиннің өзі әрбір жекпе-жектің алдында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдейді. Бұл жолы да ол осы дәстүрінен жаңылмай, өз жанкүйерлеріне керемет бокс кешін сыйлауға уәде етіп отыр.
Ал Қазақстан азаматтары Головкиннің әрбір бокс кешін бірнеше жылдан бері "Қазақстан" және "Kazsport" телеарналарынан су тегін тамашалауға мүмкіндік алып келеді. Бұл жолы да қос телеарна жерлесіміздің жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетуді мойнына алып отыр.
Естеріңізге саламыз, Головкин – Джейкобс жекпе-жегі 18 наурыз күні. Нью-Йорктегі 20 мың көрерменге шақталған әйгілі Madison Square Garden аренада өтеді. Қазір боксшылар жаттығу жұмысына қарқынды түрде кірісіп кетті.