Қазақстан қыраны Геннадий Головкин мен Мексика майталманы Сауль Альварес арасындағы шоу Лас-Вегас төрінде, жергілікті уақыт бойынша 16 қыркүйек күні кешкі сағат 17:00-де басталады. Уақыт белдеуін ескере отырып, біздің уақытпен айтсақ, 17 қыркүйек күні таңғы сағат 6:00-де өтеді.
Әдеттегідей, әуелі осы кештің көрігін қыздыра түсетін басқа боксшылар айқасады. Ал Головкин мен Альварес арасындағы негізгі жекпе-жек шамамен 8:50-де басталады. Қазір дүниежүзіндегі барлық жанкүйерлер қайсысы жеңеді деп, үздігіп отыр...
Өйткені Сауль Альварес “Канело” бүгінгі таңда Геннадий Головкинге лайықты – бірден-бір қарсылас. Ол 15 жасынан бері кәсіпқой бокс рингінде әбден шыңдалған. Әуесқой бокста екі-ақ жыл өнер көрсетіп, 20 жекпе-жек өткізген. 2004 жылы Мексика чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізіп, 2005 жылы өз елінің чемпионы болған.
2005 жылдың қазан айында кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізген. Содан бері, міне 12 жыл болды, шаршы алаң көрігін қыздырып жүр. 51 жекпе-жек өткізіп, 49-ында жеңіске жеткен. Тек 2013 жылы қыркүйек айында кіші Флойд Мейвезерден ұтылып қалған. Сонау 2006 жылы жерлесі Хорке Яреспен тең түскен.
Альварес кәсіпқой бокс рингінде кіші Мейвезер, Мигель Котто, Хулио Сезар Чавес-кіші және Амир Хан сынды кәсіпқой бокс жұлдыздарымен айқасқан. Міне, осы жағынан ол Головкиннен асып тұр. Ал Геннадийдің қуатты соққысына шыдамаған Лемье, Брук, Джейкобс сынды бокшыларды олармен бір қатарға қоя алмаймыз, әрине.
Канелоның осы 12 жылда өткізген жекпе-жектерінің ұзақтығы 12 сағатты құрайды екен. Ал Головкин болса, негізінен қарсыластарын сұлатып салып жүрді. Әрі кәсіпқой боксқа 24 жасында ауысты. Бірақ Геннадийдің соққысы – өте қуатты. Оның жойқын жұдырығына Альварес төтеп бере ала ма, жоқ па? Белгісіз...
Геннадий Головкиннің сөзімен айтсақ, 17 қыркүйек күні не болары белгісіз. Жекпе-жектен кейін екі боксшының қайсысы үйіне барады, қайсысы ауруханадан шығады, ол да беймәлім. Бұл – бокс жанкүйерлері көптен сарыла күткен жекпе-жек.
Маруан Түсіп