Головкин: Бірінші кезекте Шеремета

2325

Орта салмақ бойынша бокстан Әлем чемпионы Геннадий Головкин өзінің келесі қарсыласының кім екенін мәлімдеді.

Головкин: Бірінші кезекте Шеремета

Коронавирус пандемиясынан кейін кәсіпқой бокс жоғарғы дәрежелі жекпе-жектермен қайта жандануы керек. Солардың бірі көптен күткен Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварестің үшінші жекпе-жегі еді. Алайда GGG командасы боксшы бірінші кезекте өзінің IBF бойынша атағын қорғап қалу үшін міндетті түрде Камил Шереметамен кездесуі керек екенін айтты. Ал содан кейін ғана басқа боксшылармен жұдырықтасуы мүмкін.

6 мамыр күні қазақстандық былғары қолғап шебері Sports Illustrated басылымына сұхбат берген болатын. "Мен коронавирус пандемиясы басталмай тұрып жауапкершілікті өз мойныма алғанмын. Келесі кездесуім Шереметамен өтуі тиіс. Сөзімде тұруым керек. Жағдай тұрақталып, бұрынғыдай өз қалпына келгенде мен бірінші кезекте Шереметамен жекпе-жекке шығамын", - деді Головкин Sports Illustrated басымылымына берген сұхбатында. – Айта кететін бір жәйт, бокста әрқашан да екі тарап бар. Канелоның командасы қыркүйекте жекпе-жек өткізгісі келмеді. 2020-жылдың мамыр айында да дәл сол жағдай қайталанды. Сондықтан өз жолыммен кеттім. Менің жеке мансабым бар. Бұдан артық қанша уақыт күтуім керек еді?" - деп қоса кетті Головкин.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр мексикалық боксшы Головкинге қарсы кездесу өткізуден бас тартқан болатын. Ал одан кейін Головкин 2019-жылдың қазан айында украиналық Сергей Деревянченкоға қарсы кездесу өткізіп, IBF белбеуін қайтарып алған еді. Осыдан кейін 2017 жылы өткен жекпе-жек тең аяқталғандықтан, Альварес Головкинді екі мәрте ұтқанмын деп сұхбат берді. Алайда жақында DAZN платформасының шақыртуымен тәуелсіз қазылар алқасы үш жыл бұрын екі боксшы арасында өткен кездесудің бейнежазбасын қайта қарап, нәтижесінде бірауыздан Головкин жеңді деген шешім қабылдады. Осылайша сарапшылар 1:1есебімен тең нәтиже шығарғандықтан, көрермендер де екі мықты арасында үшінші жекпе-жекті асыға күтуде. Бірақ, әзірге Головкиннің жоспарында тек Шеремета ғана бар. Орта салмақ бойынша белбеулерін сәтті қорғау көрсеткіші бойынша Геннадий Головкин америкалық Бернард Хопкинспен ғана тең болып тұр. Екі боксшы да 20 рет өз атақтарын сәтті қорғап шыққан. Алайда, егер Головкин IBF және IBO белбеулерін польшалық боксшыға қарсы өткізетін кездесуінде қорғап қалса, онда ол Әлем рекордын қайта жаңартады және дүние жүзі бойынша орта салмақта 21 мәрте титулын қорғаған жалғыз боксшы болмақ. "Жекпе-жектің мен үшін маңызы зор. Бұл ерекше кездесу болады. Мұндай жағдай тарихта алғаш рет болмақ", - дейді Головкин. Сонымен қатар GGG қатысуымен өтетін бокс кеші коронавирус пандемиясына байланысты трибуналар бос болуы мүмкін. Боксшы бұған дайын екенін айтқан болатын.  

Sports Illustrated журналистері Головкинмен телефон арқылы сөйлескенде тек бір сұраққа мардымды жауап ала алмады. Ол ел арасында Шереметамен кездесуден кейін Альвареске қарсы жекпе-жекке шығып, GGG спорттық мансабын аяқтайды екен деген ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатыны жайлы. "Мен ылғи да спорттық мансабым жайлы ойладым. 20 жаста болғанда да мансабым туралы ойлайтынмын. Қазір бабымдамын және көңіл күйім де тамаша. Тек жақсы ойдамын", - деп Головкин сөзін қорытындылады.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу