Головкин DAZN келісімшартынан қанша миллион алады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2592

Геннадий Головкин мен DAZN стриминг сервисі арасындағы келісімшарт әлі де құпия күйінде сақталып келеді.

Головкин DAZN келісімшартынан қанша миллион алады Фото: sports.yahoo.com

Қазақстандық кәсіпқой бокс жұлдызы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 KO) мен DAZN компаниясы ақыры мәмілеге келіп, келісімшартқа отырған. Екі жақ та мұны 8 наурыз күні ресми түрде мәлімдеген болатын. Алайда қаржылай келісімдері ашық айтылмай, жабулы қазан күйінде қалып келеді.

Десек те, шет елдегі кейбір басылымдар осы құпиялықты түйінін тарқата бастады. Нақтырақ айтар болсақ, sports.yahoo.com басылымы "Геннадий Головкин DAZN компаниясы келісімшартынан 100 миллион доллардан артық ақша алады", деген ақпарат таратты.

Алайда бұл мәліметті DAZN компаниясы "дәл солай" деп құптамаған және ат-тондарын ала қашып, жоққа шығармаған да... Осы ретте естеріңізге сала кетейік, Головкинді жеңген Сауль Альварес "Канело" (51-1-2, 35 KO) аталмыш компаниямен рекордты сомада, 365 миллион доллар көлеміндегі келісімшартқа отырған болатын.

Бірақ Канело осы келісімшарт негізінде 11 жекпе-жек өткізуі керек. Ал Головкин жылына екі жекпе-жектен, үш жылда алты жекпе-жек өткізеді. Әрі 2020 және 2021 жылдары өзінің GGG Promotions компаниясының боксшылары үшін DAZN стриминг-сервисінде төрт рет бокс кешін өткізе алады.

Тағы бір көңіл аударарлығы, Сауль Альварестің промоутері Оскар Де Ла Хойя "Канеломен үшінші рет жекпе-жекке шыққың келсе, DAZN-мен келісімшартқа отыр" деп, Головкинге мәселені көлденең тартқан болатын. Бірақ бұл да – шетелдік журналистер таратқан ақпарат...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу