Головкин-Джейкобс: үлкен драма бола ма?

2044

Қазақстандық даңқты боксшы Геннадий Головкин 18 наурыз күні келесі жекпе-жегін өткізеді. 

Головкин-Джейкобс: үлкен драма бола ма? Фото: youtube.com

Бұл жолғы қарсыласы – 32 кездесудің біреуінде ғана ұтылып, 29 қарсыласын естен тандырған америкалық Дэниэл Джейкобс. Осы кездесуде Головкиннің 4 нұсқадағы атағы  да сынға салынады.

Жекпе-жек Madison Square Garden кешенінде өтеді. Головкин бұған дейін осы аренада 4 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетті, 3 рет WBA және IBO нұсқаларындағы әлем чемпионы атағын қорғады, IBF нұсқасындағы әлем чемпионы атағын қарсыласынан тартып алды. Бұл кешенде Головкиннен Габриэль Росадо (АҚШ), Кертис Стивенс (АҚШ), Дэниэл Гил (Ұлыбритания) және Дэвид Лемье (Канада) сияқты боксшылар "таяқ жеді". Головкин-Лемье кездесуі ақылы арнада (PPV) сатылып, 150 мыңға жетті. Бұл аса жоғары көрсеткіш болмаса да, сол кезде ТМД кеңістігінде ең кірісті жекпе-жек болып есептелді.

Джейкобс GGG-мен кездесуге дайындықты ерте бастады. Ал Гена 7 желтоқсаннан бері демалып, жаттығуға 3 қаңтардан бастап кірісті. Madison Square Garden аренада алғашқы жекпе-жегін өткізген кезде-ақ ол: "Мен үлкен драмалық шоу жасаймын, кез келген қарсыласқа дайынмын", – деп мәлімдесе де, атақты қарсыластың бәрі әлі күнге кездесуден қашқақтап келеді. Тіпті 2016 жылдың соңында бокс жанкүйерлері: "Головкинге орта салмақ дәрежесіндегі ешбір боксшы қарсы тұра алмайды, тіпті шаршы алаңға шығуға жүрегі дауаламайды. Соған қарағанда, әлемдегі ең ержүрек боксшылар жеңіл салмақтылар болуы керек", – деп әзілдеді. Мұның астарында Головкинге қарсы өткен жылы салмағы жеңілдеу Келл Бруктың тәуекел етуі жатқаны сөзсіз.

"Дэнни – мықты боксшы, орта салмақтағы таңдаулылардың бірі. Онымен жұдырықтасу маған үлкен сынақ болары сөзсіз. Мен Нью-Йоркте тағы бір Big Drama Show-ды асыға күтіп жүрмін", – дейді Геннадий Головкин.

Ал отандасымыздың бапкері Абель Санчес шәкіртінің жеңісіне өте сенімді.

"Бұл жекпе-жекке қол жеткізгеніміз үшін көңіліміз тоқ. Джейкобс сөзінде тұрып, шаршы алаңға дайын болып шығады деп сенемін. Оның әңгімесіне қарағанда, 18 наурыз күні өте қызықты кездесу болатын сияқты. Бірақ жекпе-жектің қаншалықты ұзаққа созылатынын білмеймін, дегенмен Дэннидің жеңіске деген жігері бізді де ширықтырып отыр. Әй, бірақ ол 12-раундтың соңына дейін қарсылық көрсете алмайды-ау. 160 фунт салмақта Головкинге қарсы ешкім ұзақ шыдай алмайды", – дейді бапкер.

Бұл Геннадий Головкиннің кәсіпқойлар арасындағы 37-кездесуі болмақ. GGG 33 қарсыласын нокаутпен ұтты. Осы көрсеткіші оны өткен жылдың соңында Гиннестің рекордтар кітабына тіркетті. Кәсіпқойлар арасында орта салмақта кездесулерінің 91,67%-ын нокаутпен аяқтаған ешбір боксшы жоқ екен. Головкинге осы жетістігінің сертификаты арнайы табысталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу