Головкин былтыр күзде Сергей Деревянченкомен өткен кездесуден кейін IBF атағын қайтарып алды. Ал содан соң Халықаралық бокс федерациясы GGG мен украиналық боксшы арасындағы жекпе-жектен кейін жарты жыл ішінде сол атағын қайта қорғауы тиіс деген талап қойды. IBF белбеуіне Камил Шеремета да үміткер атанып, екі боксшы арасындағы кездесу 2020 жылдың ақпан айына жоспарланды. Кейінірек жекпе-жек шамамен наурыз немесе сәуір айында өтетіні белгілі болды. Бірақ, жаттығу барысында Головкин жарақат алады. Кездесу уақыты тағы да кейінге шегеріліп, маусым айында өтетін болып келісілді.
Алайда, пандемия жоспардың күл-талқанын шығарды. Сарапшылар биыл Головкин Шеремета жайлы ұмытып, Альваресті таңдауы керек деп жатты. Бірақ қазақстандық боксшы мамыр айының соңында оның басты қарсыласы тек Шеремета екенін және орта салмақ бойынша атағын қорғап қалу үшін дайындалып жүргенін мәлімдеді. Ал Головкиннің промоутері Эдди Хирн Канэло мен GGG арасында трилогия желтоқсан айында өтуі мүмкін деген болжам жасаған. Себебі поляк боксшысымен жұдырықтасқаннан кейін Головкинге келесі кездесуге дайындалу үшін уақыт жеткілікті болатынын және желтоқсан айына қарай Әлемдегі эпидемиологиялық жағдай жақсарып, қыркүйек айымен салыстырғанда жанкүйерлер қайта трибунаға оралуы мүмкін еді.
Енді трилогия желтоқсан айында да өтпейтін сияқты. Себебі Анджей Василевскидің айтуынша польшалық боксер мен Головкин арасындағы жекпе-жек күзде өтеді.
"Мен Геннадий Головкиннің бапкерлерімен ылғи да байланыстамын. Екі қарсылас та кездесудің қазан айының екінші, үшінші сенбісінде, немесе қараша айының бірінші сенбісінде өтуі мүмкін дейді. Алайда бізде нақты бір күн белгіленген жоқ" - деді Василевски TVP Sport телеарнасына берген сұхбатында.
Ермұхамед Мәулен