Қазақ елінің күрзі жұдырықты қыраны Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) және Мексика майталманы Сауль Альварес "Канело" (49-1-2, 34 КО) 5 мамыр күні екінші жекпе-жектерін өткізетін болып, келісімшартқа қол қойған. Содан бері екі боксшы да қарымта кездесуге дайындалып жатқан-ды.
Әлқисса, наурыздың басында допинг тексерістен өткен Канеллоның ағзасынан шамалы мөлшерде кленбутерол табылған. 6 наурыздағы екі допинг-сынағының нәтижесі де осылай болып шыққан. Сауль Альварес және оның командасы саналы түрде ешқандай да допинг қолданбағандарын, кленбутеролдың оның ағзасына тағам (ет) арқылы түсуі мүмкін екендігін айтып, ақтала бастады.
Негізі, кленбутеролды Мексикада мал семірту үшін, басқаша айтқанда салмағын артыру үшін көп қолданады екен. Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) жүргізген зерттеулері бойынша, Мексика базарларындағы еттің 75% жуығының құрамында осы дәрі-дәрмек бар көрінеді. Соның кесірінен Мексикада көптеген спортшылар допинг сынақтан өте алмай, зардабын тартып жүр.
Содан Канелло Америкаға барып үш рет допинг-тексерістен өтті. 9 наурыздағы екі (үшінші және төртінші), төрт-бес күннен кейінгі бесінші допинг-сынақтары оның ағзасында кленбутерол мен басқадай тыйым салынған дәрі-дәрмектердің жоқ екендігін көрсеткен.
Әйтсе де, дау-дамай әлі толастамай тұр. Сауль Альварес өзін "100% тазамын" деп, Америкада допинг-тексерістен өткендігін көлденең тартса да, күмән келтірушілер жоқ емес. Комиисия шешіміне шүбә келтірушілер де бар. Сан-сақа жүгіртушілер де көп. "Е-е, бәсе! Бірінші жекпе-жектерінде Головкин қалай ұрса да, құламай қойып еді. Енді, түсінікті болды", – деп мысқылдаушылар да, жетіліп артылады.
Ол, ол ма?! Жақында Головкиннің өзі "бірінші жекпе-жегімізде де ол таза болған жоқ, оның бұлшық еттерінен дәрі егілген ине іздерін көруге болады" деп салды. Бұл отқа май құя түскендей әсер етіп отыр. Геннадийдің жаттықтырушысы Абель Санчес те айылын жияр емес. Қысқасы, екі жақ рингке дейін-ақ, "ұрыс-шайқасты" бастап кетті.
Мамандардың біразы "бұл жекпе-жектің “боладысын” қыздыра түсу үшін жасалып отырған пиар-қадам" деген пікір де айтып отыр. Осылай жанкүйерлерді елітіп, жарнамасын шарықтата түсуді ойластырып отырулары да мүмкін. Бұл – кәсіпқой бокс, яғни бәрі де мүмкін. Десек те, бәріне уақыт – төреші.
Жалпы, екеуі рингке шығып, қарымта кездесу өткізе ме, жоқ па, оны Невада комиссиясы шешеді. Бірақ жанкүйерлерге екеуінің шаршы алаңға шығып, айқасқаны керек, әрине. Қайсысы мықты, соған көз жеткізгілері келеді. Ал оған дейін әлі талай қызық болатын сияқты. Бірақ бәрін де рингтегі екеуара жекпе-жек қана шешеді.
Тұздық
Америкадан суық хабар жетті. Невада штатындағы атлетикалық комиссия Сауль Альваресті алғашқы екі допинг сынамалары негізінде 10 сәуірге дейін уақытша аластатқан. Нақты шешім 10 сәуір күні қабылданады екен. Бұл не "ойын", "саясат" екені түсініксіз. Бірақ екі боскшы да 5 мамыр күнгі жекпе-жектері өтеді деген үмітте...
Маруан Түсіп