8 маусым күні (біздің уақытпен 9 маусым күні таңертең), Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында Қазақстан саңлағы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 KO) және Канада боксшысы Стив Роллс (19-0, 10 KO) арасындағы жекпе-жек өтеді. Қазір екеуі де осы кездесуге егжей-тегжей дайындалып жатыр. Осыдан екі күн бұрын "көз арбасу" рәсімі де өтті.
Жақында ғана ең ауыр салмақта Мексиканың көпшіліке беймәлім боксшысы Энди Руис Британияның жарық жұлдызы, кәсіпқой бокстағы төрт тұжырым бойынша әлем чемпионы Энтони Джошуаны бірнеше рет нокдаунға жіберіп, техникалық нокаутпен жеңіске жеткен. Содан бері бокс жанкүйерлері "бәлкім, Роллс та басым түсіп, тағы бір апсетті жүзеге асырар" деп, отқа май құя түсуде.
Апсет сөзін қазақшалағанда, "қапа болу", "қынжылу" деген мағынаны білдіреді десек, қателеспес пе екенбіз? Әйтеуір, бұл фавориттің немесе жарық жұлдыздың есімі көпшілікке беймәлім боксшыдан (спортшыдан) ұтылып қалуын меңзейді. Міне, дәл осы Энди Руистің жеңісі Головкиннің қарсыласы Стив Роллсқа үлгі, өнеге болғандай. Жігерлендіре түскендей де.
Дәл қазір Роллс та, оның командасы да, "семіз сөйлеп" отыр. Олар тіпті қалай жеңіске жету керек екендігін "білетін" де сияқты. Мәселен, GGG екі рет Канеломен айқасқанда, Генаның бір-екі кемшілігін байқап қалған-мыс. Жалпы, бұл өзіне берілген тамаша мүмкіндік екенін түсінетін секілді. Ал осы сөздерін іс жүзінде жүзеге асыра ала ма, жоқ па, оны ринг көрсетеді.
Головкин болса, өзінің мол тәжірибесіне, қуатты соққысына сенеді. Мүмкіндік туып жатса, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауды да теріс көрмейтіндей. Жаңа бапкері Джонатан Бэнкстің жұдырықтасу мәнеріне толықтырулар енгізеріне де шүбә келтірмейміз. Канелоға есе жіберіп алған жекпе-жегінен сабақ алып, қорытынды шығарған да болар.
Сонымен қатар, қарсыласты бағаламау жарға жығатынын жақсы біледі. Әрі оны көрді де. Энтони Джошуаның жеңілісі әлі ұмытыла қойған жоқ. Ең бастысы, тіпті ең маңыздысы Стив Роллстан ұтылмау керек. Ұтылып қалса, Канеломен қайтадан кездесе алмауы әбден мүмкін. Онда Сауль Альварес бұл жеңілісін бетіне басып, үшінші жекпе-жек жайлы сөйлеспеуі де мүмкін.
Маруан Түсіп