Головкин мен Сондерс: Қашан, қайда айқасады?

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2405

Британдық Билли Джо Сондерс қазақтың "сары баласы" Геннадий Головкинмен Астанаға келіп, айқасуға да дайын сияқты.

Головкин мен Сондерс: Қашан, қайда айқасады?

Геннадий Головкин мен Дэниэл Джейкобс арасындағы жекпе-жектен кейін орта салмақтағы жағдай біршама өзгерді. Бұған дейін Генаның тау құлатарлықтай қуатты соққысынан сескеніп, жекпе-жекке шығудан қашқақтап, әрбір келіссөз сайын кейінге шегеріп, сағыздай созып жүрген кейбір боксшылар енді батылырақ сөйлей бастады. Олар Головкиннің де "робот" емес, адам екендігіне "көз жеткізді". Олар Головкинмен де жұдырықтасуға болатындығын өз көздерімен көрді...

Ең бастысы, Головкиннің промоутерлері де Қазақстан боксшысы қандай талантты болса да, оның да кәдімгі адам екендігін, жыл өткен сайын оның да жылдамдығы бәсеңси бастайтындығын мойындауға мәжбүр болды. Бұл дегеніңіз, енді олар келіссөз барысында өз ұсыныстарынан ауытқымай, қаржы бөлісінде өз "талаптарын" шегелеп отырып алмайтын шығар. Енді олармен де ымыраға келу оңай болуға тиіс...

Керек десеңіз, олардың енді асығулары да мүмкін. Өйткені Геннадий Головкин 8 сәуір күні 35-ке толады. Кем дегенде әлі үш-төрт жыл осы деңгейде, осы қарқында өнер көрсете алатын шығар. Ал одан кейін... Кешіріңіздер, табиғат пен жаратылыстың жазғаныны мен заңына бағынуға тиіс боламыз, бәріміз де...

Сонда Головкин енді кіммен айқасуы тиіс? Сауль Альварес пе, Билли Джо Сондерс пе? Әлде басқа ма? Біздің ойымызша, Билли Сондерс. Себебі, Геннадий Головкин орта салмақтағы барлық тұжырымдар бойынша әлем чемпионы атанып, барлық белбеуді жинап алғысы келеді. Былайша айтқанда, абсолютті әлем чемпионы атанғысы келеді. Ендеше, қимылдау керек...

Таратып айтар болсақ, Головкин қазір – WBA (Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы), IBF (Халықаралық бокс федерациясы), WBC (Бүкіләлемдік бокс кеңесі) және IBO (Халықаралық бокс ұйымы) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы.

Жетпей тұрғаны – WBO (Бүкіләлемдік бокс ұйымы) белдігі мен чемпиондық атағы. Ал ол британдық Билли Сондерске тиесілі. Осы боксшыны жеңсе ғана, чемпиондық атағы мен белбеуі Головкинге көшеді. Сондықтан Геннадий ең әуелі осы боксшымен кездесуі мүмкін.

Мұны Геннадий Головкин де, Билли Джо Сондерс те біледі. Екеуіне де атақ пен даңқ, белдік пен ақша керек. Екеуінің командасына да бұл қажет. Тіпті бокс сүйер қауымға да қызық. Бұл жекпе-жекті енді көп созбай, өткізу керек те сияқты. Ендігі мәселе, екі жақтың ортақ тіл тауып, ымыраға келулерінде болып тұр.

Өздеріңіз білесіздер, Головкин келесі жекпе-жегін Астанада өткізгісі келеді. Бұл – көптен бер айтылып және жүзеге асыру қолға алынып жүрген мәселе. Астанада өтетін ЭКСПО кезінде осындай маңызды спорттық шара ұйымдастыру әу бастан қарастырылған. Ал Билли Джо Сондерс Астанаға келе ме? Шетелдік басылымдарға сенсек, "келемін" деп отырған көрінеді. Бірақ көпшілікті дүрліктіру үшін айта салу мен келісімшартқа қол қою – екі бөлек мәселе.

Екі боксшының командасы бар дедік. Енді бәрі соларға байланысты. Қалай келіседі, қалай тіл табысады. Ол бізге белгісіз. Бір анығы, келіссөз барысында екеуіне де бір-бірімен санасуға тура келеді. Мәселен, Билли Джо Сондерс Астанада айқасуға келіссе, онда сол үшін басқа бірдеңе талап етуі әбден мүмкін. Мәселен, өзіне тиесілі гонорар мөлшерін біраз көтеруге тырысуы ықтимал. Оған Головкинің командасы келісе ме?..

Десек те, екі боксшының шаршы алаңда биыл кездесулері уақыт еншісіндегі іс қана сияқты. Қашан, қай жерде ол көп ұзамай белгілі болып қалар. Ең бастысы, ринг сыртындағы мүдделер "сайысында" сең қозғалғандай.   

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу