Головкин нокаутқа түсетін кез келді ме?

1964

​Трилогия деп шулаған едік, міне оның да күні белгіленді. 17 қыркүйек күні Сауль Альварес пен Геннадий Головкин жұдырық түйістіретін болды.

Головкин нокаутқа түсетін кез келді ме?

Сауль Альварес "Канелло" осы жақында ғана бір кездесу өткізіп, Дмитрий Бивол есімді жас боксшыдан жеңіліп қалды. Енді міне оның промоутерлері жаңа бойдың жарнамасын жарияға паш еткізді. Спорттық ғұмырында 59 кездесу өткізіп оның 39-ын нокаутпен аяқтаған мексикалық былғары қолғап шебері енді қаһарына мінетіні анық. Ол соңғы кездесуде жас боксшыны менсінбей шықты. Мұрын шүйіріп қарағаны үшін опық жеді. Бұл "Канеллоға" үлкен тәжірибие болғаны анық. Енді мұндай қателік жасамасы белгілі. Әлбетте, Головкин оның негізгі қарсыласы екені даусыз. Сондықтан ол осы шайқасқа барынша дайындалып шығады.

Геннадий Головкин спорттық ғұмырын аяқтайтын тұсқа келіп жетті. Себебі, жасы да біршамаға келіп қалған. Саульмен үшінші бой өткізіп, сол жекпе-жекті жеңіп, мансабын аяқтағаны абзал. Алайда, "Канелло" оңайлықпен беріле қоймайды. Демек, одан кейін Головкинге соңғы бір кетераяқ бокс кешін ұйымдастыруға тура келеді. Мамандардың басым бөлігі бұл кештің басты фавориті С.Альварес деп отыр. Ал Головкиннің промоутері Эдди Хирн болса: "Екі мықты боксшы бір-бірін аса қатты жақтыра бермейді. Трилогияға нүкте қоятын кез жетті. Осы шешуші бойда нокаут көреміз" деп салды.

Ал Альварес болса осы кеш туралы қатты пікір білдіре қоймады. Пікірін тек екі ауыз сөзбен қорытындылады. "Мен осындай ғаламат бокс кештерінің қатысушысы болғаныма дән ризамын" деп қысқа ғана қайырыпты. Отандасымыз жазбасында жанкүйерлерді қолдауға шақырыпты. Саульдің бапкері Эдди Рейносо: "Мексикалықтар ешқашан берілмейді. Біз тек қана алға жүреміз" деген екен. Жалпы алғанда сан алуан пікірлер айтылып жатыр. Кездесуге дейін де талай ойлар айтылары хақ. Ең бастысы кімнің мықты екенін сараптауда болып тұр.

Бұл кештің қорытындысы бойынша Канелло WBA Super, WBC, WBO және IBF тұжырымдары бойынша белбеулерін қорғайды. Головкиндікі де шамамен осы белбеулер. Бірақ, жеңілгеннің өзінде де Геннадий осы атақтарын сақтап қалады. Тек IBF тұжырымы ғана Головкиннен белбеуді тартып алуы ықтимал. Себебі, кезінде осы нұсқаның міндетті түрде өтуі тиіс кездесуіне ол шықпай қойған. Альварес те солай істеген. Айтпақшы, екеуінің қарсыласы бір адам еді – Деревянченко. Сол бойға екеуі екі түрлі сылтау айтты. Сол шақта Альварес салмағын көтеріп Ковалевпен бокстасуға дайындалды.  

Трилогия деген кезде қазақ жанкүйерлеріне "Көшпенділер" трилогиясы еске түседі. "Алмас қылыш", "Жанталас" және "Қаһар" деп бөлінетін трилогияның соңы қаһарлы бокс кешімен аяқталайын деп тұр. Не болса да бұл бокс кеші тарихқа енетіні анық.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу