Головкин өз кешіне Елеусіновті қоспай қойған ба?

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2846

GGG 8 маусым күні Нью-Йоркте өтетін бокс кешіне Данияр Елеусіновтің емес, Исраил Мадримовтың өнер көрсетуіне келісім берген.  

Головкин өз кешіне Елеусіновті қоспай қойған ба? Фото: fightsports.tv

Бұл арандатушылық па, әлде шынымен де осылай болған ба, белгісіз. Бірақ бүгін отандық басылымдарда осындай ақпарат таратылып жатыр. Бұл ретте, тіпті Данияр Елеусіновтің менеджерлерінің басшысы Зия Алиевтің сөздері де көлденең тартылып отыр. Оған сенсек, Елеусіновке Геннадий Головкиннің жекпе-жегінің андеркартында өнер көрсетуге келісім берілмеген.

"Біздің промоутеріміз Елеусіновке қатысты шығынның бәрін төлеуге дайын еді. Бұл жөніндегі ресми хат менде бар. Оған Том Леффлер (Геннадийдің промоутері) келіскендей болатын. Бірақ Головкин келісім бермепті. Даниярдың емес,өзбек Исраил Мадримовтың жұдырықтасқанын қалаған", – депті. Оның бұл сөздерін отандық sports.kz сайты жариялады.

Өтірік пе, шын ба, белгісіз. Енді Головкиннің өзі немесе оның командасындағы өкілдерінің бірі осы мәселеге қатысты мәлімдеме жасап, тоқетерін айтар деп отырмыз. Әйтпесе, қандай да бір себебі болған да шығар. Бәрі де анықталар, белгілі болар. Әліптің артын бағайық...

Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин (38-1-1, 34 KO) 8 маусым күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында Канада боксшысы Стив Роллспен (19-0, 10 KO) жұдырық түйістіреді. Бұл жекпе-жек 164 фунт салмақ дәрежесінде өтеді. Әрі DAZN компаниясымен келісілген алты жекпе-жегінің біріншісі болады.

Айтпақшы, Исраил Мадримов (2-0, 2 KO) жақында ғана Бангкокта өткен Азия чемпионатының ширек финалында біздің Тұрсынбай Құлахметтен ұтылып қалған. Өзбек боксшысының Головкин – Роллс жекпе-жегінің андеркартында айқасатынын ESPN журналисі Стив Ким де жариялады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу