Головкин - Шеремета кездесуі Қазақстанда өте ме?

2357

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің промоутері Эдди Хирн орта салмақтағы Әлем чемпионының келесі жекпе-жегі туған жерінде өтуі мүмкін екенін тағы да айтты.

Головкин - Шеремета кездесуі Қазақстанда өте ме?

Бұған дейін де Эдди Хирн биылғы жылдың сәуір айында өтетін Геннадий Головкиннің жекпе-жегін Қазақстанда өтуі мүмкін деп хабарлаған болатын. Естеріңізге сала кетсек, келесі жекпе-жекте Головкин поляк боксшысы Камил Шереметаға қарсы IBF/IBO атағын қорғап қалу үшін өткізеді. Негізінде бұл жекпе-жек поляк диаспорасының басым көпшілігі тұратын Чикагода өтеді деп хабарланған. Кейіннен GGG промоутері мен DAZN платформасының серіктесі Хирн бокс кеші Қазақстанда өтуі мүмкін деді. Осы ақпараттан кейін көптеген сарапшылар мұндай маңызды жарыстың Қазақстанда өтетініне және лайықты аудитория жинай алатынына күмәнмен қарады.

RingPolska басылымы Головкин мен Шеремета арасындағы теке тірестің ұйымдастырылуына қатысты жұмыстардың Қазақстанда сәтсіз аяқталғанын, сол себепті АҚШ-та өтуі мүмкіндігі туындады деп хабарлаған еді. Оған қоса жақында Шеремета АҚШ-қа жұмыс бабымен виза жасатып жатқанын да айтқан болатын. Ал енді Matchroom Boxing промоутерлік компаниясының басшысы және Головкиннің промоутері Хирн жекпе-жектің Қазақстанда өтуі мүмкін екені жайлы хабарлады. Оны атақты ESPN телеарнасы растап берді. "Біз бұл мәселені қарасытырып жатырмыз, - деді Хирн спорт арнасына берген сұхбатында. – Қазірше бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Бірақ, Қазақстанда өтуі әбден мүмкін".

Головкин мен Шеремета арасындағы жекпе-жектің өткізілетін уақыты бірнеше мәрте кері шегерілді. Алдымен 29-ақпан деп, кейін басқа кездесулермен қатар келгендіктен ол 28-наурызда өтетін болған. Енді тағы да дәл сондай жағдай орын алып, кездесу сәуір айына жоспарланып отыр.

Головкиннің қарсыласының айтуы бойынша оған бокс кешінің қай жерде өтетіні маңызды емес. "Жекпе жек 11-сәуір күні өтеді деп жатыр. Әрине, жарыстың қай күні өтетіні маңызды. Ал қай жерде өтетіні маңызды емес. Мен Головкинмен айда болса да жекпе-жекке шығуға дайынмын. Бастысы, жұдырықтасудың өтетін күнін ертерек білгім келеді. Себебі дайындық жұмыстарын бастауым қажет", - деді Шеремета.

Егер осы жолы Головкиннің кездесуі Қазақстанда өтсе, бұл оның туған елінде өткізген екінші шоуы болмақ. Естеріңізге сала кетсек, Головкиннің Қазақстандағы алғашқы жекпе-жегі елордадағы "Дәулет" спорт сарайында 2010 жылы 16 желтоқсанда өткен. Ол кездесуде GGG колумбиялық Нельсон Хулио Тапияны нокаутқа жіберіп, орта салмақ бойынша WBA титулын қорғап қалған еді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу