Бүгін таңертең Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында бокс кеші өтіп, ондағы негізгі жекпе-жекте Геннадий Головкин мен Стив Роллс жұдырықтасты. Бұл жекпе-жек ұзаққа созылмай, төртінші раундта аяқталып, GGG кәсіпқой бокстағы 39-ыншы жеңісіне қол жеткізді.
Головкиннің көп ішінен таңдап алған қарсыласының да әуселесін көрдік. Өзі айтқандай, көпшілікті сүйсіндіре алмады. Бірінші раундта жасқаншақтап жүргендей де болды. Соққылары әлсіздеу. Ал Геннадий қарқынын бірте-бірте үдетіп отырды. Алғашқы екі раундты бойқыздыру ретінде өткізгендей болды.
Геннадий төртінші раундта қарсыласын бастырмалата соққының астына алып еді, Стив Роллс арқанға тіреліп, қорғанысты мүлдем ұмытты. Әр төтеп бере алмай қалды. Ал жағынан тиген ауыр соққыдан соң етпетінен құлады. Нокаут. Бұл жекпе-жек осылай, Канада боксшысының (19-1, 10 KO) жеңілісімен аяқталды.
Геннадий Головкин (39-1-1, 35 KO) осы жеңісінен соң Сауль Альвареспен (Канеломен) үшінші рет айқасқысы келетінін мәлімдеді. Ал Канелоның промутері Оскар Де Ла Хойя өзінің твиттердегі жеке парақшасына "Әдемі жеңіспен оралдың. Енді нағыз қарымды боксшымен шық, Белбеу ұтып ал, сонда мен үшінші жекпе-жекті ұйымдастыруды ойластырамын", – деп жазды.
Бұл кеште біздің елден тағы да екі боксшы шыққан. Али Ахмедов (15-0, 11 KO) Америка боксшысы Маркус МакДэниэлмен (15-1, 2 KO) жұдырық түйістіріп, үшінші раундта техникалық нокаутпен үстем түсті. Қарсыласынан деңгейі жоғары екенін паш етті. Әрі екінші орта салмақтағы WBC International белбеуін жеңіп алды.
Ал жартылай орта салмақтағы Бахтияр Эюбов (14-1-1, 12 KO) Америка боксшысы Брайан Себальодан (9-0, 4 KO) ұтылып қалды. Сегіз раундқа созылған жекпе-жек төрешілердің бірауызды шешімімен аяқталды – 73:79, 74:78 және 72:80. Қазақстан боксшысы кәсіпқой бокс рингінде бірінші рет жеңілістің кермек дәмін татты.
Маруан Түсіп