18 қыркүйек күні таңертең Головкин – Канелло арасында тағы бір тартыс өтеді. Трилогияның үшінші бойына екі боксшы қатты дайындалып жатыр.
Отандасымыз күні кеше Лас-Вегас қаласына ұшып келді. Мексикалық былғары қолғап шебері Сауль Альварес Канелло да осында. Екеуі көз түйістіріп, баспасөз мәслихатын өткізеді. Одан өзге де шоу бағдарламаларға қатысып, "Биг драма шоудың" қызуын көтереді. Букмекерлік кеңселер де өз бағаларын беріп жатыр. Осы ортада АҚШқа танымал реппер Рефилое Пхуло 5,6 млн оқырманы бар инстаграмм желісінде өз пікірін білдірді.
"Менің досым қазір бабында. Головкин бұл кездесуді жеңуі үшін таңғажайып дүниелерге сенуі тиіс. Әйтпесе оның мына кездесуде ешқандай мүмкіндігі жоқ" деп жазады танымал тұлға. Cassper Nyovest лақап атымен танымал шоу-бизнесс өкілі осылай мәлімдеме жасап, Канеллоны ашық қолдайтынын жеткізді. Ол бұрыннан бері мексикалық боксшының фанаты болып келеді. Шынын айтуымыз қажет мұхиттың арғы жағындағы бокс мамандары да осындай пікір айтып отыр. Ал Қазақстандық сарапшылар Головкиннің сәл де болса мүмкіндігі бар екенін айтады.
Ербол Тұрымбет, журналист:
– Геннадий Головкин тәжірибиесі толысқан боксшы. Оның жасы да үлкен. Сауль Альварес Дмитрий Биволға жеңіліп қалған соң, қатты ашулы отыр. Осы жолы жеңіске жеткісі келеді. Бұл фактор оған кері әсер етуі ғажап емес. Сондықтан да, қазақстандық боксшыда мүлде мүмкіндік жоқ деу әбестік. Бұл кәсіпқой бокс, демек, мұнда бәр соққы кездесу тағдырын шешуі ықтимал. Оны қарағандылық боксшы жасаса ше?
Міне, қоғам пікірі екіге жарылып тұр. Бірі Альварес жеңеді десе, бірі Головкин ұтады деп отыр. Ал ең қызығы осы кездесуді қазақстандық телекөрермендер тамашалай алмай қалуы мүмкін. Себебі бізге жеткен ақпарат бойынша қазір Қазақстан аумағында ешбір телеарнаның бұл бокс кешін көрсету құқығына ие болмаған. Алайда жақын арада өзгерістер болып, көрсетілім жүзеге асуы да ықтимал.
Ермұхамед Мәулен