Головкинге қарсылас табылмай тұр

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2832

Шаршы алаңға қайта оралып, 8 маусымда келесі жекпе-жегін өткізетін Геннадий Головкиннің қарсыласы әлі анықталған жоқ.

Головкинге қарсылас табылмай тұр

2018 жылы қыркүйек айында Мексика майталманы Сауль Альвареске (51-1-2, 35 KO) есе жіберіп алғаннан бері Геннадий Головкин (38-1-1, 34 KO)  рингке әлі шыққан жоқ. Бірақ DAZN компаниясымен келісімшартқа отырып, үш жылда алты жекпе-жек өткізуге келісті. . Соның біріншісі 8 маусым күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтуі керек.

Геннадий DAZN стриминг-сервисімен келісімшартқа отырғалы оның алдағы қарсыласы туралы ақпарат көбейіп, жиі өзгеретін болып кетті. Бұл ретте әуелі поляк Камила Шереметамен (19-0, 4 КО) және америкалық боксшы Брэндон Адамспен (21-2, 13 КО) кездесуі мүмкін екендігі айтылды. Бірақ мұның барлығы құр қауесет, бос сөз болды.

Бұдан кейін Франция боксшысы Хассан Н'Дам Н'Жикамның (37-3, 21 КО) есімі аталды. Ол – осал боксшы емес, WBC Silver тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Енді британдық былғары қолғап шебері Джон Райдер (27-4, 15 КО) жайлы ақпарат тарай бастады. Бұл жігіт орта салмақтағы WBA рейтингінде көш бастап тұрған көрінеді.

Айтпақшы, Головкиннің WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Деметриус Андрадемен (27-0, 17 KO) кездесуі мүмкін екендігі де желдей ескен. Бірақ нақты ақпарат жоқ. Әрі Геннадийдің онымен жұдырықтасу ықтималдығы тым аз сияқты. Әйтеуір, GGG әлі кіммен айқасатынын түпкілікті шешкен жоқ.

Ал Канело (51-1-2, 35 KO) болса, 4 мамыр күні Лас-Вегаста (АҚШ) Дэниел Джейкобспен (35-2, 29 KO) жұдырық түйістіреді. Альварес орта салмақтағы WBC, WBA (Super) тұжырымдары бойынша чемпиондық атақтарын, ал Америка боксшысы IBF тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуін ортаға салады.

Екеуі WBC талабы бойынша, өзара жекпе-жекке 30 күн қалғанда бірінші салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Мексика майталманы 168,2 фунт (76,2 келі) тартса, Джейкобс 175,4 фунт (79,4 келі) болды. Қос чемпион да шектеуден, яғни 176 фунт (79,8 келі) салмақ шегінен асқан жоқ.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу