Головкиннің белбеуі сарапқа салынатын "төртеудің турнирі"

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
2123

Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) Қазақстанның кәсіпқой боксшысы Геннадий Головкиннің (36-0-0) WBC чемпиондық белбеуіне үміткер 4 боксшы арасында "төртеудің турнирін" өткізетінін мәлімдеді. Осы бәсекеде үздік шыққаны чемпиондық белбеу үшін Головкинмен жекпе-жек өткізуге мүмкіндік алады.

Головкиннің белбеуі сарапқа салынатын "төртеудің турнирі"

Үміткерлер төрттігін украиналық Евгений Хитров бастап тұр, одан кейінгі орындарда бұған дейін отандасымызбен кездесіп, оңбай "таяқ жеген" қос боксшы америкалық Кертис Стивенс (WBC Continental Americas) пен канадалық Давид Лемье бар, тізімнің соңында аргентиналық Хорхе Себастьян Хейланд тұр. Енді бұл боксшыларға жеке-жеке тоқталып өтсем.

1. Хорхе Себастьян Хейланд, 28-4-2 (15 КО)

29 жастағы аргентиналық боксшының біздің чемпионмен 6 жыл бұрын қолғап түйістіретін мүмкіндігі болған. Алайда ол 2010 жылы Головкин жаңғақша шаққан колумбиялық Хулио Нельсон Тапиадан ұтылады. Содан бері Хорхе Себастьян ел аумағынан шықпай, бірталай уақытын салмақ "қуумен" өткізді.

Екі жылдан кейін Ирландия асып, GGG-дің тағы бір қарсыласы британиялық Мэттью Маклинді нокаутпен жеңді. Араға 9 жарым жыл салып, өмір бойы армандаған АҚШ рингінде бақ сынауға мүмкіндік алады. Оның АҚШ бокс сүйер қауымы алдындағы алғашқы жекпе-жегі сәтті өтті. Бұл жолы жергілікті боксшы Анхель Эрнандесті 2-раундта техникалық нокаутпен ұтты.

Сонымен Хорхе Себастьян орта салмақтағы әлемнің үздігі Геннадий Головкинмен кездесуге тағы бір табан жақындады. Дегенмен, WBC ұйымы жариялаған "төртеудің турниріне" ілінген Себастьян Головкиннің белбеуіне үміткерлер сапында төртінші орында тұр.

2. Кертис Стивенс, 29-5-0 (21 КО)

31 жастағы америкалық боксшы кезінде, 2013 жылдың 2 қарашасында "жерлесімізді дәл рингте жер жастандырып, жерлеп кетемін" деп уәде берген. Алайда, "айдауылдың алдына түскен" бөспе жігіттің сөзі мен ісі бір жерден шықпай, "екі метр" ерні дүрдиген қалпы аяғы аспаннан келді. Одан кейінгі 3 жыл ішінде Стивенс 5 жекпе-жек өткізіп, 4 қарсыласынан басым түсті, біреуінде жеңілді (Хассан Н'Дам Н'Жикам).

Сонымен Кертис Стивенс те отандасымыздың белбеуіне үміткер ретінде Хорхе Себастьян Хейландтың алдына түсіп, үшінші орынға жайғасты.

3. Давид Лемье, 36-3-0 (32 КО)

Естеріңізде болса, 27 жастағы канадалық боксшы 2015 жылдың қазанында отандасымызбен шаршы алаңда жолығып, тәңірден тілеп алған жалғыз IBF чемпионы белбеуінен айрылып қалған еді. Бұл жекпе-жекке Головкин 3 бірдей белбеуін тікті. Сөйтіп, "мүйіз сұраймын деп, құлағынан айрылған" Лемьеге осы жекпе-жекте алған жарақатынан ұзақ емделуіне тура келді.

"Төртеудің турнирінде" екінші орынды иеленгенімен, ол өткеннен сабақ алса, GGG-ге қарсы шығуы екіталай. Дегенмен, Давид Лемьенің Қазақстан боксшысынан 7 жасқа кіші екенін ескерсек, қазір ол нағыз толысқан шағында екен. Жекпе-жек өтіп жатса, бұл – канадалықтың басты "көзірі" болмақ.

4. Евгений Хитров, 14-0-0 (12 КО)

"Төртеудің турнирінде" басты фаворит – украиналық саңлақ Евгений Хитров. Ол 2011 жылы әлем чемпионы, 2013 жылы Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері атанғанымен, кәсіпқой боксшылар арасында әзірге аты айтарлықтай таныла қоймаған боксшы. Дегенмен, кәсіпқой боксқа өткеніне 3 жыл болса да, Хитров талай мықтының "мүйізін қайырып", жылдам көтеріліп келеді. Өткізген жекпе-жектерінің 90 пайызынан астамын нокаутпен аяқтапты ал қарсыласының барлығы дерлік осал боксшы емес.

Украиналықтың келесі кездесуі 14 қаңтар күні өтеді, оның қарсыласы америкалық Имманивел Алим (16-0-1, 9 КО). Келер жылы Евгений Хитров 12 раундтық 3-4 жекпе-жек өткізіп, Геннадий Головкинмен кездесу мүмкіндігін бұрынғыдан да арттыра түспек. Қазірдің өзінде ол WBC нұсқасындағы отандасымыздың белбеуінен негізгі үміткер болып отыр.

Естеріңізде болса, бұған дейін WBC конвенциясында ұйым басшылығы "төртеудің турнирін" өткізіп, Геннадий Головкиннің WBC белбеуіне негізгі үміткерді анықтауды ұйғарған болатын. Отандасымыз келесі жекпе-жегін 18 наурызда америкалық Дэниэл Джейкобсқа (32-1) қарсы өткізеді. Бұл кездесуі сәтті өтіп жатса, осы "төртеудің турнирінен" үздік шыққан боксшымен келіссөз жұмысына кірісуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу