Головкиннің бұрынғы қарсыластары Канело мен Джейкобс айқасты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2621

Канело Головкиннен кейін Джейкобсті де жеңді.

Головкиннің бұрынғы қарсыластары Канело мен Джейкобс айқасты

Мексика майталманы Сауль Альварес төрешілер шешімімен Америка боксшысы Дэниел Джейкобстан басым түсті.

Бүгін таңертең Лас-Вегас төрінде Мексика жұлдызы Сауль Альварес (51-1-2, 35 KO) пен Американың жанкешті жігіті Дэниел Джейкобс (35-2, 29 KO) жұдырық түйістірді. 12 раундқа созылған жекпе-жек тең дәрежеде өтті. Әйтсе де, төрешілер жеңісті бірауыздан Мексика майталманына берді. Есеп – 116:112, 115:113 және 115:113.

Дэниел Джейкобс өзінің бойы мен қолдарының ұзындығына иек артып, ара қашықтықты сақтай отырып, жұдырықтасуға тырысты. Ал Канело пәрменді, ауыр соққыларын дөп тигізуді ойлады. Рас, жекпе-жектің екінші жартысында бас түйістіріп, бірін-бірі қойғыштаулары жиіледі. Әрине мұндай бетпе-бет айқаста Альваерстен асып түсу мүлде қиын.

Жекпе-жектің орта тұсында Джейкобс қарсыласын бір бұрышқа тықсырып, Канелоны қос жұдырығымен соққылай бастады. Алайда Альварес қапысын тауып, балғадай жұдырығымен ышқына ұрды. Оның дөп тиген ауыр соққысынан Дэниел тоқ соққандай селк ете қалды. Міне, бұл жекпе-жекті қысқаша ғана осылай суреттеуге болады.

Сонымен Сауль Альварес кәсіпқой бокс рингінде 52-ші рет жеңіске жетті. Ал Дэниел Джейкобс үшінші рет жеңілістің кермек дәмін татты. Геннадий Головкин болса, T-Mobile аренасында екеуінің жекпе-жегін көрермендер арасында тамашалап отырды. Өздеріңіз білесіздер, GGG екеуімен де жұдырықтасып, Канеломен тең түскен және ұтылып қалған. Ал Джейкобсты жеңген болатын.

Айтпақшы Канело бүгінгі жеңісімен Дэниел Джейкобстің IBF тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуін "тартып" алды. Бұған былтыр Геннадий Головкинді (38-1-1, 34 KO) жеңіп, қол жеткізген WBC, WBA (Super) тұжырымдары бойынша чемпиондық атақтарын қосыңыз. Орта салмақта абсолютті чемпион болу үшін оған тек WBO белбеуі жетіспейді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу