Головкиннің көп таңдаған қарсыласы кім

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3765

Кәсіпқой бокс саңлағы Геннадий Головкиннің 8 маусым күні жұдырық түйістіретін қарсыласы анықталды.

Головкиннің көп таңдаған қарсыласы кім

Төркіл дүниеге GGG ретінде мәшһүр болған жерлесіміздің келесі жекпе-жегі маусымның басында өтетіні мәлім болғалы қашан? Содан бері оның кіммен айқасатындығы жұмбақ болып келді. Баспасөз беттерінде біраз боксшының аты-жөндері аталып, болжам мен долбар көбейді. Бір айдан астам уақыт бойы, тура осылай "жекпе-жектің боладысы" қызып тұрды.

Енді міне, Геннадий Головкиннің 8 маусым күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында жұдырықтасатын қарсыласы мәлім болды. Ол көпшілікке беймәлім, Канада боксшысы Стив Роллс болып шықты. Бірден айтайық, оның boxrec сайтындағы көрсеткіштері – адам қызығарлықтай (19-0, 10 KO). Яғни кәсіпқой бокс рингіне 19 рет шығып, бәрінде де жеңіске жектен. Әрі оның 10-ында нокаутпен үстем түскен.

Бірақ оның кәсіпқой бокстағы жеңістеріне және өткізген жекпе-жектеріне тереңірек үңілер болсақ, көңіліңіз құлазып қалады. Сәуірдің 15-інде 35-ке толыпты. Ешқандай танымал боксшымен айқаспаған. Ол, ол ма?! Әлі күнге дейін 12 раундтық жекпе-жек өткізбеген... Кәсіпқой бокс рингіне алғаш рет осыдан сегіз жыл бұрын, 2011 жылдың 8 сәуірінде шыққан.

Жекпе-жектерінің көбісін өз отанында, яғни Канадада өткізген. Рас, алты рет АҚШ-та айқасыпты. 2015 жылға дейін 8 раундтық жекпе-жектер өткізіп келген. 2018 жылы АҚШ боксшысы КеАндре Лезервудпен (21-6-1, 13 KO) кездесіп, алғаш рет 10 раундтық жекпе-жекке шыққан. Әрі төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, Америкадағы USBA белбеуін жеңіп алған. Бар жетістігі – осы.

Айтпақшы, Роллс әуесқой бокста 83 рет жеңіске жетіп, 14 мәрте ұтылған.  2009-2010 жылдары Канада құрамасының сапында болған. Миланда өткен әлем чемпионатына қатысыпты (2009 жылғы). Әуелі грузин Леван Гуледаниді, одан кейін Италия боксшысы Лука Подданы жеңген. Алайда 1/8-финалында 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, 2010 жылғы Азия ойындарының чемпионы, Үндістан үміті Виджендер Сингхтан ұтылып қалған. Қорытынды есепте 12-орынды иеленген.

Міне, Геннадий Головкиннің қарсыласы осындай боксшы екен. Стив Роллс өзіне осындай мүмкіндік беріп отырған DAZN компаниясы мен GGG командасына алғыс білдіріп, дән риза екендігін жасырмайды. Себебі, енді ол 8 маусымға дейін бүкіл әлем назарында болады. "Жер өртемей-ақ" аты шығатын болды. Әрі "Головкин де – адам, мен рингке оны жеңу үшін шығамын. Сөйтіп, өз есімімді орта салмақтағы әлемнің ең үздік боксшылары қатарына қосамын" – деп, әлден отқа мая құйып отыр.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу