Басты мақсат Канелоны рингке "сүйреп" шығару болғандай...
Бұл жекпе-жектің түп тамыры – тереңде. Сондықтан әріден бастағанымыз жөн болар. Мексика боксшысын Головкиннің промоутерлері біраз жылдан бері ізіне түсіп, "қармақтарына" түсіре алмай жүрді. Геннадий отызында орда бұзып, қарсылас шақ келтірмей жүргенде Канелоның командасы жекпе-жектен жалтарумен болғандай...
Ол түсінікті. Өрімдей жас талантарын соққысы жойқын Головкиннің уысына тым ерте салып бергілері келген жоқ. Шойын жұдырықты Генаның шалқасынан түсіруі мүмкін еді. Олар Канелоның бұғанасы бекіп, қанаты қатып, жетіле түскенін қалады. Өйткені Альварес – олардың сенім артып отырған болашақ жұлдызы, керек десеңіз, пайда түсіруді көздеп отырған бизнесі...
Головкин наурыз айында Джейкобсті нокаутқа түсіре алмай, ұпай санымен ұтқан кезде, Канелоның командасы екеуара жекпе-жек өткізуге келісті. Олар да өз істерінің білікті мамандары ғой. Геннадийдің соққылары бұрынғыдай тау құлатарлықтай емес деп пайымдаған болар. Әрі Канело 27-ге толды. Шыңдала түсті, ысылды, жетілді.
Бірақ "біз келісеміз, рингке шығамыз" деп, бәріне бас шұлғи бермеген. Өз талаптарын көлденең тартып, оның барлығына дерлік қол жеткізген. Айтқандарын істеткен сияқты. Енді осыны тарқатып шығайық:
1) Головкин – Канело жекпе-жегі Мексика Тәуелсіздігі күні өтті.
2) Сыйақының (немесе гонорардың) басым бөлігі де солардың қалтасына түскендей...
3) Головкиннің командасы чемпиондық атақтары мен белбеулерінің бәрін де ортаға тастады. Тіпті Канело жеңсе, матч-реванштың да (есе қайтару кездесуінің де) қажеті жоқ екен...
4) Рингке бірінші... Головкин шықты!!! Не деген сорақылық?! Төрт тұжырым бойынша (WBA (Super), WBC, IBF және IBO) әлем чемпионы шаршы алаңға бірінші болып көтерілді. Ал Канело екінші болып шықты. Әлбетте, бәрі де керісінше емес пе еді?! Шынын айтсақ, бұл біздің намысымызға тиді. Футболда "Реал" мен "Барселона" өздерінің жарық жұлдыздары Криштиану Роналду мен Мессиді Хавьер Эрнандестен төмен қойғызар ма еді?!
5) Төрешілердің бірі Аделаида Берд ханым болған. Жекпе-жектен кейін бұл төрешінің әділеттілігіне күмән келтіретіндер көбейді. Ал Головкиннің промоутерлері қайда қараған? Төрешілерді танымай ма, кімнің қандай екенін білмей ме? Неге жекпе-жекке дейін осы мәселені көтермеген, реттемеген?!
Шектен тыс сенімділік
Әу баста Головкиннің командасы мұның бәріне келіскендей, көнгендей. Құдды, "не істемесе, соны істесін, бізге тек рингке шықса болды" деген ұстанымда болғандай. Кішкентай бала бір нәрсені бүлдіріп, былықтырып отырса, ата-анасы "не істемесе, соны істесін, тек жыламаса болды" дейді ғой. Тура сондай болғандай. Головкинің командасына тек Канелоның жекпе-жекке шыққаны керек болған сықылды.
Жекпе-жек қарсаңында ерінбегендердің бәрі болжам беріп, сәуегейлік жасап, "егер жекпе-жек 12 раундқа созылса, онда жеңісті Канелоға береді" деп жар салды. Мұны Головкиннің командасы да көрді, оқыды, білді, тіпті өздері де жоспар құрды. Олар жекпе-жекті 12 раундқа созбай, міндетті түрде мерзімінен бұрын аяқтау керек екенін, сіз бен бізден де жақсы білетін.
Абель Санчес тіпті (Головкиннің жаттықтырушысын айтамын), жекпе-жектің екінші жартысында өз шәкіртінің Канелоны сұлатып салатындығына шүбә келтірмеген сияқты. "Одан ертерек құлатса да, таң қалмаңыздар" деп, нокаутпен жеңіске жететіндеріне сенімді екендігін меңзеген жоқ па еді?!
Головкиннің өзі де "жекпе-жектен кейін қайсымыздың үйге, қайсымыздың ауруханаға баратынымыз белгісіз" деп отқа май құя түскен. Одан қалса, Джейкобсті нокаутқа түсірмеген себебі, Канелоны "қармаққа түсіру" екенін де тілге тиек етті. Ұзын сөздің қысқасы, Головкин Альваресті сұлатып салуы, нокаутқа түсіруі керек болатын. Басқа жол жоқ. Басқаша жеңіске жету мүмкін де емес еді...
Наразылық
Сонымен жекпе-жек өтті. Головкин Канелоны құлата алмады. Жекпе-жектің екінші жартысында да, оған дейін де нокаутқа түсіре алмады. Тіпті есеңгіретіп, нокдаунға жіберу де мүмкін болмады. Жекпе-жекті 12 раундқа созбау керек екендігін бәрімізден жақсы білетін команда енді төрешілерге өкпелі...
Керісінше, төрешілерге рахмет айтпай ма?! Бүкіл белбеуі мен чемпиондық атақтарын алып қалғанда қайтер еді? Төрешілер Головкиннің неше жылғы еңбегін, шүмектеп төккен терін бәрінен жоғары қойған болар. Әйтпесе, оның промоутерлері жаза басып, жарға жыққан еді...
Енді келіп санайды. Жеті раунд, жоқ сегіз раунд жеңіп едік деп. Айналайын-ау, сіздер "Геннадий Канелоны жекпе-жектің екінші жартысында шалқасынан түсіреді" деп, тым сенімді болған жоқ па едіңіздер. Тоғыз раундта жеңсеңіздер де, жеңіске жету екіталай "мәмілеге" қол қойған жоқсыздар ма? Неге әу баста төрешілердің құрамына наразылық білдірмедіңіздер?!
Иә, бұл жекпе-жекте Головкин қарсыласын құлатпақ болып, алға ентелеумен болды. Оны тықсырып, соққыны қарша боратты. Ал Канело қорғанысқа көп көңіл бөлді. Соққылары аз болғанымен, діттеген жеріне дөп тиіп отырды. Ол ұпай жинады.
Мәселен, футболда бір команда допты өзінде 70-75 пайыз ұстап, соққыны қарша боратуы мүмкін. Бірақ 30 пайыз ғана допқа иелік еткен команданың бір голмен жеңісті жұлып әкетуі ықтимал ғой. Головкин – Канело жекпе-жегінде де оңды-солды жұмсалған соққылар көп болды. Бірақ біз бірде-бір "гол" көрген жоқпыз...
Жалпы, осы жерде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі Головкин – Канело жекпе-жегіне берген пікірін көлденең тартуға да болар еді. Қазақстан Президенті Платонды мысалға келтіре отырып, тұзы татитын сөздер айтты.
Қорытынды
Головкин жеңілген жоқ! Жаза басқан – оның промоутерлері. Оларға керегі ақша, атақ-даңқ болар. Ал қазаққа керегі – Көк Туын желбіретіп, еліміздің атағын шығарып жүрген Головкин. Байқашы, Геннадий! Өйткені, осындайда есімізге Василий Жиров түседі...
Ал Канело тәнті қылды. Оны да мойындауымыз керек. Қалай қорғану керек екендігін паш етті. Тайқып кетеді, зып береді, әйтеуір өзіне соққы тигізбеуге тырысады. Жас боксшыларға әдістемелік құрал ретінде пайдалануға болатын өнер көрсетті.
Жекпе-жектен кейін ел "12 раунд бойы рингті айналып қашып жүрді" деп айтпасын дегені ме, ортаңғы раундтарында бұрышқа барып тұрды да. Головкинге өзін ұрғызды да... Бірақ Геннадий оны құлата алмады. Содан соң "соққыңды шыбын шаққан құрлы" көрмедім дегендей, ишара танытып, қарсыласын ызаландыра түсуге тырысты...
Айтпақшы, испан тілді басылымдар не деп, не жазып жатыр екен? Мексикалықтардың ойы қандай екен? Жекпе-жек нәтижесі олардың көңілдерінен шыға ма?..
Маруан Түсіп