Головкиннің Шереметамен қашан жекпе-жекке шығатыны белгілі болды

1870

Орта салмақтағы Әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің келесі жекпе-жегінің ресми түрде қашан және қай жерде өтетіні белгілі болды. 18-желтоқсан, Лос-Анджелесте Голливудта Головкин поляк боксшысы Камил Шереметаға қарсы шығады.

Головкиннің Шереметамен қашан жекпе-жекке шығатыны белгілі болды

Екі боксшы арасындағы жекпе-жек биыл бірнеше рет кейінге шегерілді. Ақпан айында Головкин жарақат алса, наурыз айында коронавирус пандемиясына байланысты өтпей қалды. Осыған байланысты 18-желтоқсан күні кездесу өтеді деп жарияланған кезде поляк боксшысының командасы бұған күмәнмен қарады. Тек ресми түрде бекітілген кезде ғана сенетіндігін мәлімдеген еді. Енді стримингтік қызмет көрететін DAZN компаниясы өзінің Instagram парақшасында осыған байланысты жазба жариялады. Головкиннің серіктес промоутері Эдди Хирн де мұны растады.

"Геннадий Головкин 18-желтоқсанда IBF нұсқасы бойынша қарсыласы Камил Шереметаға қарсы орта салмақтағы әлем чемпионы атағын 21 мәрте қорғап қалу үшін шаршы алаңға шығады және бұл рекордтық көрсеткіш тарихта қалады", - деді қазақстандық боксшының промоутері Twitter-де.

Сондай-ақ ол жекпе-жектің Hard Rock Holly қонақ үй-казиносында өтетінін мәлімдеді. Яғни, Голливудта, Калифорния штатының солтүстік-батысында орналасқан Лос-Анджелес аймағы. Головкин мен Шеремета АҚШ-тың киноиндустриясының тарихи орталығында жұдырықтасады. Ұйымдастырушылар былтырғы қазан айынан бастап қазақстандықтың қайтадан иелік ететін IBF белбеуі үшін күресін белгілі бір драмаға айналдырып отырғандай.

Головкин мен Шеремета осы жекпе-жекке қатысты мәлімдеме жасады. Қазақстандық боксшы кездесуде жеңіске жетіп, титулды қорғау бойынша рекорд орнатуды көздеп отыр. Головкин бұл жекпе-жектің "маңызды" екенін ерекше атап өтті.

Ал поляк боксшысы GGG-ден белбеуді жеңіп алуды ниет етіп отыр.

"Мен бұл атақты Польша үшін және отбасым үшін жеңіп алғым келеді. GGG - керемет чемпион, бокс тарихындағы ең мықтылардың бірі. Бірақ, оның орнын басатын уақыт келді. Осындай тамаша мүмкіндік үшін рахмет. Осы мүмкіндікті пайдаланып, орта салмақ бойынша Польшадан шыққан алғашқы Әлем чемпионы атануым керек", - деді Шеремета.

Естеріңізге сала кетсек, Головкиннің бокс әлеміндегі соңғы жылдардағы ең маңызды қарсыласы мексикалық боксшы Сауль Канело Альварес те 19 желтоқсанда, Техас штатының Сан-Антонио қаласындағы Alamodome аренасында орта салмақтағы британдық Каллум Смитпен жұдырықтасады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу