Голубев Италия ашық чемпионатының жартылай финалына шықты

1015

Жұптық сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Андрей Голубев Римде өтіп жатқан ірі теннис турнирінің жартылай финалына дейін жетті.

Голубев Италия ашық чемпионатының жартылай финалына шықты

Қазақстандық теннисші аргентиналық Максимо Гонсалеспен бірге ширек финалда уругвайлық Ариэль Бехар – эквадорлық Гонсало Эскобармен күш сынасты. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Бірінші партияда қос брейкке қол жеткізген қазақстандық-аргентиналық жұп айқын басымдылық танытты – 6:2. Екінші сет әлдеқайда тартысты өрбіп, матч тағдыры тай-брейкте шешілді – 7:6 (12:10). Бір сағат 45 минутқа созылған бәсеке барысында А.Голубев пен М.Гонсалес эйс жасамағанымен, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. А.Голубев пен М.Гонсалестің жартылай финалдағы қарсыластары Д.Шварцман/Дж. Изнер жұбы. Матч 14-мамыр елорда уақытымен 21:00-де басталады.

Ал әлемнің 40-ракеткасы Юлия Путинцева Рим WTA 1000 турнирінің ширек финалына шыға алмады. Ол үшінші айналымда әлемнің 7-ракеткасы, жуырда Мадрид турнирінің жеңімпазы атанған тунистік Онс Жабермен сынға түсті. Осыған дейін қарсыластар екі рет кездесіп, екеуінде де Жабер жеңіске жеткен еді. Бұл жолы бірінші партияда екі брейк жасаған тунистік теннисшінің жолы болды, есеп – 6:3. Содан кейін екінші сетті тағы бір брейкпен аяқтады, есеп – 6:2.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Италия астанасы Римде өтіп жатқан жекелей турнирде үшінші кездесуін өткізді. 1/8 финалда Елена әлемнің 29-ракеткасы швейцариялық Жиль Белен Тайхманға үш сетте 7:6, 3:6, 5:7 есебімен ұтылды. Кездесу екі сағат 58 минутқа созылды. Соңғы гейм алдында қазақстандық теннисші медициналық үзіліс алды. Кездесу барысында қазақстандық теннисші допты ойынға қосу кезінде екі рет қателесіп, сегіз ұпай жинап, үш гейм қатарынан жеңіске жетті.

Айта кетейік, бұған дейін Мадридте өткен турнирде де Рыбакина 1/8 финалдық кезеңде де Белен Тайхманнан жеңіліп қалған болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу