"Гран Пьемонте". Власов жүлделі орынға бір қадам жетпей қалды

1258

Италияда атақты "Гран Пьемонте" біркүндік веложарысы өтті. "Астана Про Тимнің" екі шабандозы он үздіктің қатарынан табылды. Александр Власов 4-орын иеленсе, ал Алекс Аранбуру мәреге 6-болып келді.

"Гран Пьемонте". Власов жүлделі орынға бір қадам жетпей қалды

104 мәрте ұйымдастырылған "Гран Пьемонте" жарысы Санто-Стефано-Белбодан басталып, 187 шақырымнан кейін Бароло қаласында аяқталды. "Астана Про Тим" белсенді өнер көрсетіп, күні бойы пелетондағы жағдайды өз бақылауында ұстауға тырысты. Негізгі топ Баролодағы финалдық айналымға келгенде толассыз шабуылдар орын алды. Алайда финишке 8 шақырым қалғанда алға озған топты пелотон қуып жетті.

Сәл кейінірек пелотоннан жаңазеландиялық Джордж Беннетт шабуылға шығып, жекелей алға озды. Александр Власов пен Алекс Аранбуру кезек-кезек көшбасшыны қуып жетуге тырысты. Бірақ, нәтижесінде Беннетт жеңіске жетті. Жеңімпаздан кейінгі топта келе жатқан шабандоздар қалған жүлделі екі орынды өзара сарапқа салды. Диего Улисси күміс жүлдегер атанса, Мэтью Ван Дер Пул үздік үштік қатарын толықтырды. "Астана" шабандозы Александр Власовқа үшінші орын иеленуге сәл ғана уақыт жетпей қалды. Нәтижесінде ол 4-орынға иеленді. Ал Алекс Аранбуру 6-орынға табан тіреді.

"Жарыс қиынға соқты. Өйткені бірде жоғарыға, бірде төменге жүріп отырдық. Сонымен қатар күн ыстық болып, жағдайды мүлде қиындатып жіберді. Команда тамаша жұмыс атқарып, тек алдыңғы қатарда болды. Өзімді жақсы сезіндім. Финиш алдындағы соңғы асу жолын жүріп өту оңай болмады. Дегенмен, көрсеткен нәтижеме көңілім толады. Командаға қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Енді келесі жарыстарға дайындаламын", -   деді Александр Власов.

"Биыл "Гран Пьемонте" ауырға соқты. Ал аптап ыстық оны одан әрі қиындатып жіберді. Иә, әрине, бәрінің де жеңіске жеткісі келеді және бұл біздің де ең басты мақсатымыз. Қол жеткізген нәтижеге көңіліміз толады. Команда бірге өте жақсы жұмыс атқарды. Біз жарысты өз бақылауымызда ұстадық. Көшбасшыларға көмектестік. Жарысқа арналған бірнеше жоспарымыз бар болатын. Власовты, Аранбуру мен Йонды жақсы позицияға шығаруға тырыстық және ол қолымыздан келді. Осындай қиын жарыс күнінде біздің екі шабандозымыз сайысты Топ-10-дықтың қатарында аяқтады", - деп қоса кетті "Астана Про Тимнің" спорттық директоры Стефано Занини.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу