Гранаткин турнирі: Қазақтар финалда

2296

Қазақстан Грекияны жеңіп финалға жолдама алды!

Гранаткин турнирі: Қазақтар финалда

Қазақ елі осындайда қуанбағанда, қашан қуанады дейсіз? Мұндай ойын күнде бола бермейді. Енді Қазақстанның негізгі ұлттық құрамасы жастардан үйреніңдер деп айта береміз, айта береміз. Қанша айтсақ та жалықпаймыз. Өйткені біздің 16-17 жастағы жасөспірімдеріміз сияқты батыл ойын көрсете білу керек. Еуропаның қанша мықты командасы болмасын біздің жастардың алдында бас июге мәжбүр болып отыр.

Міне, Валентин Гранаткин турнирінің былтырғы чемпионы Словенияны ширек финалда 2-0 есебімен ұтсақ, жартылай финалда 2004 жылғы Еуропа чемпионының інісі Грекия құрамасын жылатып отырған жайымыз бар. Бұдан былай еуропалықтар қазақтар да доп тебе алады екен деп айтып жүретіні анық. Айтсын, айта берсін! Расында қазақ балалары доп тебу тұрмақ, гол соғудан да кетәрі емес екенін дәлелдеп отыр.

Бұл ойында гректер фаворит саналған болатын. Алайда қазіргі қазақ жастары фаворитіңе қарамайды, олар Сан-Петерборға тек ойнау үшін, жеңіс үшін келгенін байқатып отыр. Ойын басталысымен біздің жігіттер шабуылға қойып кетті. Гректердің әбден естерін шығарды. Оңнан-солдан, ортадан кезек-кезек қауіп төндіріп, ақыры гректерді ойын ережесін бұзуға мәжбүрледі.

Нәтижесінде қаншама ойыншыны алдап өтіп, гол соға жаздаған шабуылшымыз Еркебұлан Сейдахметті айып алаңында құлатып, бас төреші Константин Юданов пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын 7-нөмірлі Айдос Орал әдемі соқты. Есеп – 1-0. Қазақтар алға шықты!

Бұдан соң гректер есін жиып, ақырындап шабуылға шыға бастады. Бірақ еш нәтиже шықпады. Керісінше қазақтардың бірнеше шабуылы өте қауіпті болды. Дегенмен 1-тайм өзгеріссіз аяқталды. Ал 42-минутта арбитр 22-нөмірлі ойыншымыз Жанәлі Пайрузды алаңнан қуып, қазақтар 10 футболшымен қалды.

Екінші таймда біздің жігіттер бір ойыншыға кем ойнады. Соған қарамастан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Кузнецов үзіліс кезінде шабуылды тоқтатпау керек деп нұсқау берсе керек. Олай дейтініміз, біздің команданың шабуылға деген, гол соғуға деген құлшынысы айқын көрініп тұрды. Сондай сәттердің бірі ақыры голға ұласты. 49-минутта Еркебұлан Сейдахмет пен Айдос Оралдың оң қапталдан жасаған әдемі шабуылы осы Гранаткин турниріндегі ең үздік комбинация атанатын шығар. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, көру керек. Гол соққан тағы да Орал Айдос (2-0).

Өкінішке қарай гректер бізге бір гол салып кетті. Бұл ойынның 58-минуты болатын. Гректер есеп айырмасын қысқарту үшін, бүкіл командамен шабуылдады. Сол еңбектері зая кетпеді. Бұл жерде қақпа алдындағы қарбалас сәт болғандықтан ба, жоқ әлде гректердің шабуылшылары бойшаң ба, әйтеуір 7-нөмірлі Тзоварас Георгиос баспен бір емес, екі рет ұрып жатып гол салып кетті (2-1).

Осы голдан кейін біздің жігіттер көбіне қорғанысқа мән беріп, артқа шегінді, алайда қарымта шабуылдары гректерге қауіп төндіргені рас. Сондықтан болар гректердің шабуылдары сенімсіздеу шығып жатты. Олар Еркебұлан Сейдахметке жалтақ-жалтақ қарап, ақыры сол Еркебұланға ие бола алмай қалды. Сейдахмет қақпашымен бірге-бір шығып, керемет мүмкіндікті жіберіп алды, голкипер Тзифтзис Антониос жарады. Гол соғуға болушы еді, бірақ біздің жігіт 90 минут бойы тынымсыз жүгіріп, аздап шаршаңқырап қалғаны көрініп тұрды. Тың болғанда сөз жоқ Еркебұлан мүлт кетпес еді. Расында біздің жігіттер қатты шаршады, тіпті ойын соңына таман жартылай қорғаушымыз 6-нөмірлі Дарын Саюновтың сіңірі тартылып, жатып қалды.

Қалай дегенмен де қазақтар ұятқа қалдырмады. Намысқа тырысып, ойынның соңына дейін шабуылды тоқтатқан жоқ. Ал бас төреші негізгі уақытқа қосымша 4 минут қосқанда гректерде гол соғуға мүмкіндік болды. Бірақ қарсыластың екі ойыншысы допқа таласып жүргенде, қақпашымыз Даниил Устименко олардан допты тартып алды. Сөйтіп Қазақстан 2-1 себімен жеңіске жетті.

Даниил Устименко бізді қанша голдан құтқарды, әсіресе екінші таймда. Сол себепті болар ұйымдастырушылар қақпашымызды ойынның ең үздігі деп таныды. Гректерден 5-ші нөмірлі қорғаушы Пападогиоргакис Маринос үздік атанды, ол расында командасын бірнеше голдан құтқарып қалды.

Құттықтаймыз! Бүкіл Қазақ елі атынан біздің жастарға шыдаңдар, бір ғана ойын, финалдық кездесу қалды демекпіз! Ресейліктер өзара сынға түсіп екінші финалисті анықтады.

Сан-Петербор – Ресей құрамаларының тартысты ойыны 1-4 есебімен Ресей құрамасының жеңісімен аяқталды.

Ресей – Қазақстан арасындағы финалдық кездесу 21 қаңтар күні өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу