Балуандардың неліктен осылай сәтсіздікке ұшырағанын ОКҚ алаңында тілшілер грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақтияр Байсейітовтан сұрап көрген еді. Бас бапкер бұл сұрақтарға жауап бере келіп, Қазақстанның бүкіл жанкүйерлері мен халқынан кешірім сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.
"Алдағы уақытта тиісті жұмыстар әлбетте, жүргізіледі. Терең талдау жасалады. Токио алдындағы даярлық туралы айтар болсақ, бізде бәрі жақсы болған. Біз Токиоға 24 шілдеде келіп, спортшыларымыз климатқа бейімделіп үлгерді. Спортшы салмақ қуу жағынан да бабында еді (кім екенін атаған жоқ, болжам бойынша қырғыз балуанынан жеңілген Мейрамбек Айнағұлов болуы керек – авт.) Бірақ ол қойылған нұсқаулықты орындамады. Біз алдын ала видеоларды көріп, ол шыққан қырғыз балуанына талдау жасағанбыз. Ол нұсқаулықты орындамай, күрес тілімен айтқанда "қарсыластың ережесімен ойнап кетті". Алғашқы қателігі де сол еді. Белдесу басталғаннан 15 секунд өтпей жатып, солақай қарсыласын сол жақ қапталдан алғысы келді. Күрестің не екенін білетін адамдар мұны түсінеді. Мәселен, Серік Сәпиевтің өзі солақай боксшымен қалай жұдырықтасу керектігін білетінін сенімдімін. Біз айтқанмен, ол сол нұсқаулықты орындамай, ақыры жеңіліп қалды. Қарсыластың қақпанына түсті", - дейді Бақтияр Байсейітов.
Бас бапкер бұл нәтиже үшін елге келгенде есеп беретінін айтады.
"Демеу Жадыраев бойынша айтарым, басын төмен түсірмеуі керек еді. Бұл – ақымақтық қателік болды. Басыңды төменге түсірме деп айғайладық. 30 секунд қана қалғанда басын төмен түсірді де, жапон балуаны оны осы қателігі үшін бірден жазалады. Демеу өзі қалай жеңіліп қалғанын ұқпай қалды. Нұрсұлтан Тұрсынов туралы айтар болсам, ол белдесуге дайын еді. Бірақ ол 4 жылдық үлкен үзілісте болған. Бәлкім, оған сайыс тәжірибесі жетпей қалды ма екен... Соған қарамастан ол жақсы күресті. Менің ойымша, оның күресінің нәтижесі – төрешінің қателігі", - дейді ол.
Осы жылдың басында Ослода грек-рим күресінен әлем біріншілігі өтеді. Команданың ендігі жоспары – сол біріншілікте жақсы нәтиже көрсету болып отыр.
"Мен Қазақстанның бүкіл халқынан, жанкүйерлерінен кешірім сұрағым келеді. Шынымды айтсам, өзім де ыңғайсызданамын. 2 жыл бұрын ғана Нұр-Сұлтанда өткен чемпионатта командаға бас бапкер болып келдім. Алдымда Азия, әлем чемпиондары болмады. Әлем біріншілігіне екі ай ғана қалған кезде тағайындалсам да, біз ол чемпионаттан бір күміс, екі қола медаль алдық. 2020 жылы Ази чемпионатында алтын алдық. Азия чемпионатында биыл 2 алтын, 2 күміс медаль алдық. Бұл – спорт. Мұнда бәрі болады. Мен тағы да жанкүйерлерден кешірім сұраймын", - деді ол.
Аян Бекенұлы