Грек-рим күресінен екі балуанымыз Азия чемпионы атанды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
7580

Бішкекте күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталып, әзірше Қазақстан қоржынына 2 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль түсті.

Грек-рим күресінен екі балуанымыз Азия чемпионы атанды Фото: unitedworldwrestling.org

Биыл неге тым ерте күресті балуандар?
Негізі, Азия чемпионаты жыл сайын сәуір-мамыр айларында өтетін. Алайда Бірлескен күрес әлемі (UWW) басшылары биылғы құрлық біріншілігін жыл басына ауыстырыпты. Осыған байланысты, еліміздің грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы Қазақстан чемпионатын көктемге шегерген. Енді күрес түрлерінен Бішкек қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатына келейік. Қырғыз елінің астанасына 38 мемлекеттің ең үздік балуандары жиналып, "Сарықұрлық" біріншілігі грек-рим күресі шеберлерінің белдесулерімен басталды.

Қазақ чемпион болса да, бізде алтын жоқ
Бірінші күні 55, 63, 77, 87 және 130 келі салмақ дәрежелеріндегі балуандар бақ сынады. Өкінішке қарай, жоғарыдағы бес салмақ дәрежесінде де жігіттеріміздің бақтары жанбай, ешқайсысы финалға шыға алмады. Ел қоржынымызда тек 3 қола медаль түсті.

55 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған алматылық Қорлан Жақанша алғашқы айналымда қырғыз балуаны Жоламан Шаршенбековтен ұтылып қалды. Бірақ қарсыласы финалға шығып, жапон Шота Танакураға есе жіберіп алды да, күміс жүлдені қанағат тұтты. Сөйтіп, біздің Қорланға қола медаль үшін белдесу мүмкіндігі берілді. Ол мұны мүлт жібермей, Қытай балуанынан басым түсіп, үшінші орынға ие болды.

63 келі салмақта сынға түскен ақтөбелік Мейрамбек Айнағұловқа да Азия чемпионатының қола жүлдесі бұйырды. Ол ширек финалда Иран үміті Морад Абдевалиді айқын басымдықпен ұтқан (10:0). Алайда жартылай финалда Өзбек елінің намысын қорғайтын қандасымыз Елмұрат Тасмұрадовтан айласын асыра алмады. Ал қола медаль үшін өткен белдесуде үнді балуаны Викрам Курадеден үстем түсті (9:0). Тасмұрадов болса, топ жарып тынды.

Биыл 77 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған қостанайлық Мақсат Ережепов те қола жүлдені қанағат тұтты. Бұлай дейтін себебіміз, ол былтыр Нью-Делиде (Үндістан) өткен Азия чемпионатында 75 келіде күресіп, алтынмен апталған болатын. Алғашқы белдесуінде Иран балуаннан ұтылып қалды. Әйтсе де, қола жүлде үшін белдесу құқығына ие болып, боз кілемге екі рет шықты. Әуелі тәжік балуанын, одан кейін жапон жігітін жеңіп, жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Өкінішке қарай, 87 және 130 келі салмақ дәрежелерінде белдескен қарағандылық Хусейн Муцольгов пен павлодарлық Антон Савенко жүлделі орындарға бір сүйем жетпей сүрінді. Х.Муцольгов ширек финалда, А.Савенко жартылай финалда ұтылып қалды. Екі балуан да қола медаль үшін күресіп, жеңілістің кермек дәмін татты да, құрлық біріншілігін бесінші орынмен тәмамдады.

Ресми түрде екі қазақ – Азия чемпионы
Азия чемпионатының екінші күні ел қоржынына екі алтын түсті. 67 келіде белдескен, Астананың намысын қорғайтын Алмат Кебісбаев әуелі өзбек Мирзобек Рахматовты тізе бүктірді. Жартылай финалда үнді үміті Маниш Маништі бұйым құрлы көрмеді. Финалда жапон Сухика Шимояданы жеңіп, алтынмен апталды. Әрі екі дүркін Азия чемпионы атанды. Бірінші рет 2011 жылы Ташкентте 60 келі салмақ дәрежесінде топ жарған.

82 келіде ел намысын қорғаған Асхат Ділмұхамедов (Алматы облысы) сенімді ақтап, ел қоржынына екінші алтынды салды. Әуелі жапон Ю.Маетаны жолынан тайдырды. Одан кейін оңтүстіккореялық Ж.Кимнен де басым түсті. Финалда жергілікті қырғыз балуаны Атабек Азизбековпен күресіп, өте шиеленісті өткен белдесуде 5:2 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп алғаш рет құрлық чемпионы атанды. Бұған дейін Азиядан екі рет қола жүлде алған болатын (2011 және 2016 жылдары)

72 келі салмақ дәрежесінің финалында да қазақ – қырғыз балуандары белдескен болатын. Демеу Жадыраев (Алматы облысы) финалда жергілікті Ақжол Махмудовпен күресіп, шектен тыс тартысты өткен белдесуде 6:8 есебімен ұтылып, күміс жүлдені қанағат тұтты. Оған дейін өзбекстандық Арам Варданян мен қытай Юан Джиангты кілемге аунатқан болатын.

97 келі салмақта сынға түскен Ерұлан Ысқақов (Қарағанды облысы) бұл жолы қола жүлдені қанағат тұтты. Әуелі Қытай балуанынан басым түскенімен, жартылай финалда Иран балуаны Сейдмустафа Салехизадеге есе жіберіп алды. Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде Ирак жігіті Али Хамид Аль Каабиді жеңіп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Өкінішке қарай, 60 келідегі Айдос Сұлтанғали (Қызылорда облысы) алғашқы белдесуінде Иран балуанына есе жіберіп алып, кілемнен тыс қалды. Сөйтіп, бес балуанымыздың төртеуі жүлдеге ілігіп, екеуі чемпион атанып, жанкүйерлеріміз қуанышқа кенелді.

Түйін
Нұрым Дүйсенов жаттықтыратын грек-рим күресі шеберлері Бішкек төріне жайылған боз кілемде ел намысын абыроймен қорғады. Азия чемпионатынан екі алтын, бір күміс, төрт қола олжалап, мерейімізді тасытты. Жалпы командалық есепте 156 ұпаймен екінші орынға ие болды. Қырғыз балуандарының бір ұпай артық болып шықты. Ал медаль саны бойынша Иран мен Жапониядан кейін орналасты.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу