Гриорий Бабаян: "Бұл біздің ортақ жеңісіміз!"

1596

38 ұпай жинаған "Тобыл" командасы турнирлік кестеде екінші орында тұр.

Гриорий Бабаян: "Бұл біздің ортақ жеңісіміз!"

Қостанайлық "Тобыл" Премьер-лиганың 21-турында "Таразды" сенімді түрде жеңді. Алматыдағы "Жас Қыран" стадионында өткен кездесу 2:0 есебімен аяқталды. Ойынның 24-минутында "Тараз" капитаны Мақсат Әмірханов қолмен ойнағаны үшін алаңнан қуылды. Ал 26-минутта Азат Нұрғалиев пенальтиден гол соқты. 82-минутта Роман Муртазаев екінші голды соғып, матчтың нүктесін қойды. "Тобыл" жеңістің арқасында Премер-лиганы екінші орынмен аяқтады. "Тараз" 20 ұпаймен тоғызыншы орында қалды.

Кездесу аяқталған соң қостанайлық футбол клубының бас бапкері Григорий Бабаян ойынға қатысты, жалпы маусымдағы қиындықтар жайлы, команданың осындай жетістікке жетуінің сыры неде екенімен бөлісті.

"Бұл өте эмоционалды және жүйке жұқартарлық матч болды. Өйткені біз бүгін вице-чемпион болғымыз келді. Бұл жоспарымызды соңғы турға қалдырғымыз келмеді. Ең бастысы, біз бүгін жеңіске жеттік және елдің вице-чемпионы атағын жеңіп алдық.

Ең алдымен "Тобыл" футбол клубының жанкүйерлерін күміс жүлдегер атануымен құттықтағым келеді. Менің ойымша, бұл бүкіл Қостанай футболы үшін үлкен әрі маңызды жетістік. Өкінішке орай, әлемдегі қазіргі жағдайға байланысты біздің жанкүйерлеріміз "Тобылға" стадиондарда отырып қолдау көрсете алмады. Бірақ біз олардың қолдауын маусым бойы сезіндік. Командаға қиын болған кезде, жанқияр жанкүйерлер бізбен бірге болды. Біз мұны сездік. Сол үшін өте ризамыз. Біз бұл күміс жүлдемізді жанкүйерлерімізге арнаймыз.

Ойыншыларымызға да үлкен алғыс айтқым келеді. Олар Тобыл үшін бар күштерін салып, соңына дейін күресті. Біз ойыншыларға алғашқы күннен бастап мүмкін емес нәрсе жоқ екенін айта бастадық. Егер бізде тәртіп пен жігер болса, кез-келген қарсыласпен ойнай аламыз.

Психологиялық тұрғыдан алар болсақ, биылғы маусым бізге қиынға соқты. Өйткені біз Қостанайдан алыс едік. Бір локацияда ойнадық. Мұның бәрі команданың дайындығына әсер етті. Бірақ бұл сынақтан өтіп, ауыр бәсекелестермен қиын күресте күміс медальді жеңіп алдық. Бүгінгі матч алдында біз "Астанамен" кездесу өткзіздік. Ал бұл команда соңғы 7-8 жыл бойы құрылған команда. Ордабасы да осы құрамда үш жылдан астам уақыт ойнап келеді. "Қайсар" мен "Жетісу" осы маусымға жоғары міндеттер қойған болатын.

Ал біз жаңа команда құрдық. Ойыншылардың басым бөлігі жаңадан келген. Бапкерлер құрамы да солай. Соңғы бес-алты ойынды қалай өткізгеніміз біздің дұрыс бағытта жүргенімізді көрсетеді. Команда өсіп, жетілді. Көп нәрсеге дұрыс көзқараспен қарауды үйренді.

Мен облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке ерекше алғыс айтқым келеді. Елдегі қиын жағдайға қарамастан, ол осы маусымда команданы жан-жақты қолдады. Мен оны күміс жүлдегер атануымен шын жүректен құттықтаймын. Қолдауларыңыз үшін көп рахмет!

Сондай-ақ, клуб директоры Николай Панинге, спорт директоры Нұрбол Жұмасқалиевке, жаттықтырушылар құрамына, медициналық штабқа және жүргізушіге рахмет. Жалпы, клубтың барлық қызметкерлерінің осы нәтижеге тікелей қатысы бар адамдар. Баршаңызға рахмет! Бұл біздің ортақ жеңісіміз!" - деді Бабаян.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу