Грузия қазақтарды несімен қызықтырады

22525

Жаңа Президент Ресейден туристер тарту үшін не істеп жатыр.

Грузия қазақтарды несімен қызықтырады

Туризм – грузиндер үшін аграрлық сектормен қатар тұрған басым бағыт. Былтырғы жылы Грузияға 8 млн адам келіп,  ел қоржынына 3,2 млрд доллар түскен. Сол келген 8 млн адамның 58 мыңнан астамы қазақстандықтар.

Қазақстаннан келетін туристердің басым бөлігі – бұл Нұр-Сұлтан,  Алматы және Ақтау қалаларының тұрғындары. Биылғы жылдың бес айында Грузияға келген туристер саны былтырғыға қарағанда 63%-ға көп. Грузиядағы  туризмнің ұлттық әкімшілігіндегілер Қазақстан – Грузия үшін маңызды және динамикалық нарықтардың бірі екенін айтты.

Жалпы Қазақстан осы елге жарты жылда келген қонақтар саны бойынша 10-орында тұр. Ал Грузияға алты айда келген ресейліктер саны 691,5 мың адам, өсім 31,2%. Статистика мәліметі бойынша, сапарлап келушілердің ішінде ресейліктер, әзербайжандықтар, армяндар мен түріктер көш бастап тұр. Сонымен қатар Саудия, Украина, Израиль, Польша, Үндістан, Германиядан да туристер келуде.

Еске салар болсақ, 8 шілде күні Ресей Грузиямен арадағы саяси қайшылықтарына байланысты бұл елге тікелей рейстерге тыйым салған болатын. 

Саясат туризм саласына да әсер етті. Алайда грузиндердің "салы суға" кетіп отырған жоқ. Сондай-ақ Еуропа мен Таяу Шығыстың нарықтары тараптарынан да туристер ағынының белсенді екені байқалуда.  Сонымен қатар Грузия үшін жаңа нарық болып табылатын Үндістан мен Қытай сияқты елдерден де келушілер жоқ емес. "Ел үшін туристердің саны емес, сапасы маңызды. Ал бұл Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және АҚШ-тан табысы жоғары туристерді тарту деген сөз. Грузия үкіметінің алдағы уақытта туристік нарықтарды әртараптандыру және туризмнің ұлттық әкімшілігі бастамасы бойынша  Еуропа, Азия және басқа елдерден келетін туристер санын арттыруға ұмтылатынын көріп отырмыз. Осы мақсатта Грузия CNN және Bloomberg-те белсенді жарнама науқанын жүргізіп жатыр. Аталған науқан Грузияны танытуға бағытталған. Жеке сектор тарапынан туристерді тартуға арналған әртүрлі акциялар мен ұсыныстар бар екенін де атап кету керек", – деді inbusiness.kz-ке ведомство өкілі.

Грузия тек бір елдің ғана туристеріне басымдық бермей, шетелде көп векторлы саясат пен әртүрлі маркетингтік компаниялар жүргізе отырып, туризмді мақсатты түрде дамытып отыр.  Олар 2019 жылды туристік инфрақұрылым жылы деп жариялаған. Мемлекет туризмнің эко, медицина, шарап, жағажай, тарихи сияқты танымал түрлерін жоспарлы түрде дамытуға ниетті. Келешекте елдегі демалысты жыл бойы ету, қысқы курорттарды жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отыр.

Ресейден келетін туристер ағынының төмендеуі "Жазды Грузияда өткіз!" қоғамдық компаниясына шабыт беріп, бұл ауқымы бойынша ұлттық шараға ұласты. Тіпті ел президентінің өзі қолдау көрсетіп, әлеуетті туристерге арнап "Сіздерді грузиндердің қонақжайлығымен қарсы аламыз, жазды Грузияда өткізіңіз!" деп бейне жолдау жазды.

Таяу күндері ресейлік онлайн-баспада Ресейден келген туристерге шабуыл жасалғаны туралы ақпарат жарық көрді. "Соңғы жылдары Грузияда ресейлік туристерге шабуыл жасаған бірде-бір оқиға тіркелмегенін тағы қайталап айтамыз. Грузия – көптеген халықаралық стандарттарға сәйкес азаматтардың, оның ішінде шетелдік туристердің қауіпсіздігі жоғары деңгейде қамтамасыз етілген ел", – деп мәлім етті Грузиядағы туризм ұлттық әкімшілігі.

Ведомство БАҚ-тардан жалған ақпарат таратпауын өтінді. Өйткені ол Грузияның бейбіт, қауіпсіз, қонақжай ел ретіндегі имиджіне нұқсан келтереді.

Грузия халқының саны 3,7 млн адам, Тбилисиде 1,6 млн адам тұрады.

Айгүл Төлекбаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу