Грузиядағы қазақ қызының өліміне байланысты тың мәлімет шықты

2354

5 мамырда 26 жастағы Қазақстан азаматы Әсел Айтпаева белгісіз жағдайда Тбилисиде қайтыс болған еді.  

Грузиядағы қазақ қызының өліміне байланысты тың мәлімет шықты

Қыздың анасы Айсұлу Айтпаева тергеудің әділ жүруін бақылау үшін Грузияға келді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Іnstagram-дағы ZTB тобы таратқан мәліметке сәйкес, Айсұлу Айтпаева тергеудің әділ жүруін талап етіп отыр.

"Әсел Айтпаеваның анасы тергеудің әділ жүруін бақылау үшін Грузияға келді", - деп жазылды хабарламада.

Айсұлу Айтпаева қылмыстық істің материалдарымен танысатынын, мәйітті анықтау керегін жеткізді.

Оның айтуынша, бүгін сот-медициналық сараптамасы жүргізіледі.

"Мен қызымды өлтірді деген күдіктемін. Ол (Әсел Айтпаева – автор) терезеден секіріп өлетін адам емес", - деді қыздың анасы "Экспресс К" газетіне берген сұхбатында.

Ол туысы Әселді машинаға айырбастауы мүмкін екенін атап өтті.

Грузиядағы қазақ қызының өлімі

5 мамырда Грузияның астанасы Тбилисиде Қазақстан азаматы Әсел Айтпаева терезеден секіріп, көз жұмды. Бұл факт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

6 мамырда бұл іске қатысы бар деген күдікпен ер адам ұсталды. Грузия прокуратурасы оған зорлады және өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізді деген айып тақты.

"5 мамырда күдікті қызды өлтіремін деп қорқытқан. Сосын зорлап тастаған. Жәбір көрген қыз ауыр психикалық соққы алған. Ол өз-өзіне қол салды", - деп жазылды Sputnik Грузия ақпарат агенттігі таратқан хабарламада.

Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 8-10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Өлтіріп тастаймын"

Әсел Айтпаева өлерінің алдында құрбысына жантүршігерлік аудиожазба жіберген. Бұл туралы бөлесі Айна Айтпаева "Экспресс К" газетіне берген сұхбатында айтқан.

Оның айтуынша, аудиожазбада қыз туысқанының бизнес әріптесімен сөйлескен. Одан терезеден секіріп кеткен қызды зорлап, сатып жібергенін түсінуге болады. Ер адам оның ар-намысына тиетін сөз айтып, "мүгедек қылып тастаймын", "өлтіремін" деп қорқытқан.

"Күйеу баламның жазаланғанын қалаймын"

Ал қайтыс болған қыздың анасы Айсұлу Айтбаева тергеудің әділ жүруін талап етеді. Ол Әселді Грузияға туысының күйеуі алып барғанын жеткізді.

Оның айтуынша, ол қызын Грузияға көлік алып-сататын бір фирмаға жұмыс істеуге шақырған, алайда оны алдап кеткен.

"Менде аудиожазбалар бар. Ол жерде бір ер адам қызымның үстіне қайнаған су құямын деп қорқытады. Кейін "секір, секір" дейді. Қазір Грузияда біреуді ұстады деген ақпарат шықты. Бірақ мен күйеу баламның жазаланғанын қалаймын. Ол түк болмағандай жүре ме? Ол да, оның туыстары да кешірім сұраған жоқ", – деді Айсұлу Айтпаева Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Дәурен Ерболат

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу