Гүлмамыр Нұржан: "Арнайы уақыт пен қаржы шығармай маман болдым"

6785

Қазақтың киіз үйі – халқымыздың тарихындағы алғашқы сәулет құрылысы. Оның әр бөлігінде терең мағына, астарлы сыр, қасиетті мән жатыр.

Гүлмамыр Нұржан: "Арнайы уақыт пен қаржы шығармай маман болдым"

Жылдар өтіп, ғылым дамыған сайын, өркениетіміз шарықтап, көп қабатты үйлер киіз үйдің орнын жаулап алғалы қашан. "Заманына қарай амалы" демекші, халық өзіне ыңғайлы, жайлы өмірге үйреніп барады. Тіпті бүгінде үйді сәндеу үшін арнайы мамандарға жүгінеді. Өз ісін жақсы білетін дизайнер бөлменің ыңғайлы, әдемі болуы үшін бар өнерін салады. Жер үй болса, сыртына дейін сәндеп, ерекше талғаммен безендіреді.

Елімізде үйді безендірумен айналысатын мамандар өте аз. Арнайы мамандықты оқып шыққанмен, рухани таныммен астасқан табиғи талант пен талғам болмаса, бұл салада шынайы маман болып қалыптасуың екіталай.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Гүлмамыр Нұржан – жоғары білімі бойынша киім дизайнері. Кез келген маманның сұранысқа ие болуы оның бірнеше профильді болуымен анықталатыны белгілі. Гүлмамыр – киім дизайнері мамандығын үй интерьері кәсібімен шебер астастыра білген заманауи маман иесі, қазіргі таңда үлкен ғимараттар, кеңселер мен үйлер, оқу орталықтарының, жеке пәтерлердің дизайнын жасап, көпшіліктің талғамын дөп басып таба алатын мықты маман болып отыр. Осы бір жас саланың қыры мен сыры, ерекшелігі жайында сұхбаттасу үшін Гүлмамыр ханымды сөзге тарттық. Мүмкін өсіп келе жатқан ұрпақтың мамандық таңдауына септігіміз тиер деген тілекпен...

– Гүлмамыр ханым, мамандығыңыз жайында айтып берсеңіз.

– Мен кішкентайымнан өз үйіміздің ішіндегі жиһаздардың орнын ауыстырып, өзгертіп отырғанды жақсы көретінмін. Ағайын-туыстарымыздың үйлерін де өзімнің ойымдағыдай ерекше етіп безендіргім келетін. Осындай мамандықты оқығым келді. Бірақ үй іші өзім таңдаған – үй дизайнеріне емес, қыз балаға лайық "киім дизайнеріне" оқығанымды дұрыс деп шешті. Киім дизайнерлігінің де қыр-сырын үйренудің, теориясын білудің өзімнің сүйікті мамандығыма оралуыма кедергісі болған жоқ, қайта екеуі де әсемдік пен үйлесімділікті талап ететін нәзік болмысымен мені тәнті етті. Бірнеше жылдар бойы өз бетімше оқып, іздену арқылы екінші мамандығымды да біршама игеріп алдым. Жалпы, "оқудың ең нәтижелісі – өз бетіңше оқу" деген қағиданы құптаймын. Қазір ізденетін маманға мүмкіндік мол. Мені, әсіресе еуропалық мамандардың жұмыстарын зерттеу көп қызықтырады.

– Сонда мамандықты меңгеруге қанша уақыт кетті?

– Бұл мамандықты меңгеру қандай да бір уақытпен шектелмейді. Себебі, сен негізгі талаптарын меңгергеніңмен, жаңа тенденцияларды бақылап, қадағалап отырмасаң, артта қалып қоясың. Яғни мамандықты меңгеру үшін өмір бойы біліміңді толықтырып отыру керек. Мен үздіксіз ізденістер арқасында арнайы уақыт пен қаржы шығармай маман болдым. Қазіргі жастарға да сондай кеңес беремін. Интернет арқылы елімізде жоқ дүниелерде іздеп, нарыққа енгізсе, сұраныс болары сөзсіз. Бірақ бастағанды тастамау керек. Балалық арман болса да, шын жүрегіңмен қолға алынған іс, табандылық, ізденімпаздық табысқа әкеледі. Өз тәжірибем арқылы көзім жетті.

– Ең алғашқы тапсырысыңыз қандай болды?

– Менің алғашқы жобам – жекеменшік балабақша болды. Алланың берген сыйы деп қабылдадым. Тапсырысты алғаннан кейін жақсы жасап шығаратындығыма сенімді болдым және барымды салып жасадым. Тапсырыс берушінің көңілінен шықты. Содан кейін тағы да ұсыныстар түсе бастады. Ойда жоқта елордада тұратын американдық азаматтан тапсырыс алдым. Тапсырыс беруші мен жас болсам да, жұмысты жақсы орындап шыққаныма тәнті болды. Өз студиямды ашып, заңды түрде кәсібіммен айналысуыма кеңес берді. Студиямның атауын да "Aspire design" деп өзі қойды. Жарым мен ата-анам қазақы атауды дұрыс көрді. Өзім де тұңғыш студиямның ұлттық ділмен аталғанын қаладым. Бірақ осы студиямның бастамасына себепкер болып, өзім қалаған кәсібіммен түбегейлі айналысуға жақсы лебіздерімен демеу болған азаматтың сөзін жерге тастағымыз келмей, атауды солай қалдырып, кейін "Гүлмамыр" деп өз есімімді тіркедім. Бірақ алдағы уақытта тағы да өзгеріске ұшырауы ғажап емес.

– Қазір жұмысыңызға сұраныс көп пе?

– Иә, сұраныс өте жоғары. Жекелеген пәтерлер, үлкен ғимараттар, кеңселер, оқу орталықтары, киім, сән салондарын безендіруге тапсырыстар аламын.

– Суреттеріңізге қарап, қызығып отырмын. Мұның барлығын алдымен қолмен сызасыз ба?

– Дәл солай. Әр үйдің немесе ғимараттың өз ерекшеліктері болады. Ол архитектурасы, жарықтың түсуі, тұтынушының қойылатын талаптары, талғамы тағысын тағы. Осының барлығына зерттеу жасалып, концепциясын, идеясын ойлап табамыз. Эскиздерін әзірлеп, құрылысқа қажетті сызбаларын жасап, альбомға жинақтап береміз. Тұтынушыға ұнаса, шартқа қол қойып, безендіру материалдарын сатып алуға кірісеміз. Есік пен оның тұтқасы, шам, перде, жиһаз, кілем, тұсқағаз және басқа ұсақ-түйектің барлығын өзім таңдаймын. Қазіргі уақытта ұлттық нақышпен сәндеу жақсы үрдіске айналды.

– Оны заманауи үлгіге салып, нарыққа шығарып жатқандар өте көп. Сіз қазақы үлгіде үй безендіріп көрдіңіз бе? Жасатқандар бар ма?

– Тұтас үйді болмағанмен, оның бір қонақ бөлмесін қазақы стильмен – жер үстел, көрпеше, жастық қойып, безендіретіндер көп. Бірақ бәрі де талғаммен жасалуға тиіс. Қазақы үйді XXI ғасырға тұтасымен қайта оралта алмаймыз. Сондықтан заманауи стиль мен ұлттық нақыштың кейбір элементтерін шебер астастыра білген дұрыс. Мәселен, мен киіз үй элементтерінің тек пішінін, түсін, өрнектерін аз-аздан қолдана отырып, жалпы ұлттық нақыштар арқылы қазақы атмосфераны беруді жөн көремін. Және қазақ дегенде бірінші кезекте ойымызға ою-өрнегіміз келеді. Сондықтан, көбінесе оны тек көрпе, жастықтан емес, қабырғаға, пердеге қосып, киіз үйдің ішіндегі қалыпты жасауға тырысамын. Бұндай безендіру – балаларға үлкен үлгі. Себебі, мұндай үйде өскен бала тарихын құрметтеп, салт-дәстүрін мақтан тұтады. Қазақылықтан алысқа кете алмайды.

– Гүлмамыр ханым, жұмысыңызға табыс тілеймін, көп рақмет!

Сұхбаттасқан Рахила Бекназарқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу