Ғылымның жасарғаны жалған, қартаң ғалымдар ғана қалды

2872

Білім және ғылым министрлігі ащы шындықты мойындады.

Ғылымның жасарғаны жалған, қартаң ғалымдар ғана қалды

Мемлекет басшысының бастамасымен, ғылым саласында түбегейлі реформалар қолға алынды. Тиісті тапсырманы Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген болатын.

Салада реформа бұрыннан жүргізілуде. Енді министрлікке 2025 жылға дейінгі Білім беруді және ғылымды дамытудың мембағдарламасында жоспарланған реформаларды қайта қарау жүктеліп отыр. Себебі, алдағы жылдары білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өседі. Мәселен, тек жас ғалымдардың жобаларына ғана жалпы құны 3 миллиард теңге шығындалатыны айтылды.

Алдағы 5 жылда ғылымды қаржыландырудың жыл сайынғы көлемі ЖІӨ-нің 1%-ына жеткізіледі. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2020 жыл қорытындысында 70,1 триллион теңгені құрады. Демек, 2025 жылға қарай ғылымға жыл сайын 701 миллиард теңге құйылмақ. 

Бірақ осынша ел қаржысы Қ.Тоқаев айтқандай, ешкім оқымайтын, еш жерге жарамайтын зерттеусымақтарға жұмсалып кетуі ғажап емес.

Зерттеу жүргізіп, оны коммерцияландыруды озық елдердегі әріптестерінен үйренуі үшін ел Үкіметі жыл сайын 500 ғалымды жаһандық жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге жолдайды. Әйткенмен, бұл үшін шет тілдерін білетін сонша ғалым табу қажет. Ол оңай шаруа болмайтынға ұқсайды. Өйткені қазақстандық ғылым "қартайды".

"Соңғы 5 жыл бойы барлық санат бойынша ғылыми қызметкерлер саны қысқаруда. Бұған ғалым кәсібінің әлеуметтік мәртебесінің, маңызы мен беделінің жоғарылағаны да, елде ғалымдардың кәсіби өсу перспективасының өрістегені де тосқауыл бола алмады. Бұл құбылысқа бірнеше себеп бар. Қартайған ғалымдар өмірден өтуде. Қалған мамандардың жасы негізінен 55–65 аралығында және одан жоғары. Жас мамандар ағыны тоқтады. Ғылыми ұйымдар жас ғалымдар үшін тартымды орта қалыптастырмайды. Сондықтан жасы 55-тен асқан зерттеушілер үлесі артып барады", – дейді БҒМ. 

Бұл байлам министрлік әзірлеген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы жобасының тұжырымдамасына өзек болды.

Ведомство дерегінше, ғылым саласындағы жалақы төмен: орташа есеппен республика бойынша 150 мың теңгеден шамалы асады екен.

Рас, олардың ішінде өнертапқыштары, әбжілдері, билікке сыйлы әрі сөзі өтімділері ғылыми зерттеуіне және жобасына қомақты грант ала алады. Бірақ сол қайтарымсыз қаражат жобаны аяқтауға және өмірге енгізуге жетпей жататын көрінеді. Оның үлкен бөлігін инфляция жеп қояды.

"Ғылыми зерттеулердің басты бір проблемасы – бекітілген қаржыландырудың құнсыздануы. Себебі, қаржы сомасы 3–5 жылға дейін созылатын жобаның бастапқы кезеңінде белгіленеді. Мәселен, 2015–2019 жылдар аралығында базалық инфляцияның өзі 31%-ға жетті. Қажетті құрал-жабдықтардың заманауи қондырғылар мен аспаптардың жоқтығы, негізгі қорлардың физикалық және моральдық тозуы ғылыми зерттеулердің сапасына теріс әсер етеді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын ұйымдарда құрал-жабдықтардың 40%-ының тозығы жеткен. Ал жаңару коэффициенті 20%-дан аспайды", – деген министрлік ескі жабдықта жасалған дүние нарықта бәсекеге қабілетті бола бермейтінін ескертті.

"Неге біздің әлі күнге отандық "айфонымыз" (жоғары технологиямыз) жоқ?" деген сауалға шенеуніктер мен ғалымдардың жауабы осы.

"Бөлініп жатқан қаражатттар қаптаған ұйымдар арасында шашыра үлестіріледі де, бұл ғалымдарға құны қымбат прецизиялық құрал-жабдықтар, аспаптар мен құрылғылар сатып алуға мүмкіндік бермейді. Кемеліне келтірілген заманауи жабдықтарды пайдалану мүмкіндігі берілсе, бұл отандық ғылыми жұмыстардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырар еді", – дейді БҒМ.

Өз кезегінде министр жағдайдың өзгеретініне сенімді.

"Ғалымдардың шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуіне қаражат бөлінеді. Қазір бюджет нақтыланып жатыр. Республикалық бюджеттік комиссия бұл шығындарды алдын ала қолдады. Осы жылдан бастап жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді деп жоспарлап отырмыз. Ғылыми-зерттеу институттарының базасын күшейту жөніндегі тапсырма да іске асырылып жатыр. Өткен жылы 23 ғылыми ұйымға 2,8 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржыға олар заманауи зертханалық кешендер мен қажетті жабдықтарды сатып алды. Биыл және келесі жылдарға арналған бюджетте де осы мақсаттарға қаражат көзделді", – дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

2021 жылы ғылыми ұйымдар қымбат жабдықтар сатып алуы үшін бюджеттен бөлінген қаражат 3,8 миллиард теңгеге дейін көбейтілді.

Сарапшылар тағы бір мәселеге назар аудартады: ғылыми ұйымдардағы жалақы аз болғандықтан, ғалымдар шетінен оқытушы-профессорға айналып кетті. Бұл үрдіс алда тек үдей бермек.

Себебі, БҒМ 2021 жылдың қыркүйегінен бастап штаттағы оқытушылар үшін ең төменгі жалақы мөлшерін көтергелі жатыр. Яғни, биылғы қыркүйектен бастап, БҒМ-ге бағынышты жоғары оқу орнында штаттағы оқытушы айына кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге, профессор – 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алатын болады. Бұл – жалақының ең төменгі мөлшері, яғни одан да жоғары болуы мүмкін. Сондай-ақ әр ЖОО оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін төлейді.

Ғалымдардың оқу процесіне ауып кетуінде тұрған зиян жоқтай, керісінше, пайдасы молдай көрінеді. Ғылым мен білімнің ықпалдасуынан шәкірттер – болашақ ғалымдар мен мамандар ұтады.

Алайда мұның ғылым үшін залалы бар: салдарынан, ғалымдардың ғылым саласында еңбек ету коэффициенті Қазақстанда бар-жоғы 0,69-ды құрайды. Яғни, ғалымдарымыздың біразы ғылыммен 8 сағат та айналыспайды, оған "қалдық сипатта" көңіл бөледі.

Министрлік дерегінше, отандық ғылыми қызметкерлер ғылымға жұмыс күнінің үштен екісін бөледі. Бұл да әрине, аз. Соның кесірінен, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесі құлдырайды.

Жалпы, жаңа заң жобасының жаңалықтары жетерлік. Мысалы, ірі ғылыми зерттеулер жүргізу және жаңа ғылыми мектептерді қалыптастыру үшін "мега-гранттар" бөлінеді. Алда оның ұғымын – заң, ал сомасын – министрлік айқындайды. Егер ғылымға 700 миллиард теңге тасқындай құйылса, ғалымдар мега-грантқа қарық болуы ықтимал.

Жас ғылым докторларын елде ұстап қалу және олардың әлеуетін арттыру үшін консорциумдарда, ЖОО-лар мен ғылыми ұйымдарда постдокторантура бағдарламалары ашылып, гранттар бөлінеді.

Қазақстанда ғылыми-техникалық жобаларға арзан несие беру бастамасы да қолға алынады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу